Жылдағы дәстүр бойынша Сырдария ауданының әкімі Ғанибек Қазантаев осы аптаның сейсенбі күні аудан жұртшылығы алдында есеп беріп, өткен жылы алынған асулар мен биылғы жылы шығар белестерді талғам таразысына салды. Есепті жиынға Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы С.Аманғалиев, облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев, «Абзал и К» толық серіктестігінің төрағасы, облыстық мәслихат депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, облыстық қаржы басқармасының бастығы Қ.Сәрсенбаев қатысты.
Елбасымыздың биылғы жылғы «Қазақстан жолы 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауы еліміздің тұрақты дамуын қамтитын шаруашылықтың барлық саласына соны серпін беретін, халқымыздың жарқын келешегі мен игілігін көздейтін шын мәніндегі тарихи құжат, деп сөз бастаған әкім аудан аумағындағы атқарылған ауқымды істер мен алдағы атқарылар міндеттерді егжей-тегжейлі баян етті.
Сыр елі ежелден егіннің ебін, түліктің тегін танитын шаруақор ел. Күріш фабрикасы атанған Сырдария ауданының Сыр аймағындағы орны өз алдына бір төбе. Өткен жылы осы аудан диқандарының өзгелерден мерейлері үстем болып, жұлдыздары жанды. Аудан аумағында 17920 гектар жерге Сыр салысы егіліп, оның әр гектарынан 51,5 центнерден ақ маржан жиналып, аймақтың көш басына шықты. Сырдариялық Абзал Ералиев Қазақстанның Еңбек Ері атағын еншіледі.
Өткен жылдың желтоқсан айында ауданда инвестициялық бизнес форумның өткізілуі де тектен-тек емес. Бизнес форумға Ресей мемлекетіндегі күріш ғылыми-зерттеу институтының мамандары қатысып, меморандумдарға қол қойылып, күріш кластерін дамыту жөніндегі мәселелерге жаңа бағыт жасалды. Соған сәйкес аудан аумағында 2014-2016 жылдар аралығында 15 инвестициялық жоба іске асырылып, 1559 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Демек, аудандағы жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайыздан 5,0 пайызға түседі деген болжам бар.
Ауданда «Сыбаға» бағдарламасы аясында мал шаруашылығын дамытуға да бетбұрыс бары байқалады. Осы бағдарлама негізінде өткен жылы 555 бас ірі қара малы сатып алынып, мүйізді ірі қара 26310 басқа, түйе 1108 басқа, жылқы 8492 басқа, қой мен ешкі 23903 басқа жетіп отыр. Ірі қара малын асылдандыруға байланысты Yкімет тарапынан берілген 73 млн. теңге субсидия игерілген.
Аудан аумағындағы көптеген түйінді мәселелердің шешілуі қаржыға байланысты, дейді аудан әкімі. Өткен жылғы аудандық бюджеттің шығыс бөлігі 5 млрд. 925 млн. теңгеге жетті. Республикалық, облыстық, аудандық бюджет есебінен «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы негізінде аудан аумағында экономикалық және әлеуметтік жағдай жақсарған. Саралап айтар болсақ, аудан халқының 93 пайызы таза ауыз сумен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар жолдарды орташа және күрделі жөндеу бағытында да серпіліс бар. Көптеген ауыл жолдары жөндеуден өткізілсе, «Тереңөзек-Шаған» автожолындағы Сырдария өзені арқылы өтетін көпір құрылысы биылғы жылы пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында да ауқымды істер қолға алынып жатыр. Бүгінде 1415 шағын субъектілері тіркеліп, олар 5247 адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Өткен жылы кәсіпкерлер 755,8 млн. теңге көлемінде өнім өндіріп, мемлекет қоржынына 50,1 млн. теңге қаржы салған. Айта кету керек, биылғы жылы құны 14,3 млрд. теңге тұратын «Кеңлік» кен орнында ілеспе мұнай газын тиімді пайдалану мақсатында электрэнергия шығару өндірісі жобасы мақұлданды. Сондай-ақ, ағымдағы жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы негізінде 6 жобаны субсидиялау үшін мақұлданып отыр.
Аудан аймағында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет саласын дамытуда да бетбұрыс бары байқалады. Бүгінде аудандағы 46 білім ошақтарында 6908 оқушы тәлімді тәрбие алуда. Бір айта кетер жайт, 1-ші және 2-ші сынып оқушылары толықтай ыстық тамақпен қамтамасыз етілсе, 2014-2015 жылдары 3-ші және 4-ші сынып оқушылары да қамтылмақ. Мектеп оқушылары тегін оқулықтармен қамтамасыз етіліп отырса, балалардың жазғы тынығулары да жолға қойылған. Ал, денсаулық сақтау саласына келер болсақ, өткен жылы Айдарлы, Бесарық, Іңкәрдария ауылдарында дәрігерлік амбулатория ғимараттары бой көтерсе, биылғы жылы аудандық ауруханы жөндеуге 63 млн. теңге қаржы қаралып отыр.
Спорт пен денешынықтыру саласында да оң өзгерістер бар. Өткен жылы Елбасы тапсырмасына орай спортпен шұғылданатындар санын 25 пайызға жеткізу мақсатында аудандық бюджет есебінен 42 млн. теңге қаржы қаралып, Тереңөзек кенті мен 5 елді мекенде ашық спорт алаңдары салынып, пайдалануға берілген.
Ауданның мәдени өмірі де жаңалықтарға толы. Биылғы жылы Қазақстан және КСРО Халық әртісі С.Майқанованың 100 жылдығы тойланбақ.
Аудан әкімі Ғ.Қазантаев аудан аумағында өткен жылы алынған асуларды айтып қана қоймай, биылғы жылы шығар белестерді де баян етті. Басты-бастыларын нақтылай айтар болсақ, биыл республикалық бюджет есебінен Тереңөзек кентіндегі бір мезгілде 250 адамды қабылдайтын аудандық емхана құрылысы пайдалануға беріліп, «Шіркейлі» ауылындағы құны 76 млн. теңге тұратын дәрігерлік амбулатория құрылысы басталмақ. Ал, облыстық бюджет есебінен С.Сейфуллин ауылы мен Іңкәрдария ауылы клубтары биылғы жылы пайдалануға берілер болса, Қоғалыкөл, Ақжарма ауылдарындағы дәрігерлік амбулатория құрылыстарының жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізіледі. Сондай-ақ, Тереңөзек кентіндегі орталық аурухана ғимаратын күрделі жөндеуге 63,4 млн.теңге қаржы қаралып отыр. Айтқандай, биылғы жылы ауыз су қызметтерінің құнын субсидиялау мәселесі өз шешімін тапты. Бұған облыстық бюджеттен 53 млн. теңге субсидия бөлініп, нәтижесінде аудан тұрғындары тәулік бойы таза ауыз сумен қамтамасыз етілмек.
Жарыссөзге облыстық мәслихат депутаты, Қазақстанның Еңбек Ері А.Ералиев, аудандық мұражай директоры А.Бақтиярова, еңбек ардагері З.Сыздықова, ауданның құрметті азаматы М.Сақтапов, студент А.Сағындықова, «Нұр Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Т.Садақбаевтар шығып сөйлеп, ой-пікірлерін ортаға салды. Аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлеріне аудан әкімі тұшымды жауап беріп, тұрғындардың айтқан толғақты мәселелердің өз шешімін табатындығына сенім білдірді.
Аудан әкімінің есеп беру жиынында облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев қорытынды сөз сөйлеп, Елбасы Жолдауынан туындайтын міндеттерді сарапқа салды.
Еркін ӘБІЛ.
Сырдария ауданы.