Шайырлар еліндегі ілкімді істер

Жүз шайыр шыққан Қармақшы өңірінің бүгінгі әлеуеті әлденіп, келбеті кемелденіп келеді. Бір емес, бірнеше саланы жолға қойып, жүйелеген ауданда атқарылған істер расымен ауқымды. Сандар да, статистика да соны меңзейді. 
Жалпы, Қазақстан аграрлы ел ретінде барлық облыс көлемінде ауыл шаруашылығы индустриясы жақсы дамыған. Тіпті, тұрғындардың тіршілік көзі мен табысы да аграрлы өндіріске келіп тіреледі. Біздің облыс аудандарының да бұл салада жеткен жетістіктері жетерлік. Оған дәлел Қармақшы ауданында ағымдағы жылдың көрсеткішімен егіс көлемінің 2017 гектарға, күріш көлемінің - 184, мал азықтық дақылдардың - 612, жаңа жоңышқаның - 557, бақша дақылдарының - 8, көкөністің - 46 және мақсары дақылының 638 гектарға көбеюін айтсақ та жеткілікті. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте аудан әкімі Сұлтан Мақашов баяндады.
– Аудан диқандарының ала жаздай еңбегі ақталып, 14209 гектар күріштің әр гектарынан 59,5 центнерден өнім алынды. Қамбаға 84543 тоннадан астам Сыр маржаны құйылды. Бұл егемендік алған жылдардың ішіндегі ең жоғары көрсеткіш болып отыр. Ал ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 6 млрд 837 млн теңге болып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 100,4 пайызды құрады, - деді аудан басшысы.
Айтқандай, мемлекет мал басын көбейту мақсатындағы жұмыстарға да мейлінше мүмкіндік жасаған. Мемлекеттің мұндай мүмкіндігін тиімді пайдаланған аудан тұрғындары «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағдарламалары аясында бірталай жұмысты бастап кетті. Атап айтқанда, «Сыбаға» бағдарламасымен аудандағы 5 шаруа қожалығы 42,1 млн теңге несие алды. Сонымен қатар өз қаражаттары есебінен 4 шаруа қожалығы қазақтың ақбас асыл тұқымды бұқаларын алып, тұқымдық түрлендіру мақсатында жұмыс атқарып келеді. Ал есепті мерзімде 233 бас аналық сиыр, 10 бас бұқа сатып алынып, жоспар 88,9 пайызға орындалған.
Аймақтың білім, денсаулық, спорт салаларындағы әлеуеті де айтарлықтай жоғары. Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуында да мін жоқ. Өздеріңізге жақсы таныс «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында 60 маманға тұрғын үй сатып алуы үшін 186,0 млн теңге несие берілген. Шағын және орта кәсіпкерліктің даму динамикасы да бөтен емес. Осыдан тура бір жыл бұрын «Ақтөбе и К» ЖШС-нің «Өнімділігі жылына 1500 тонна құс фабрикасы» 2016 жылы Өңірлер кәсіпкерлігін дамыту картасына енген еді. Қазіргі уақытта құс фабрикасының құрылысы басталып, алғашқы іргетасы қаланып үлгерді.
Қазір облыс аумағында құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Оны көзімізбен көріп отырмыз. Құрылыс нысандары салынып, өндіріс көлемі де айтарлықтай ұлғайған Қармақшы ауданының инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымы да ауыз толтырып айтарлықтай. «Жол – тіршіліктің күретамыры». Ал аудан батыс пен шығысты байланыстырған жол торабының нақ дәлізінде орналасқан. Демек, транспорт жолдарының жақсаруы тіршіліктің оң дамуына әсер етпей қоймайды. Осы мақсатта автокөлік жолдарын күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына аудандық бюджеттен барлығы 100,6 млн теңге қаралып, бүгінде тиісті жұмыстар жүргізілу үстінде.
Жоғарыда сөйлеткен сандар ауданның толымды тіршілігін толық көрсетпейді. Тұрғындардың бүгінде тұрмысы түзелген, ауызсу, газ, абаттандырылу жұмыстары мен әлеуметтік мәселелердің де мәйегі мәнді етіліп келеді. Яғни, жоспар жүйелі, нәтиже бар. Тек аудан халқы ауызбірлішіктен ажырамай, алдағы уақытта да абырой биігінде болсын деп тілейміз.
ҚОҒАМ 16 қараша 2017 г. 738 0