ТОЙҒА БАРЫП, ҰЯТҚА ҚАЛМАҢЫЗ

Той – халықтың қазынасы. Қазір елдің жағдайы жақсарды ма, тойдың түрі көп. Ауылдағы ата-анамызға телефон шалып, жағдайын сұрасақ, «пәленшенің тойына бардық, ертең түгеншенің тойына барамыз» деп уақыттың тапшылығын айтады. Үлкендердің айтар әңгімесі бір. «Жақынның қуанышына ортақтасып бармасақ, ренжиді» дейді. Содан болар, адам көңілі бір атым насыбайдан қалады деп жататындары. Қалтаға да салмақ аз түспейтіні тағы бар. Кім сыйлықсыз тойға барыпты дейсіз? Оған қоса ауылдың бәрі бір-біріне туыс. Мәселен, бүгінде нәресте өмірге келсе, бесікке салса, тәй-тәй қадам басса, бәріне дүркіретіп той жасаймыз. Қуаныш ғой. Алайда, біршама уақыт бұрын мұндайды кішігірім етіп жасайтын. Ал, қазір салтанат сарайларында тойлайды. Мықты асаба, еліміздің белгілі өнер иелерін шақырып, думандатады. Бірақ бір өкініштісі бар. Соңғы уақытта той мәдениеті мен әдептілігін жоғалтып бара жатқандаймыз. Сіздер қалай ойлайсыздар? Оған дәлел жетерлік.
Жақында әлеуметтік желіде жетпіске келген әжеміз тойда брек билеп жұртты таңқалдырды. Көрдік. Ой түйдік. Неге немересіне қарап, бесік жырын айтып отыратын жаста әжеміз қылық ашты? Бұл бір ғана мысал емес. Ақ сақалды қарияларымыз да түсініксіз бидің авторы атанып жүр. Соңғы кездері әлеуметтік желіде тойда орын алған келеңсіздіктер жайлы түсірілген видеолар кеңінен таралып кетті. Бірі қолдаса, енді бірі даттайды. Тіпті көпшілік тойға баруға қорқып қалғандай. Себебі, ерсі қылық жасаса әлеуметтік желінің жұлдызына айналып шыға келеді. Тойда көңіл көтеріп қайтқанға не жетсін?! Бірақ орнымен.
Жақында тойда болдық. Той керемет өтіп жатыр. Дастарханда құс сүтінен өзгенің бәрі бар. Бірақ асабаның басқаруы көпшілікке ұнамады. Сөзі сұйық. Мәні жоқ. Әйтеуір, өтіп жатты. Тойдың орта тұсында көпшілік көңілін көтергісі келді ме, ойын ұйымдастырып, ортаға жастарды шығарды. Биден жарыс ұйымдастырылды. Шарты түрлі ұлттың биінен үзінді келтіру керек. Содан ортаға шыққан өрімдей жастар жын ұрғандай биледі. Қанша көз қарап отырмыз. Сырттан қарап отыруға тіптен ұят. Қыздар да тосылар емес. Шашын жайып, жұлқынып билейді. Тойда қанша адам барын ұмытқандай. Ер адамның жүзіне тік қарамайтын аруларымыздың қылығы ешкімге жақпады. Әрине, мұндай қылық кімге жарасып тұрғандай? Үлкендер жағы жүздерін төмен салып жатыр. Бірақ жастар қысылмады. Содан көп ұзамай алпысты алқымдаған анамыз бен ағамызды шығарған еді. Олар да жастардан қалыспады. Ақыл айтар жаста селтеңдеп билеп, тіпті шалынып құлап, жұрттың күлкісіне қалды. Міне, осы көріністі өздері түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеп жіберді. Ертесіне әлгі екі кісінің биі әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Осы тұста қазақтың салт-дәстүрі тектілікке, әдептілікке құралған деп жатамыз. Бірақ бұл ұстаным тасада қалып бара жатқандай.
«Ата-бабамыз қалдырған ұлттық мұраны бүгінмен ұштастыру өз қолымызда» дейді қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының келіні, ұлт жанашыры Зейнеп Ахметова апамыз. Сондықтан тойға барғанда әдептілікті сақтап, ұяттан аттамаған жөн болар.

Сара АДАЙБАЕВА.
ҚОҒАМ 07 қараша 2017 г. 826 0