« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |
Бағдарламалық құжат деңгейінде жарық көрген «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Жаңғырған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады. Жаңа тұрпатты жаңғырудың ең басты шарты – сол ұлттық кодыңды сақтай білу» деген салиқалы байламын білдіреді. Шын мәнінде де, кез келген мемлекеттің жарқын келешегі сол елмен өзінің өмірі мен өскелең ұрпағының ертеңгі тағдырын байланыстырған барша қоғамның төл тарихын, мемлекеттік тілін, дәстүр-салтын, мәуелі мәдениетін бойына сіңіруі мен санасына қалыптастыру деңгейімен өлшенетіні ақиқат. Бұл рухани факторлар халықтың сыртқы идеологияға, жат радикалды ағымдарға қарсы төтеп беруінің иммунитетін күшейтеді және жаһандық аренада бәсекеге қабілетті қоғамды түпкілікті орнықтырады. Ұлттық мәңгілік рухани құндылықтары да дәл сол сияқты, ол ұрпақ санасында ұдайы жаңғырып отырмаса, замана табымен көмескі тартып, өзіне тән бояуы қашып, өзге өркениеттердің толқынында шайылып кетуі әбден ықтимал. Бұл тақырыпта басы ашық ақиқаттың бірі ретінде Елбасының қоғамды рухани-мәдени жаңғырту мәселесін ұдайы назарында ұстап, бұл салада сабақтастықпен жүргізіп келе жатқан саясатының сындарлылығын атап көрсетуіміз керек.
«Тарих толқынында» атты кітабында «Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекетімізді ұзақ уақытқа меңзеп құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн» деп парасатты пайымын ортаға салды. Мемлекет басшысы «Қазақстан-2050» стратегиясында мәдени кодты сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайтынын» баса айтты.
Тәуелсіздік жылдарында Мемлекет басшысы осы мәдени кодты сақтаудың, қоғамды рухани жаңғыртудың бағыттарын рет-ретімен ұсынып, нәтижелі жолдарын жалғастырып келеді. Жаңа тұрпатты мемлекет құрудың шежірелі жылнамасын парақтасақ, Президент 1998 жылды «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп белгіледі. Тарихи сананы сілкінтуге ұйытқы болған сол айтулы жыл қазақ халқының тарихы мен тағдырына қатысты «ақтаңдақтарды» ашудың алғышарты кезеңіне айналды. Кеңестік солақай саясаттың салдарынан зерттеп-зерделеуге тыйым салынып, архивтерде шаң басып жатқан құнды жәдігерлеріміз жарыққа шықты. Содан кейін Елбасы 2000 жылды «Мәдениетті қолдау жылы» ретінде айқындап, еңсесі түскен ел мәдениетін сақтап қалуға бағыт ұстады.
2004 жылы «Мәдени Мұра» бағдарламасы аясында Қазақстан аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандары жаңғырды. 2013 жылы «Халық – тарих толқынында» бағдарламасы арқылы әлемнің ең беделді мұрағаттарында төл тарихымызға қатысты құжаттар жиналып зерттелінді. Бір сөзбен айтқанда, рухани жаңғыру кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы.
«Ұлттық кодты ұлт жадынамасы» деп сипаттаған Елбасының тұжырымы бізге де ой салады. Расында, осы күнге дейін қазақтың бірігу, ұйысу тарихында ұлттық кодын жоюдың небір қитұртқы әрекеттері жасалынды. Кезінде моңғол-жоңғар шапқыншылығына төтеп берген ұлтымыз кейінгі патшалық Ресей мен Кеңестік дәуірде ұлттық жадынан ажырай жаздады. Мысалы, патшалық Ресей біздің тарихымызды жоққа шығарып, «бұратана» санаса, Кеңес өкіметі «түрі социалистік, мазмұны ұлттық» деген желеумен мыңдаған жыл бойы қалыптасқан салт-дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымыздың түбіне жетпекші болды.
Сонымен бірге Елбасы қолға алуды ұсынған «Туған жер» бағдарламасы отандық патриотизмді қалыптастыруға бағытталған. «Патриотизмнің ең жақсы үлгісі орта мектепте туған жердің тарихын оқудан көрініс тапса игі» деген тілегі туған жер тарихын білудің бастауы екенін түсіндіреді. «Туған жер» бағдарламасының жалпыұлттық патриотизмнің нағыз өзегіне айналатынын айтады.
Ұлттың, ұрпақтың патриоттық рухын жаңғыртуда «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» атты бағдарламаның маңызы зор. Елбасының сөзімен айтқанда, «Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі – неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі».
Мақалаға өзек болған тағы бір мәселе – замандастарымыздың жетістіктер тарихына назар аудару үшін «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасын қолға алу. Президенттің игі бастамасының түпкі мақсаты да көне тарихтан белгілі тұлғаларды ұлықтаудан бөлек, егемендік жылдары ерен еңбек еткен азаматтардың есімдерін ұлтымыздың алтын қорына енгізіп, жастарға үлгі ету, елдік һәм мемлекетіміздің рухын көтеру.
Бүгінгі күні Мемлекет басшысының бағдарламалық мақаласында айтылған тапсырмаларын аймақта жүзеге асыруда бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Атап айтқанда, облысымызда 4 кіші бағдарламадан тұратын «Рухани жаңғыру» бағдарламасын ілгерілету және үйлестіру бойынша облыстық жұмыс тобы құрылып, 63 жоба жүзеге асырылуда. Қазақстанның киелі жерлері картасына республикалық маңызы зор Шірік-Рабат, Жанкент, Жент, Сығанақ, Оқшы ата, Қорасан ата, Төлегетай- Қылышты ата, Бегім ана, Қорқыт ата және қаламыздағы Христос Спасский шіркеуі сынды ескерткіштер енгізілді. Сонымен қатар, жоғары оқу орнында және орта білім беретін мектептердің оқу бағдарламасына «Өлкетану» пәні енгізіліп, оқулықтар дайындалу үстінде. Университет ғалымдары латын қарпіне көшу туралы бұқара арасында түсіндірме-насихаттау жұмыстарына белсенді араласуда. Бұған қоса, өлкенің тарихын зерттеу және жаңаша зерделеу жұмыстары кеңінен қолға алынып отыр.
Қорыта айтқанда, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуында тарихи сананы жаңғыртудың маңызы жоғары. Ұлттық тарихи танымның қарыштауы, елдің өркениеттілігін, өткеннің өзектілігін, рухтың жасампаздығын көрсететін рухани жаңғыруға кемел жол.
Меруерт АҢСАТОВА,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің профессоры,
тарих ғылымдарының кандидаты.
« Қараша 2024 » | ||||||
---|---|---|---|---|---|---|
Дс | Сс | Ср | Бс | Жм | Сб | Жс |
1 | 2 | 3 | ||||
4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 |
11 | 12 | 13 | 14 | 15 | 16 | 17 |
18 | 19 | 20 | 21 | 22 | 23 | 24 |
25 | 26 | 27 | 28 | 29 | 30 |