Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 84-қадамын жүзеге асыру мақсатында әлеуметтік-адрестік көмектің тиімділігін жақсарту үшін өткен жылы облыста «Өрлеу» қанатқақты жобасы қолға алынған болатын. Жобаға аудандар мен Қызылорда қаласы тұрғындары қамтылып әлеуметтік көмекті келісім негізінде алды.
Кірісі төмен, еңбекке қабілетті азаматтарды жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу мақсатында қолға алынған республикалық «Өрлеу» шартты ақшалай көмек көрсету жобасына бюджеттен 37 млн теңге қаржы бөлінді. Оның 26 млн теңгесі 839 адамға тағайындалған. Жоба аясында кедейлік шегінде өмір сүретін отбасылардың саны 0,2 пайызға дейін төмендеді. Осы мақсатта Сырдария ауданында атқарылып жатқан жұмыстарды саралауға Өңірлік коммуникациялар қызметі БАҚ өкілдеріне баспасөз турын өткізді.
Сырдария ауданында былтырғы жылдың басынан бастап «Өрлеу» жобасы енгізілді. Қазіргі таңда жанұясында 255 адамы бар 42 отбасы жобаға қатысқан болатын. Оның ішінде еңбекке қабілетті 46 мүшесі бар отбасы жұмыспен қамтылып, шартты атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткізді.
Бұл жерде айта кететін жайт, «Өрлеу» жобасы шартты және шартсыз болып екіге бөлінеді. Шартты әлеуметтік көмекті алу үшін алдымен жұмыссыздық бойынша тіркеліп, алты ай қоғамдық негізде жұмыс істейсіз. Азаматтарға ақшалай көмек беріліп қана қоймай, оның жұмысқа тұруы үшін көмек көрсетіледі, түрлі қайта даярлау немесе біліктілігін арттыру курстарына жібереді және шағын несие береді. Осылайша, отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуетті ынталандырады.
Ал, шартсыз ақшалай көмекке еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мүмкіндіктері шектеулі адамадардың немесе егде жастағы зейнеткерлердің отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері белгілі себептерге байланысты жұмыспен қамту шараларына қатыса алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі балалары бар жалғыз басты ана) көрсетілетін болады. Мұндай отбасыларға жәрдемақы алу үшін жұмыспен қамту шараларына қатысу міндетті емес.
«Өрлеу» жобасына қатысушылардың бірі Шаған ауылының тұрғыны, көп балалы отбасының иесі Ербол Әблахов. Шартты ақшалай көмекке өтініш білдіргенде балалары жас жанұяның отағасы да, отанасы да жұмыссыз еді. Көмекке жүгіннен кейін екеуі де тұрақты жұмысқа орналасып, мал сатып алып, құс шаруашылығымен айналысуда. Бүгінде құстың басы 100-ден асып, олардың қатарында индюк, индоүйрек, тұқымды тауықтар және үйрек-қаздары бар.
– Келіншегім де, өзім де осы жоба арқылы жұмысқа орналасып, атаулы көмектің арқасында 336 мың теңге алып, кәсібімізді дөңгелетіп отырмыз. Алдағы уақытта құс басын көбейтіп, саудаға шығармақ ойымыз бар. Жаздың күндері сұранысқа орай тауық балапандары 200 теңгеден сатылды. Қысқа қажетті қорасы, жем-шөбі дайын, – дейді Е.Әблахов.
Осындай құс шаруашылығын дөңгелетіп отырған Асқар Тоқмағанбетов ауылының тұрғыны Әсемкүл Ажарова. Екі баласы бар жалғыз басты ана алдағы уақытта тауық санын көбейтіп, ауылды жұмыртқамен қамтамасыз етпек. Осы ауылдың тағы бір тұрғыны Сахыбекова Зульфия болса «Жұмыспен қамту 2020» бағдарламасы аясында облыстық кәсіпкерлік палатасынан 300 мың теңге қайтарымсыз грантқа ие болды. Бүгінде ауылдан шаштараз ашып тұрғындарға сапалы қызмет етуде. Нәтижесінде материалдық көмекке ғана қарап отырған отбасылар тұрмысын жақсартуға белсене кірісіп, мемлекет көмегіне байланбай өзі табыс тауып отыр.
Сырдария ауданында ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру жоғары деңгейде жүзеге асуда. Оның дәлелі, Ақжарма ауылындағы «Ынтымақ» кооперативі. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы 72 млн теңге алып, ірі қара малын өсіруді әрі бордақылауды қолға алған. Жергілікті кәсіпкер Берік Қожахметов төрағалық ететін кооператив құрамында 26 отбасы мүшелікке тұрған. Барлығы да ұжым аясында бірігуге келісім жасасқан азаматтар мал бордақылап, ауыл-аудан халқын етпен қамтамасыз етіп отыр.
Ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған» бағдарламасының бірінші бағыты бойынша толайым жұмыстар атқарылуда. Яғни, жұмыссыз азаматтар техникалық немесе кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз етіліп келеді.
Бұл бағыт бойынша, 105 азамат білім алып жатыр. Оның ішінде 25 адам кәсіптік оқуға, 80 адам еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта даярлаудан өткен. Оқу курстары Сырдария аграрлық техникалық колледж базасында және «Отан» республикалық қоғамдық бірлестігінің «Қызылорда облыстық кәсіби-техникалық оқу орталығының» аудандық филиалы арқылы жүргізіліп келеді. Жоспарға қосымша 100 адамды оқыту көзделіп, бүгінде олар бес мамандық (шаштараз, массаж жасаушы, дәнекерлеуші, фермер және аспазшы) бойынша аталған оқу орталықтарында оқып жатыр.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
Сырдария ауданы.