ЕРІМБЕТЖАҒАДА – ҚОС ҚУАНЫШ

Аудан орталығынан шалғайда орналасқан Ерімбетжаға елді мекенінде көптен күткен қуанышты оқиға болды. Сонау 80-жылдардың аяқ шенінде пайдалануға берілген бұрынғы мектеп ғимараты талапқа сай келмейтін еді. Міне, 50 орындық №18 негізгі мектеп ғимаратының құрылысы толықтай аяқталып, 20 орындық балабақшасымен бірге ел игілігіне берілді. Бұл ауыл тұрғындарының көптен күткен арманы болатын.
Аталған шараның ашылу салтанатына «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев пен облыстық білім басқармасы басшысының бірінші орынбасары Бағдат Бердәулетов арнайы қатысып, ауыл халқын ортақ қуаныштарымен құттықтап, облыс әкімінің мектепке тарту еткен түрлі-түсті теледидарын табыстады. Рәсімде сөз алған Арал ауданы әкімі Мұхтар Әуесұлы киелі Қарақұм өңірінен осындай әсем ғимараттың бой көтеруімен барша жиналған қауымды құттықтай келе, заман талабына сай жабдықталған жаңа мектепте оқушылар сапалы білім алады деген сенімін білдірді. Сондай-ақ дербес зейнеткер Шәкірат Дәрмағамбетов, ауыл тұрғыны, ардагер Аманжол Шалабаев ізгі ниеттерін білдіріп, ақ батасын берді.
Ерімбетжаға елді мекеніндегі мектепте 20 мұғалім, 83 оқушы бар. Құрылысты жүргізген мердігер – «Айдана» ЖШС.
Сонымен қатар Ерімбетжаға елді мекенінде жаңа мешіт пайдалануға берілген еді. Имандылық үйінің ашылу рәсімінде «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ибадулла Құттықожаев жаңадан бой көтерген мешітке Құран кітабын табыс етті. Сонымен қатар, Қызылорда қаласындағы «Нұр» мешітінің имамы Марат Үркімбаев жиналған қауымға ізгі лебізін білдіріп, мешіттің салынуына ерекше үлес қосқан Қуандық Әлімқожаұлына арнайы «Алғыс хат» табыстап, шапан жапты. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы К.Айбосынов «Имандылық үйінің ашылуы – ауыл жастарының имандылыққа бет бұруы үшін жасалған игі қадам. Ауданымызда осындай маңызды шаралар жалғасын таба берсін» – деген тілектестігін білдірді.
Жаңа мешіт ауыл тұрғындарының және осы ауылдан түлеп ұшқан азаматтардың ауызбіршілік танытып, асарлатып, атсалысуымен салынғанын атап кеткен жөн.

Жұмабек ТАБЫНБАЕВ.
Арал ауданы, Ерімбетжаға ауылы.
ҚОҒАМ 07 қараша 2017 г. 857 0