Жалға берілетін пәтерлерде тәртіпсіздік пен берекесіздік көп орын алады. Тұрғындар ол үшін жауап бермейді, ал пәтер иелері жасырынып әлек.
Қызылорда қаласы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасы пәтерлерін жалға беріп отырған жеке тұлғаларға дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, өз кәсібін заңдастыруды түсіндіру бағытында бірқатар жұмыстар жүргізуде.
Ол үшін қаланың Өсербаев, Әйтеке би, Қорқыт ата және Әуезов көшелері бойынша пәтерлерін жалға берушілерді пәтер иелері кооперативінен алынған мәлімет арқылы анықтады.
Сонымен қатар, қаладағы бірнеше әскери қызмет бөлімдері арқылы әскери қызметкерлерге келісімшарт негізінде пәтерлерін жалға беріп отырған жеке тұлғалардың тізімі алынып, олармен дербес жұмыс жасалды.
Әрбір пәтер иесіне хаттар жазылып, қосымша түсіндірме парақтары, буклеттер тарату тұрақты жүргізіледі.
Осындай шаралар нәтижесінде 2017 жылдың өткен 9 айында пәтерін жалға беруші 215 жеке тұлға дара кәсіпкер ретінде мемлекеттік тіркеуден өтті. Пәтер берушілер 91 млн. 649 мың теңгеге қосымша табыс көрсетіп қосымша салық есептіліктерін тапсырды. Бюджетке 3 млн. 732 мың теңге қосымша салық түсірілді.
Өз пәтерін жалға беру қызметімен айналысып жүрген жеке тұлғалар саналы түрде дара кәсіпкер ретінде тіркеліп, тиісті салықтарын уақытылы төлеп отырса – жергілікті бюджет түсімінің ұлғаюына өз үлесін қосар еді.
Белгілі бір мөлшерде табыс табатын жеке тұлғаларды, Қазақстан Республикасының «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Кодексінің 157 бабына және осы заңның 560, 565 баптарына сәйкес, мемлекеттік кірістер органдарында кәсіпкерлік субъект негізінде тіркеліп, өз кәсібін заңдастыруға шақырамыз.
Кәсібіңіз өркендеп, табысыңыз тасысын!
Б.Орданова.
Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің бас маманы