Аймағымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай өзіндік үлесін қосып келе жатқан Жаңақорған ауданындағы Түгіскен алқабының ашылғанына жарты ғасырдан астам уақыт болса, сол өлкеде құрылған жеті ірі шаруашылықтың бірінің орталығы – Қожакент ауылына 50 жыл толғандығын ауыл тұрғындары үлгілі тойлады. Өткен аптаның жұмасы күні басталған той ертеңіне де жалғасты.
Тың даладан ірге көтерген аталған ауылда қазіргі кезде бес жүзге тарта түтін болса, оларда үш мыңға таяу халық тұрады. Ауылдық округте 2 мектеп, 90 және 50 орындық екі балабақша жұмыс істейді. Ауыл емханасы мен аурухана халыққа қызмет көрсетсе, 220 орындық мәдениет үйі, кітапхана мен пошта байланыс бөлімшесі елді мекеннің сәні. Кейінгі жылдары 150 орынға арналған мешіт үйі салынды. Орта және шағын кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында 70 ауыл тұрғыны жеке кәсіпкерлікпен шұғылданады. Ауыл шаруашылығы өнімін өндіретін 4 іріленген ауылшаруашылық өндірістік кооперативінің құрылуы соңғы екі жылдың жемісі. Үкіметтің «50 ауыл» бағдарламасы бойынша «Миялы» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне мүше 31 ауыл тұрғыны жалпы көлемі 91 млн теңгеге 613 бас ірі қара малға несие алды. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша 4 ауыл тұрғыны 15 млн теңге несие алып, мал бордақылау кәсібімен айналысуды бастаған болатын. Биыл ауыл диқандары 1600 гектарға күріш егіп, ауылдың 50 жылдығы құрметіне орташа 50 центнерден өнім алуға қол жеткізді.
Ауылдың ірге көтергеніне 50 жыл толу мерекесі Мәдениет үйіндегі ақындар айтысынан бастау алды. Танымал айтыс ақындары Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұров пен Әбілқайыр Сыздықовтар көрші облыстан шақырылған ақындармен сөз сайысына түсіп, аймақтың бүгінгі оң ахуалы мен елді мекеннің бүгінгі келбетін әдемі айшықтады. Сөз сайысын танымал сықақшы Көпен Әмірбеков жүргізіп, арасында Өзбекстаннан арнайы шақырылған сатирик Балтабай Тәжіметов қыран-топан күлкі сыйлады.
Мерейтойға жиналған жұртшылық ертеңіне ауыл келбетімен танысты. Және де осы ауыл тумасы, қоғам және мемлекет қайраткері Исатай Әбдікәрімовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, естеліктер айтты. Шаруашылықты ұзақ жылдар басқарған Әсет Шомановтың сөзіне ұйыды. Содан соң сахна төріне көтерілген ауыл әкімі Асыл Айтжанов баяндама жасаса, жазушы Көпен Әмірбеков, қоғам қайраткері Нажмаддин Мұсабаев және басқалар құттықтау сөздерін арнады. Еңбек озаттарына арнайы сыйлықтар тапсырылды.
Мерекеде Қызылорда облыстық филармониясына қарасты «Ақмешіт» фольклорлық ансамблінің өнерпаздары концерт қойды. Спорттық жарыстар өткізіліп, жеңімпаздарға бағалы жүлделер берілді. Салтанатты шара соңында тігілген ақшаңқан үйлерде ас берілді.
Н.НАЗЫМХАНҰЛЫ.
Жаңақорған ауданы.