БІРЛІГІ КҮШТІ ЕЛ ОЗАДЫ

Халық қалаулылары кезекті іссапармен жуырда жарияланған Елбасымыздың жыл сайынғы Жолдауын халыққа жеткізу мақсатында сайлаушылармен кездесуде. Осы мақсатпен облысымызға келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы Әйімбетов Сейітсұлтан Сүлейменұлынан сұхбат алғанды жөн көрдік.
– Президентіміз Ата заңымызда бекітілгендей жыл сайын өз халқына үндеумен шығады. Осы жолғы «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» жолдауының негізгі бағыттары жөнінде айтып кетсеңіз?
– Ел өркендеуінің алғышарты, оның еңсесін көтеретін, рухын бекітетін нәрсе – ол алдына қойған мақсаттары, жарқын болашаққа сенімі. Ал сол мақсаттарға, арманына жету үшін әр қадамын егжей-тегжейлі сараптауы, қалаған іргетасының бекем болуының салдары. Мінеки, Елбасымыз да өз Жолдауында еліміз көтерген тудың мәңгілік, шаңырағының биік болуы үшін болашаққа назар аударып, бүгіннен бастап әрекет етуге шақыруда.   
Осы тұста Мемлекет басшысының Қазақстан халқына биылғы Жолдауы – Қазақстанның 2050 жылға дейінгі даму жолын айқындайтын стратегиялық құжат болып табылады. «Қазақстан-2050» сияқты ұзақмерзімді стратегияны қабылдау кез келген елдің, кез келген өкіметтің қанша тырысса да қолынан келе бермейтіні анық. Елбасымыз бұл құжатты: «күннен күнге, жылдан жылға елімізді, қазақстандықтардың өмірін жарқын ете түсетін нақты практикалық істер бағдарламасы», деп нық басып айтты. Әлде де стратегиялық дамуын жариялаған елдер қатарында Түркия, Қытай, Малайзия сияқты алып елдер орын алуда. Осындай даму жолының тұрақтылығына сенімді арттыратын құжаттың бар болуы бір бөлек, оны ашып-айқындайтын, нақтылайтын, қарапайым халықтың түсінігіне қонымды, түйсігіне жақын нұсқаулар беру екінші мәселе. Осы Жолдау «Қазақстан-2050» бағдарына алғашқы нұсқау деп айтуға болады. 
Президент еліміздің әлемдегі дамыған 30 елінің қатарына енуіне толық жоспарын ұсынды. Ол бүгін тұжырымдама ретінде бекітіліп, бізге алдағы 15-17 жыл ішінде Қазақстанның кең ауқымды серпіліс жасауы үшін «мүмкіндіктер кезеңін» қолдануға сілтеме болмақ.
Осы ретте Жолдаудың ең маңызды басымдықтарының арасында инновациялық индустрияландыру трендін күшейту орын алуда. Бұл жалпы ішкі өнімнің жыл сайынғы өсімін 4 пайыздан кем қылмауға бірден-бір кепілдік. Ал, ол өз кезегінде 2050 жылы жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімнің көрсеткішін 4,5 есеге, яғни бүгінгі 13 мың АҚШ долларынан 60 мың АҚШ долларына дейін өсетініне әкеледі. Бұл көрсеткіштердің астарында халық әл-ауқатының артуы, тұрмысының жақсаруы жатыр. 
Алға қойған мақсаттарға жету үшін Елбасы Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның екінші бесжылдығын әзірлеуді тапсырып, индустрияландыру басымдықтарының санын шектеу қажеттілігін атап өтті.
– Осыған байланысты біздің өңіріміздегі қандай жетістіктерімізді атар едіңіз?
– Қызылорда облысы да индустрияландыру толқынына ілесіп келеді. Облыста осы бағдарлама шеңберінде тәулігіне 80 тонна құрама жем өндіретін зауыт салынып жатыр. 2013 жылы осы жобаға бюджеттен 376 млн. теңге қаражат бөлініп, оны биылғы жылда іске қосу көзделіп отыр. Бұл Елбасымыздың Жолдауында қадап айтқан агроөнеркәсіп секторындағы жаңа өңдеу ошағына айналатынына сеніміміз мол.   
Жолдаудың тағы бір маңызды бөлігі шағын және орта бизнесті қолдау болып табылады. Ең бастысы, біз экономиканың тұрақты өсуін, оны инновациялық жолға салуды сонымен байланыстырып отырмыз. Елбасы 2050 жылға қарай жалпы ішкі өнімнің кемінде 50 пайызы шағын және орта бизнеске тиесілі болады деп атап өтті, ал қазір оның үлесі 20 пайызды құрап отыр. Осындай үлкен жетістікке жету үшін Елбасымыз берген тапсырмаларға сәйкес ең алдымен: шағын бизнесті орта бизнеске айналдыра отырып, оның мамандануын дамытуымыз, жаңадан бастап келе жатқан бизнесмендерге әдістемелік көмек беруіміз, осы субъектілердің банкрот болуына нақты тетік енгізуіміз, бизнесті дамытуға кедергі келтіретін құқықтық нормаларды жоюымыз қажет.
Сонымен қатар, индустрияландырудың екінші бесжылдығы жоспарын «Бизнес-2020» Жол картасымен біріктіру маңызды іс-шаралардың алдыңғы қатарында орын алады.
– Шағын және орта бизнес облысымызда қандай сипат алуда?
– Президент: «осы сектордың оң үрдісін қарқынды дамытуымыз қажет, өйткені шағын және орта бизнес, бұл – біздің Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамының берік экономикалық негізі» деп атап өтті. 
Ал бүгінгі күні республика бойынша 2,4 млн. қазақстандықты жұмыспен қамтитын нарықта жұмыс істеп отырған  шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 870 мыңнан сәл ғана асады, оның 44 мыңға жуығы Қызылорда облысында тіркелген, алайда белсенді әрекет ететіні облыс бойынша 60 пайызға да жетпейді. Экономиканың осы секторының шығарған өнім көлемі республика бойынша 9 трлн. теңгені құраса, Қызылорда облысында 250 млрд. теңгеге де жетпеген. Алайда, статистика деректері бойынша бұл алаңда оң қозғалыс байқалып отырғанын да атап өту қажет, шығарған өнімнің көлемі де, жұмыспен қамтылғандардың саны да жыл сайын өсіп келе жатыр. Дегенмен, аталған көрсеткіштер осы бағытта әлде де алда істейтін көптеген жұмысымыз бар болғанын білдіреді.
– Ал, депутаттар Парламент шеңберінде шағын және орта бизнесті көтеруге қандай үлестерін қосып жатыр? 
– Өз кезегінде депутаттар бизнес әрекет ететін құқықтық кеңістікті кәсіпкерлердің өнім шығаруына қолайлы болсын деп ыңғайлап, қолданыстағы заңнаманы жетілдіруге барынша күш салуда. Бүгін Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінде инновациялық кластерді дамытуға арналған заң жобалары қарастырылып жатыр. Олардың тез арада жарық көруі Президент өз Жолдауында атап өткен технологиялық парктер жұмысын жандандырумен, венчурлық қаржыландыруға жаңа серпін берумен байланысты, сондай-ақ осы заңдарды қабылдағанның арқасында зерттеулер мен инновацияларды қолдау және ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру жанданады деп үміттенеміз. 
Осы арада жуырда Кәсіпкерлік кодексті жұмысқа алатынымызды айтып кеткен дұрыс сияқты. Бұдан басқа, депутаттар бастамашысы болған өңірлерді дамытуға және ондағы экономика ошақтарын ынталандыруға арналған заң жобасы қазіргі таңда Парламент пен Үкімет қабырғаларында қызу талқылануда. 
– Жолдауда халық тұрмысының тағы қандай жақтары назарға алынған?
– Елбасы әрдайым бұқара халықтың жағдайын жақсартуға ерекше көңіл бөледі. Ол: «ХХІ ғасырдағы дамыған ел дегеніміз – белсенді, білімді және денсаулығы мықты азаматтар», – деп қадап айтты. Осы Жолдауында да әлеуметтік салада қызмет көрсетіп жүрген азаматтарға жалақы жағынан болсын, жұмыс шарттарын жақсарту жағынан болсын жақсы қызмет көрсетуге ынталандыру тетіктерін барынша кең қолдануды баса айтты. Алдағы жылдың 1 шілдесінен бастап білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау салаларындағы қызметшілерге еңбекақылары орташа 32 пайызға дейін көтерілетін болады. 
Сондай-ақ, қоғамның мүмкіндіктері шектеулі азаматтарына өздерін қоғамның толыққанды мүшесі ретінде сезінуі үшін жан-жақты жәрдем беру тетіктері қарастырылып жатыр, ол – жұмысқа тұру жағынан болсын, жәрдемақы беру жағынан болсын барынша қолдау жасау. Осы ретте 2015 жылдың шілдесінен бастап мүгедектігіне және асыраушысынан айрылуына байланысты әлеуметтік жәрдемақы көлемін 25 пайызға арттыру жоспарланып отыр.
Білім-ғылым ізденіп жүрген азаматтарымыз да қолдаусыз қалмайды. Студенттеріміз 2016 жылдан бастап стипендия мөлшерінің 25 пайызға ұлғаюына куә болады. Жалпы, болашақта меңзеген мақсатымыз – ғылым саласының қаржыландырылуын ішкі жалпы өнімнің 3 пайызынан кем қылдырмау.
Осындай жетістіктерге қол жеткізе білуіміз үшін экономикамыз мықты болуы керек. Бюджетіміздің толығуы дер кезінде болып, жыл сайын ұлғая берсе ғана әлеуметтік саланы жан-жақты қолдауымыз мүмкін болады. Осы бағытта Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары – инвестиция көлемін қазіргі 18 пайыздан бүкіл ішкі жалпы өнім көлемінің 30 пайызына дейін ұлғайту, шикізаттық емес өнімнің Қазақстан экспорт әлеуетіндегі бөлігін 70 пайызға дейін өсіру, ішкі жалпы өнімнің энергия тұтыну ауқымын 2 есеге азайту, ал еңбек өнімділігін 5 есеге, яғни қазіргі 24,5 мыңнан 126 мың АҚШ долларына дейін арттыру болып отыр.
Осы биік шыңдарға өрши білуіміз үшін ел бірлігі ауадай қажет. Кешегі Кеңес Одағында бірге өмір сүрген украиндықтардың халі бүгін өзіңізге баян. Әйтпесе, Одақта Ресейден кейін екінші мемлекет орнын иемденіп еді кезінде. Елбасымыз айтқандай: «Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген». Сондықтан, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, ынтымағымыз жарасып, еліміздің өсуіне, өркендеуіне бір адамдай кірісіп, ерінбей еңбек етуіміз қажет. Осы алға қойған мақсаттарымызға жетуіміз үшін «Мәңгілік ел» идеясын ұстануымыз керек.
– Сұхбатыңызға рахмет! 

Сұхбаттасқан 
Д.БЕРКІНБАЕВ.
ҚОҒАМ 13 ақпан 2014 г. 1 176 0