Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» атты заң жобасын таныстырды, деп хабарлайды Baq.kz.
Дәурен Абаев бүгінде ақпарат таратудың жаңа арналары көбейіп, мемлекет пен БАҚ-тың, сондай-ақ масс-медиа мен азаматтардың арасындағы өзара байланыстың маңыздылығы артқандығын айтты.
«Бүгінгі күні Министрлік ақпарат пен коммуникация және ақпараттандыру бағыттары бойынша сан салалы жұмыстарды қамтып отырғаны белгілі. Мемлекет басшысы бұл салаларға айрықша маңыз беріп, министрлікке үлкен міндеттер жүктеді. Соның бірі – саланың дамуын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету. Коммуникациялық технологиялар жедел дамыған қазіргі уақытта онымен байланысты салалар да күрделі өзгерістерге түсуде. Басқасын айтпағанда, ақпарат деген ұғымның өзі де өзгеріп, ауқымы кеңейіп келеді. Күн өткен сайын ақпаратты таратудың жаңа арналары мен құралдары пайда болуда. Сонымен бірге, мемлекет пен БАҚ-тың, сондай-ақ масс-медиа мен азаматтардың арасындағы өзара байланыстың маңыздылығы да артты», - деді ол.
Осы орайда министр аталған заң жобасы дайындалғанын атап өтті.
«Осыған сай, заң шығару жұмысының 2016-2021 жылдарға арналған тұжырымдамалық жоспары мен Үкіметтің 2017 жылғы заң шығару жоспары бойынша жаңа заң жобасы әзірленді. Ақпарат және коммуникациялар мәселелерін қамтитын бұл жобада 12 заң мен 4 кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу көзделген», - деді Дәурен Абаев.
Кейін ведомство басшысы заң жобасындағы маңызды бағыттарға тоқталды.
«Біріншіден, бұқаралық ақпарат құралдарының дамуы үшін сапалы заңнамалық базаны одан әрі қалыптастыру қарастырылып отыр. Соның ішінде, әкімшілік жүктемелер мен шектеу шараларын азайту мақсатында бірқатар жеңілдік жасалады. Атап айтқанда, аздаған құқық бұзушылықтар үшін газеттің тиражын конфискациялау немесе БАҚ-тың қызметін тоқтату сияқты жазаларды алып тастау көзделуде. Ақпарат құралдарын шындыққа сай келмейтін ақпаратты таратуға қатысты жауапкершіліктен босататын себептер қатары да ұлғаяды. Бұл өзгеріс мемлекеттік органдардағы БАҚ-пен байланыс жөніндегі өкілетті тұлғаға ерекше жауапкершілік жүктейді», - деді ол.
Дәурен Абаев аталған заң жобасында БАҚ-та азаматтардың суретін рұқсат сұрамай жариялауға болатыны айқындалғанын атап өтті. Сондай-ақ енді мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда тек отандық телеарналар көрсетіледі.
«Тағы бір мәселе, бұқаралық ақпарат құралдарында азаматтардың суретін рұқсат сұрамай жариялауға болатыны айқындалды. Мысалы, ол көпшілік жаппай қатысатын мәдени, спорттық және басқа да шараларға, жұрт алдында сөз сөйлеуге қатысты. Сонымен қатар, қазақстандық контентті одан әрі қолдау мақсатында мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарда тек отандық телеарналарды көрсету жоспарлануда», - деді ол.
Министр қазақстандықтардың бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынасын реттеу қарастырылатынын айтты.
«Бұл ретте, зорлық-зомбылықтан зардап шеккен баланың жеке басын анықтайтын кез келген ақпаратты, оның суретін ақпарат құралдарында жариялауға шектеу қою ұсынылып отыр. Сонымен қатар, күмәнді ақпаратты жариялағанда туындайтын дауларды сотқа дейін реттеу тәртібін өзгерту жоспарлануда. Бұл мәселеде тараптарды тең мүмкіндікпен қамтамасыз ету маңызды. Бұған қоса, заң жобасында мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мүддесі де ескерілді. Мемлекеттік тілдегі жарнамалардың тең бөлінуі, сондай-ақ «балаларға арналған, діни және ағарту телебағдарламалары» сияқты ұғымдарды нақтылау бойынша шешімдер ұсынылуда», - деді Дәурен Абаев.
Осы орайда, министрлік басшысы баспасөз хатшысы мен баспасөз қызметі жұмысын жандандыру мақсатында аталған заңда қандай талаптар қарастырылғанын жеткізді.
«Үшіншіден, мемлекеттік органдар мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында тиімді байланыс орнату. Яғни заң жобасында әрбір мемлекеттік органда БАҚ-қа жауапты уәкілетті тұлға мен бөлімдерді нақты функционалмен анықтау. Аталған тұлғалар мен құрылымдар бірден бірінші басшыға бағынатын болады. Мұндай механизм баспасөз хатшысы мен баспасөз қызметі жұмысының маңызын арттыра түседі. Сондай-ақ заң жобасында бұқаралық ақпарат құралдарына олардың ауызша және уақыты көрсетілген жазбаша сұрауына жауап беру тәртібі қарастырылған», - деді ол.
Сөз соңында министр аталмыш заң жобасы елімізде ақпарат, байланыс және ақпараттандыру саласын дамытуға бағытталғанын атап өтті.
«Тұтастай алғанда, талқыланып жатқан заң жобасында үш үлкен – ақпарат, байланыс және ақпараттандыру саласын дамытуға бағытталған кешенді өзгерістер қамтылды. Заң жобасы ақпарат саласында азаматтардың құқығын қорғаудың механизмдерін күшейтуге; бұқаралық ақпарат құралдары қызметінде сапалы өзгерістер жасауға; ақпаратқа қолжетімділік бойынша мүмкіндіктерді ұлғайтуға; ұлттық заңнаманың ішкі үйлесімін қамтамасыз етіп, оны қолданудың сапасын арттыруға мүмкіндік береді», - деді Дәурен Абаев.