Мемлекеттің басты байлығы – адам десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі. Елбасымыз ел дамуының ұзақмерзімді стратегиясында халық денсаулығын сақтауды басты бағдар ретінде қарастыруының себебі де осы. Алайда, бүгінде дерттің түрі көп. Заман жақсарып, техника дамып, мүмкіндіктер молайып жатса да, көбісінің дауасын таба алмай дал болудамыз. Солардың бірі – АИТВ/ ЖИТС, яғни, ВИЧ/СПИД ауруы.
ХХ ғасырдың індеті атанған ВИЧ/СПИД, яки, адамның иммунитет тапшылығының вирусы және жұқтырылған иммунитет тапшылығының синдромы төңірегіндегі қорқыныш уақыт өткен сайын үдей түсуде. Шипасы табылу былай тұрсын, жыл сайын оның шырмауына миллиондар шырмалуда. Өрімдей жастар, неше бір тағдырлар тажал құрбанына айналу үстінде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегі бойынша, эпидемия белең алғалы бері 65 млн-нан астам адам осы вирусты жұқтырса, 25 млн-нан астамы ғасыр тажалының тұзағына түсіп, көз жұмған. Аталған індетті әлем бойынша күніне 24 мың адам жұқтырса, оның 7 мыңы осы аурудан қайтыс болады екен. Ал, БҰҰ ЖИТС әлемдік аумақта адам өлімінің себепкері ретінде төртінші орын алатынын мәлімдейді. Ендеше, атынан ат үркетін тажал тарихы қайдан басталған? Жалпы, дауасы жоқ дерт туралы не білеміз?
Мәліметтерге жүгінсек, ЖИТС (СПИД) ауруының алғашқы оқиғасы 1981 жылы АҚШ-та гомосексуалистер арасында тіркелген. Алғашқы жылы ауру жеті адамнан табылса, келесі жылы олардың саны 166-ға жеткен, әрі қарай ауру көрсеткіші жарты жыл сайын 2-3 есеге көбейе бастайды. Мәселен, 1984 жылы ауруға шалдығушылар саны 7000 болса, 1985 жылы бұл көрсеткіш 20 мыңға бір-ақ секіріп, олардың 50 пайызы «о дүниелік» болып үлгереді. 1982 жылы алғаш рет СПИД термині пайда болды. 1983 жылы француз Л.Монтанье мен американдық Р.Галло ауру қоздырғышы туралы мәлімет айтып, оған ВИЧ деген атақ тағылды. Ал 1986 жылы бүкіл дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы СПИД ауруына төмендегідей түсінік берді. Бұл ауру адамдардың HIV вирусы жұғуынан ағзада туатын иммунитет функциясының кемдік ауруы, әсіресе, жасушаның иммунитет қызметінің бүлінуі, Т4 лимфа жасушасының азаюын негізгі белгісі еткен жалғасты инфекциялану болып табылады. СПИД-тің жұғу жолдары да әртүрлі. Солардың ішінде жыныстық қатынас арқылы жұғу ең басты жұғу жолы болып табылады. Сонымен бірге қан арқылы да тарайды. Яғни, СПИД ауруының вирусы бар кісілердің қаны арқылы немесе қан жасамаларын құюдан, сондай-ақ, анадан балаға жұғады. Нақтырақ айтқанда, СПИД ауруымен ауырған немесе тасымалдаушы жүкті әйел індетті іштегі балаға жұқтырады және балаға ана сүтімен беріледі.
АИТВ/ЖИТС – бүгінде барлық елдің үрейін ұшырып, қоғам назарын аударып отырған басты медициналық, әлеуметтік әрі саяси мәселелердің бірі. Аталған қауіпті дерт біздің еліміз үшін де үлкен қорқыныш тудырып отырғаны жасырын емес. «Құлақ естігенді, көз көреді» демекші, деректер Қазақстанда алғаш сырқат 1987 жылы анықталғанын айтады. Сонан бері олардың қатары да біршама артты. Мәселен, бүгінгі күні республика бойынша ВИЧ жұқтырып, тіркелгендер саны 29201 адамды құрап отыр екен. Олардың 29,8 пайызын иньекциялық есірткі тұтынушылар құраса, 62 пайызын жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар құрауда. Жұқтырғандардың 61 пайызы ерлердің үлесінде болса, 39 пайызы әйелдер.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, елімізде қазақстандықтардың саулығын сақтау мақсатында түрлі бағдарламалар қабылданып, ауқымды шаралар атқарылуда. Бұл орайда, әрине, аталған дерттің жолын кесуге қатысты да бірқатар шаралар жолға қойылған. Десек те, мамандар біздің елімізде АИТВ жұқпасының індеттік ахуалы жылдан жылға күрделеніп бара жатқандығын айтып дабыл қағуда. Қазіргі кезде елімізде ЖИТС-тен қорғану жұмыстарын атқаратын 18 орталық, 64 зертхана бар. Олардың жұмыс бағыттары біріншіден, вирус жұқтырған адамдарды іздестіру болса, екіншіден, науқасты дәрігерлік бақылауға алып, вирустың әрі қарай дамуына жол бермеу. Дүниежүзін жайлаған дерттен өзге аймақтар секілді Сыр елінің де сырт қалмай отырғанын сала мамандары жасырмайды. Осы орайда «ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес» жөніндегі облыстық орталығы қызмет көрсетуде.
Қала орталығында орналасқан бұл ғимарат сырт көзге тып-тыныш, елеусіз ғана көрінеді. Ал ішіне бас сұғып, мамандармен тілдескен адам мұндағы күрделі де қауырт тірлікке қанығар еді. Себебі, аты жаман аурудың алдын алу, оның тұзағына түскен әрбір жанның ертеңі үшін күресу шын мәнінде оңай жұмыс емес. Тіпті өз өмірлерін қатерге тігіп, күндіз-түні сырқат жанның ем алуы үшін алысып жүреді мұндағы мамандар.
1992 жылы негізі қаланған бұл орталықта емдік көмек, эпидемиологиялық бақылау және зертхана бөлімдері жұмыс жасайды. Сонымен бірге, Қазалы және Шиелі аудандарында орталықтың филиалы бар. Онан өзге психологиялық көмек көрсететін кабинеттер бар. Мамандардың мәліметтеріне сүйенсек, Қызылорда облысында ВИЧ/СПИД оқиғасы анықталған сәттен бері тіркелгендер саны – 120 адам. Жұғу жолдары бойынша 120 адамның 33-і иньекциялық есірткі тұтынушы, 74-і жыныстық қатынас арқылы жұқтырғандар. 2017 жылдың 9 айында 17 адамнан АИТВ инфекциясы анықталған. Олардың 11-і ер адам болса, алтауы әйел. Бұлардың ішінде 15-і жыныстық жолмен жұқтырса, екеуі гомосексуалды қатынас арқылы ауруға тап болған. Жас топтарына қарай бөлетін болсақ, 20-29 жас аралығындағылар – алтау, яғни ауырғандардың 35,2 пайызын құрайды, 30-39 жастағылар бесеу, ол 29,4 пайызды көрсетуде, 40-49 жастағы төртеу, 23,5 пайызды құрап отыр. Өткен жылы облыс бойынша 11 адам тіркелген болатын.
Емдік көмек бөлімінің меңгерушісі Шолпан Өтегенованың айтуынша, науқастардың медициналық ем алуына барлық жағдай жасалған.
– Қазіргі таңда емдік көмек бөлімінде 71 науқас диспансерлік есепте тұрады. Оларға клиникалық белгілеріне, ауру сатысына қарай бақылау жүргізіледі. Егер науқаста АИТВ инфекциясының бірінші, екінші клиникалық сатысы болса, онда оған жарты жыл сайын диспансерлік бақылау, жүргізіледі, яғни, түрлі зертханалық зерттеулер, қажетті тексерулер жүргізіледі. Егер науқаста аурудың үшінші, төртінші сатысы болса, онда тоқсан сайын тексеру жүргізіледі. АИТВ инфекциясымен есепке алынған науқас өмір бойы есепте тұрады. Өйткені, вирус адам бойында жоғалып кетпей жүре береді. Қазір АИТВ жұқтырғандарға жоғары активті антиретровирусты ем қолданылады. Ем арқылы науқастың ағзасында вирустың көбеюі тежеледі, аурудың асқынуы тоқтайды. Соның нәтижесінде АИТВ жұқтырғандардың өмір сүру мүмкіндігі жақсарады, өмір жасы ұзарады,– дейді Ш.Өтегенова. Сонымен қатар білікті маманның айтуынша, АИТВ жұқтырғандарға медициналық көмек көрсетуде психологиялық көмектің маңызы зор.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, АИТВ/ЖИТС аурулары жыл өткен сайын белең алып, оны жұқтырушылар саны кемігені былай тұрсын, асқан жылдамдықпен артып отырғаны дерек көздерінен белгілі болуда. Оның себебі, дерттің нақты дауасының әлі күнге дейін табылмай отырғандығында. Сондықтан мамандар алдында тұрған нақты міндет – аурудың алдын алу, оның адам өміріне келтіретін қасіретін, кері әсері мен зиянын тұрғындар арасында кеңінен түсіндіріп, аурудан сақтануға үндеу болып табылады. Осы мақсатта орталық мамандары түрлі бағыттарда жұмыстар атқаруда.
«Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде» деген халқымыздың нақылын ескерген мамандар ең алдымен аурудың алдын алу, онымен күресті басты мақсат етуде.
– Бұл орайда түрлі шаралар ұйымдастырып, өткізу жолға қойылған. Мәселен, 1 желтоқсан – Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күні деп белгіленіп, осының аясында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Бүгінгі таңда біздің елімізде аталған індеттің алдын алу үшін білікті мамандар, дәрі-дәрмектер, құрал-жабдықтар жеткілікті. Алайда, тажалға қарсы тұруға байланысты тұрғындардың білімін көтеріп, олардан сақтануға арналған ақпараттық-насихаттық жұмыстарды жандандыру мәселесі күн тәртібінен түспек емес. Жалпы, ЖИТС орталығының жұмысындағы басым бағыттардың бірі – мінез-құлқы қатерлі, яки, АИТВ жұқтыруға бейім топтар (инъекциялық есірткі тұтынушылар, жыныстық қатынас қызметкерлері, ерлермен жыныстық қатынас жасайтын ерлер) арасында профилактикалық шараларды күшейту. Осы орайда облыс орталығында мінез-құлқы қатерлі топ өкілдеріне арналған достық кабинеті, 2 стационарлық, 1 көшпелі сенім пункті жұмыс жасайды. Бұларда шприцтер, ақпараттық материалдар таратылады,– дейді эпид қадағалау бөлімінің меңгерушісі Салтанат Балықбаева.
Сонымен бірге аймақтағы орта, арнаулы және жоғары оқу орындары шәкірттерімен кездесіп, қауіпті дерт жайында ақпарат беріп, аурудың алдын алу бағытындағы насихаттық жұмыстарын жүргізуді орталық мамандары жолға қойған.
Жалпы, біз әңгіме етіп отырған АИТВ/ЖИТС ауруларының вирусы нақты қайдан, қалай келгені жөнінде мәліметтер өте көп, клиникалық даму барысында да түсінбейтін дүниелер баршылық. Белгілісі, жоғарыда айтып өткеніміздей, осы уақытқа дейін ағзаны вирустан толық тазартатын дәрілердің, алдын ала егетін вакцинаның табылмай отырғаны. Ендеше, адамзат ғұмырына қауіпті індеттен сақтану бір ғана мекеменің немесе белгіленген бір ортаның ғана ісі деп қарамай, бүкіл әлем жұртшылығы болып жұмыла атқаратын шаруа екенін әрқайсысымыз қаперімізден шығармасақ болғаны.
Айнұр БАТТАЛОВА.