РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ НЕГІЗІ – ТАРИХИ САНА

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Мен хал­қым­ның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан ар­қауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» – деп ұлттық сана туралы ойын білдірген болатын.

Ұлттық тарихи сананы өскелең ұрпақтың бойына қалыптастыруда білім беру мекемелері мен тарихшы мамандардың маңызы зор. Бұл үшін бүгінгі таңда мемлекет тарапынан мол мүмкіндіктер туып отыр. Кеңес дәуірінде ұлттық мүддеге мән берілген жоқ. Өткен тарихқа ескі салттың, көне ағымның қорғаны деген атаулар берілді. Ұлт мәселесіне деген біржақтылық үстемдік саясатында шовинистік дәстүр етек алды. Халық болмысына таптық көзқарас пен әкімшіл-әміршіл тұрғыдан баға беру, партияның біржақты идеология мен тоталитарлық қысымды енгізуі ұлттық тарихымызды бұр­малады. Алайда, еліміз егемендік алғаннан кейін, уақыт өте келе шаң басып қалған «ақтаңдақтар» бірте-бірте ашыла бастады. Ұлттық тарихымыз дамудың жаңа кезеңдеріне көтерілді. Елбасының бастамасымен 1997 жыл – «Жалпы ұлттық татулық пен қуғын-сүргінге ұшыра­ғандарды ақтау жылы» болып белгіленсе, 1998 жыл – «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы», ал 1999 жыл – «Ұрпақтар бірлігі және тарихи сабақтастық жылы», – деп аталды. Осы уақытарда көптеген игі жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, тарихи тың мәліметтер мен сол жүйенің өзі әділетсіз жазалаған ұлттық қайрат­кер­лердің есімдері күллі болмысымен туған халқына қайта оралып, жалпы жұртшылықтың тарихтан сабақ алар нысанына айнала бастады. Бұл игі шаралар әлі де жалғасын табуда.

Мемлекеттік тілді реформалау сая­саты Тәуелсіз еліміздің тари­хын­дағы ерекше қадам деп айтуға болады. Сонау 1929-1940 жылдар аралығында елімізде латын әліпбиі қолданылғаны белгілі. Сол кездегі мұрағат деректері, мерзімді басылымдар осы әліпби негізінде сақталған. Демек, бұл қадам рухани жаңғыруымыздың бастамасы деп қабылдауымыз керек. Қоғамның талқысынан өтіп, қолданысқа енетін жаңа әліпбиіміз 2025 жылға дейін әзірлік жұмыстарын жүйелі түрде жүзеге асырыла бермек. «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ғалымдары мен оқытушылары латын әрпіне көшу туралы халық арасында түсіндірме,  насихаттау шараларына белсене араласуда.

Қазіргі таңда «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалар – ұлтымызды, яғни барша қазақстандықтарды ХХІ ғасырдың талаптарына даярлаудың қамы екенін Елбасы ерекше атап көрсетті.

Үш тілде білім беруге байла­нысты филиалда 470 және 640 сағаттық жаратылыстану; физика, химия, биология және информатика мұғалімдерін ағылшын тілі пәнінде сабақ беруге дайындайтын курстар жүргізілуде.

Институттың педагогтерге арналған біліктілік арттыру бағдарламасына «Цифрлы Қазақстан», «Электронды үкімет» тақырыптарында оқу-әдістемелік жоспар жасалып, барлық курстарға екі сағаттан міндетті дәріс енгізілді.

Әлемге өзімізді танытудың тағы бір мүмкіндігі, Қазақстан тарихы туралы мәліметтерді насихат­тайтын интернет ресурстардың көбейгені жақсы үрдіс деп санауға болады. Өйткені, ақпарат көздері жылдам дамып бара жатқан қоғамда әлем жұртшылығы күнделікті интернет жаңалықтарын қалт жі­бермей бақылап отырады. Осындай ақпараттар ағынына еліміз туралы сапалы, маңызды ақпаратты қосуымыз керек. Бұл ақпараттар қазақ, орыс және ағылшын тілдеріне де аударылуы тиіс.

Қазіргі қоғамда біз өскелең ұрпаққа әрбір тарихи оқиғаны өз деңгейінде таныстырып, жан-жақты насихаттауымыз керек. «Мәңгілік ел» идеясын одан әрі дамыту, жалғастыру кезек күттірмейтін шаралардың бірі деп қабылдауымыз қажет. Ұлттық мүддені дәріптейтін маңызды мәселелерді жас ұрпақтың санасына қазірден бастап сіңіруіміз керек. Еліміздің аса бай тарихын жан-жақты насихаттау тарих пәні мұғалімдерінің негізгі жұмыстарының бірі болуы міндетті.

Бұл өзекті мәселелер қазақ халқының ұлттық санасындағы бірлігімізді сақтау үшін және қазақстандықтардың тарихи санасының қалып­тасуы үшін маңызды.

С.СЕРІКБАЕВ, 

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы 

Қызылорда облысы бойынша ПҚ БАИ директорының 

орынбасары, тарих 

ғылымдарының кандидаты.

ҚОҒАМ 16 қараша 2017 г. 1 126 0