Ұзақ жылдардан бері байланыс құралы ретіндегі өз маңызын жоймай келе жатқан «Қазпошта» АҚ-ның Қазақстанның ішкі-сыртқы байланыс саласында алар орны ерекше.
«Қазпошта» акционерлік қоғамы – бұл еліміздегі Ұлттық почта желісінің жалғыз операторы, сондай-ақ халықаралық пошталық хат-хабарлар мен почта жөнелтімдерін жеткізуді іске асыратын бірден-бір компания. Қазпошта 1992 жылдан бері Дүниежүзілік Пошта Одағының (UPU) мүшесі. Сонымен қатар, дүниежүзілік EMS кооперативінің құрамына кіріп, Қазақстандағы EMS жөнелтілімдердің операторы болып табылады.
Қазіргі таңда ел бойынша 3 400 бөлімшелері, 14 облыстық, оның ішінде 4 республикалық маңызы бар филиалдары бар компанияда 21 мыңнан астам адам қызмет етеді. Қазпочта — Ресей мен Германия елдерінде өкілдіктері бар ТМД-дағы жалғыз оператор. Жақында Эстонияның «Ээсти Электронпост» АҚ-мен бірігіп іске асырылып жатқан тағы бір тың жобаларының бірі - кешенді инфологистических қызметтерді ұсыну, оның ішінде кез-келген құжаттарды басып шығару, есеп-шоттармен жұмыс, банктік және зейнетақы операциялары, конверттеу және тарату секілді функцияларды атқаратын «Электронпост.KZ» кешенді қызметі оң нәтиже берді. Эстониялық әріптестер тарапынан келіп түскен ұсыныс бойынша Қазпошта қызметкерлері Эстония және Финляндия елдерінде жаңа технологиялармен жұмыс жасауға машықтанып қайтты. Алдағы уақытта да «Қазпоштаның» оқу орталықтарын ашып, мамандардың қабілеттілігін арттыру үшін арнайы жұмыс жасалмақ.
Күн өткен сайын енгізіліп жатқан жаңашылдықтар бұл саланың тынысын кеңейтіп, халық сұранысын арттырып отыр деуге болады. Қазіргі таңда компания ел аумағын тұтастай ғаламтормен қамтып, заманауи технологияларды енгізу арқылы жаңа жұмыстарды қолға алуда.
Қазіргідей арсеналында дамыған инфрақұрылымы мен жүйеленген логистикасы бар халықаралық пошта операторларының пошта нарығына шығуына байланысты бәсекелестік артқан жағдайда босаңсуға болмайтынын ескере отырып, мекеме заман жетістіктеріне дер кезінде ден қойды. Айта кету керек, ұлттық пошта операторы өзінің позициясын күшейтіп, бекіте түсу бағытында материалдық-техникалық базасын жетілдіру және пошталық қызметтерге қазіргі заманғы технологияларды енгізу жұмыстарын басты назарда ұстап отыр.
Осыған байланысты компания қызметін жоспарлаудағы базалық элементі болып табылатын пошта инфраструктурасының жаңғыртылуына және жетілдіруіне үлес қосатын инвестициялық жобаларды дамыту жұмыстарын атап айтуға болады.
Нәтижесінде қазақстандық пошта қызметтердің дәстүрлі түрлерінен басқа, бұрын соңды болмаған уақыт сұранысына ие жаңа реңктегі
функцияларды іске қосты. Атап айтқанда, валюталық-айырбастау операциялары, депозиттер қабылдау және тартылған қаражатты мемлекеттік бағалы қағаздарға орналастыру, инкассациялау және тасымалдау, ақша және бағалы қағаздар, брокерлік және зейнетақы қорлары мен сақтандыру компаниялары клиенттерді тарту бойынша трансфер-агенттік қызмет көрсету. Сондай-ақ, пошта бөлімдерінде халықаралық жеделдетілген почта, электрондық почта секілді заманауи коммуникация түрлері жүйелі жұмыс жасауда. Қаржылық салада да түрлі мекемелермен өзара тығыз байланыс орнатыла бастаған. Бұрын тек хат-хабар алмасу қызметі ретінде қабылданатын пошта бөлімшелері қазіргі таңда халық арасында түрлі коммуналдық қызмет төлемдерін жасауға, мерзімді басылымдарға жазылу мен оны жеткізуде, оқу ақысын төлеуге, ғаламтор арқылы сауда-саттық жасауға, темір жол билеттерін сатып алу бойынша да өте ыңғайлы орынға айналды.
Ауылдық елдімекендерге хат-хабар, сәлемдемеден бастап, газет-журнал, зейнатақы, жәрдемақыға дейін жеткізіп беріп отырған жалғыз ұлттық компания Қазпошта екенін ескере отырып ұлттық оператор ауыл тұрғындарына ет, сүт және басқа да шаруашылық өнімдерінің сауда алаңы «postmarket.kz» жобасын ұсынды. Бұл өндірген өнімдерін қалаға тасып, сауда жасайтын ауыл адамдары үшін таптырмас игілікке айналды. Онлайн сауда алаңына кез-келген ауыл тұрғыны сатпақ болған затын шығарып, жол шығындарын, уақытын үнемдейді.
Бұл орайда министр Дәурен Абаев: «Әрине, ең алдымен технологиялық прогресс жетістіктерін ауылдық жерлерге енгізу туралы сөз қозғалады. Бүгін таныстырылып отырған әлеуметтік жобалар соның куәсі. Жалпы, бұл жаңашылдықтардың барлығы ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті қысқартуға арналған. Біз қалалықтарға қаншалықты көп қызмет түрін ұсынсақ, ол ауылдық елді мекендерге де таралуға тиіс» деген болатын.
Басты міндеттерінің қатарында қызметтер сапасын көтеру, пошта жөнелтілімдерін жедел жеткізуді көздеген мекеме бүгінде бақылау мерзімін қысқартып, аталған бағытта тұтынушылардың ойынан шығатын жаңа қызметтерді енгізу арқылы елдің сеніміне кіріп, байланыс саласында жетекші рөлге ие болды. Пошта байланыс торабының ұлттық операторы – «Қазпошта» жұмысы жылдан-жылға жаңару үстінде.
Пошта - бұл Қазақстан халқына қолжетімді жалғыз ірі желілік құрылым. Соның ішінде шалғайдағы ауыл-аймақтарды пошталық және қаржылық қызметтермен қамтамасыз етіп отырған бірден-бір оператор. Республиканың барлық аумағы бойынша қалаларда, облыс және аудан орталықтарында, ауылдық жерлерде бөлімше желілері арқылы пошталық, қаржылық қызмет түрлерін қабылдау, өңдеу, тасымалдау, хаттар, бандерольдар, сәлемдемелер жеткізуді жүйелі түрде жүзеге асырып келе жатқан іргелі қызмет саласы осы - "Қазпошта" акционерлік қоғамы.
Ал, Қызылорда облыстық филиалының құрамында Арал, Қазалы, Қармақшы, Сырдария, Жалағаш, Шиелі және Жаңақорған аудандарындағы пошталық бөлімшелері түгелдей дерлік қамтылған. Облыс бойынша барлығы 188-ден астам өндірістік нысандар жұмыс жасауда. Нысандардың басым көпшілігі шалғай ауыл-аймақтарында орын тепкен. Сондықтан да алыстағы ағайынның пошта қызметіне алғысы шексіз. Сапалы жұмыс, жүйелі жүйе, өндірістік нысандардың автоматтандырылған түрі де елге оң септігін тигізуде.
"Қазпошта" АҚ Қызылорда облыстық филиалы тұрғындарға жиырмадан астам тиімді қызметтер ұсынып отыр. Бүгінгі күні облыс бойынша 10 банкомат жұмыс жасауда, осы жылдың ІV тоқсанының өзінде жаңадан 14 банкомат орнату жұмыстары жасалынбақ. Бұл - жұмыс жоспарында тұрған басты мәселелердің бірі. Қаржылық қызметтердің ішінде зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы мен еңбекақы төлемдері бойынша қызметтерді ауыл тұрғындары жиі пайдаланады. Сол себепті ауыл тұрғындарына ыңғайлы болу үшін облыстың барлық аумағына Post-терминал құрылғысы орнатылған. Қаржылық қызметті тұтынушыларға ең тиімдісі әрі жылдам жұмыс жүргізетін осы терминалдар.
Қазіргі таңда жаңа жобалар да қолға алынып жатыр. Соның бірі "Қазпошта" АҚ-ның бастамасымен қолға алынған "Жалақы төлеу жобасы". Жоба артықшылығы - бюджеттік мекеме қызметкерлері "Қазпошта" АҚ-ның пошта бөлімшелері арқылы халықаралық төлем кар-точкаларын рәсімдеп, еңбекақыларын алуға үлкен мүмкіндіктер жасайды.
Бұлардан бөлек, баспасөз басылымдарына жазылу науқаны жылына 2 рет өткізіліп, халық назарына ұсынылып отырады. Баспасөз басылымдарына жазылу қызметі, облыс төңірегінде орналасқан 171 пошта өндірістік объектілер, оның ішінде Қызылорда қаласы бойынша 26 қалалық пошта байланыс бөлімшесі мен 29 пошта байланыс пункті, 8 орталық операциялық учаскесі, 104 ауылдық пошта байланыс бөлімшесі арқылы жүргізіледі. Облыстық филиалдың барлық өндірістік объектілері арқылы мерзімді баспасөз басылымдары арнайы жарақтандырылған көліктермен жеке және заңды тұлғаларға тікелей жеткізіліп беріледі. Бұл пошта қызметінің дәстүрлі көрінісі.
Үстіміздегі жылдың өзінде бірнеше жаңа форматты, үздік технологиялармен жабдықталған бөлімшелер халық игілігіне берілген. Бұл бөлімшелер бағытына байланысты бірнеше бөліктерге бөлінген. Пошталық және қаржылық қызметтер бойынша жеке тұлғаларға арналған операциялық залдар, корпоративтік клиенттерге қызмет көрсету орны және айырбастау пункттері ел үшін еңбек етуде. Осындай тиімді әрекеттердің арқасында сәлемдемелерді қабылдау және жөнелту уақыты 2-3 минутқа дейін қысқарған. Одан өзге супермаркеттер арқылы берілетін сәлемдемелер саны екі есеге артқан.
Міне, осындай жұмыстың басын қайырып, бірізділікті қалыптастырған үлкен ұжым "Бізге сенім артыңыз, ал біз мұны жасаймыз!", деп отыр. Және барлық қызметтерін www.kazpost.kz сайты арқылы халыққа қолайлы жағдайда көрсетіп қойған. Уақыт тығыз заманда, дер кезінде сізге көмектесіп келген "Қазпошта" АҚ Қызылорда облыстық филиалының жұмысына сәттілік тілейміз.
Гүлназ Бадракова.