АҒАШ ШЕБЕРІ

 Пахраддин Садықов – ағаш шебері. Қолынан қоңыр үнді домбыра, қобыз аспабы, малдың сүйегінен, мүйізінен дайындалған кәдесый да шыққан. Ағаштың түбірін кәдеге жаратып отырған оның бұл еңбегі көпке үлгі. Себебі, Пахраддин аға тек ұлттық нақыштағы бұйымдар жасайды. Мақсаты біреу ғана – киелі де бірегей ұсталық кәсіпті дамыту.
“Тақыр жерге шөп шықпайды”. Кейіпкермен тілдесу барысында оның арғы аталары ұсталықпен айналысқанын, қолөнерге бала кезінен ынта қойғанын аңғардық. Өсе келе ол ағашты кесіп-жонып, күйдіріп, небір туындылар жасауға кірісіпті. Қазір де ұстаханасында сүйікті ісін серік етеді. Жан-жағының бәрі толған ағаш, жаңқа. Құрал-сайманның түр-түрі бар. Қабырғаларындағы сөрелерде жартылай аяқталған ағаш бұйымдары, қазақтың ою-өрнегімен көмкерілген дүниелер толып тұр. Жұмыс істейтін ағашы негізінен, қайың, жаңғақ, қарағай екен.
– Халқымыздың тұрмыстық заттарды жасау технологиясы айтарлықтай ерекше. Ол мал өсіру мен көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Көптеген өнімдердің үлкен қашықтықта мал айдауға қатысы бар. Мәселен, кезінде жақсы ер-тоқым бағаланған. Оның дайындалуына терімен қапталатын ағашты негіз пайдаланған. Барлық жиһаз бен ыдыс та оның жеңіл әрі мықты түрлерінен жасалған. Сонымен қатар ұлттық аспаптарды жасауда да ағаш қолданылады. Бірақ, бұл материалмен жұмыс істеу оңай емес. Көркем бұйымдар жасайтын ағаштар табыла бермейді. Кейбір ағаштарды жеті жыл көлемінде кептіру керек. Бірақ, көпжылдық тәжірибемде ебін тапсаң, бәріне қол жеткізуге болатынына көз жеткіздім. Бүгінде тұтынушыларымның қатары қалыптасты, халықты әрдайым жаңа дүниелермен таңғалдыруға асығамын, – дейді кейіпкеріміз.
Асқан төзімділікті, ептілікті талап ететін өнерде 30 жылдан бері шыңдалып, қолтаңбасы қалыптасқан шебердің атқарғаны көп. Оның бұл ісі елеусіз қалмағанына да қуаныштымыз. Себебі, ол бұған дейін “Қорқыт және Ұлы Дала сазы” фес¬ти¬валінде, “Қолөнер – мол өнер” байқауларында жүлделі орындарды қанжығаға байлаған. Жалпы, Пахраддин Садықов секілді шеберлердің қайталанбас дүниелеріне қарап, мұндай өнімдердің тұтынушысын табарына шүбә келтірмейсіз. Оның үстіне қазір ағаштан жасалған бұйымдар, күнделікті қол¬даныстағы ыдыстың өзі экологиялық жағынан таза болып келеді. Ұлтымыздың ұлылығын паш ететін туындыларға сұраныс едәуір артуда. Шеберлер де үздіксіз ізденістен жалықпақ емес.
Мөлдір ҚАЛЫМБЕТ.
ҚОҒАМ 16 қараша 2017 г. 1 632 0