Шиелі аудандық мәслихат депутаты, кәсіпкер Айткүл Әбдіқадырованы сол өңірдегі жұртшылық жақсы біледі. Оның «Бекзатхан», «Аружан» мейрамханалары, «БекАру» кафесі, «БекАру-2» ұлттық тағамдар дәмханасы, кондитер цехтары, дүкендері елге қалтқысыз қызмет етіп келеді. Халық қалаулысы елдің өзіне артқан сенімі мен үмітін ақтау үшін барын сала еңбектенуде.
Әңгіме арқауына айналып отырған Айткүл Әлиқызы ауданға қарасты №40, 41, 228, 47, 142-ші мектептердің бірнеше оқушысын бастан-аяқ киіндіріп, оқуға қажетті құрал-жабдықтарын түгел алып беріп жүр. Депутаттың «Мектепке жол» акциясына белсенді түрде қатысып жүргеніне де 4-5 жыл болды. Жомарт жүректі жанның қайырымды істері мұнымен бітпейді. Ол бұрнағы жылдары Шиелі ауданындағы №45 мектептің бірнеше оқушысына шәкіртақы берген. Бұл игілікті ісін әлгі балалар азамат болып, жоғары оқу орнына түскеннен кейін де жалғастырып отырған. Мұндай қадамнан халық қалаулысының ел болашағына үлкен үмітпен қарайтынын аңғарамыз.
Халыққа депутат әрі кәсіпкер ретінде танылған Айткүл Әлиқызы отбасында аяулы жар, қадірлі ана. Ол бүлдіршіндердің мектепке дейінгі тәрбиесіне өзіндік үлесін қосу үшін балабақша да ашты.
– Баланың күлкісін, шаттанып жүргенін жақсы көремін. Сол себепті, жолдасым Бауыржан екеуміз балабақша ашуды жөн санадық. Қазір Шиелі кентінің орталығында біз ашқан 50 орынға арналған мектепке дейінгі тәрбие орталығы жұмыс жасайды. Ондағы балаларды сырттай үнемі бақылап жүремін. Өздері сондай сүйкімді. Оларға қараған сайын жүрегім мейірімділікке толады, – дейді ол.
Халық қалаулысының аудандық мәслихатта көтерілген мәселелерге бейтарап қарамай, оның оңтайлы шешілуіне де шама-шарқынша үлесін қосатынын айтып өткен жөн. Сонымен қатар, кәсіпкер ретінде ісін енді бастайтын жастарға да ақылын айтып отырады. Палатада өткен жиындарда кәсіпкерлердің мүддесін қорғауға барын салады. Ол Сұлутөбе, Бірлестік, 1 Май елді мекендеріне аяқ су келуіне атсалысты. Бұл көп жылдардан бері қордаланып келген мәселе болатын. Бүгінде аталған ауылдардың халқы бақша егіп, диқангершілікпен айналыса бастады.
Қазір Сұлутөбе ауылдық округінде үш жаңа мектеп пен осы көлемде жаңа мешіттер жұмыс жасап тұр. Осыдан бірер жыл бұрын Мұстафа Шоқай атындағы заманауи үлгідегі мәдениет үйі соғылып, ел игілігіне берілді. Рет-ретімен көшелері жөнделіп, жолдары тегістеліп, жарықтандырылуда. Округтегі қажетті жұмыстарды жасау үшін МТЗ тракторы алынды. Мұндай игілікті істерде Айткүл Әбдіқадырова секілді халық қалаулысының да қолтаңбасы бар екенін айтып өткен дұрыс.
Мәслихаттың соңғы 5-ші шақырылымында сайлау учаскелерінің ауқымы кеңейіп, Майлытоғай және Ботабай елді мекендерінің тұрғындары да Айткүлге өз сенімдерін білдірді. Өз кезегінде ол да халық сенімінен шығу үшін қолынан келгенінің бәрін жасап, сол сайлау учаскесіндегі мәселелерді көтеріп жүр. Сондықтан да, ол үнемі халық арасында жүреді. Ардагерлерді ардақтауды да назардан тыс қалдырмайды.
Халық даналығында «бақ пен береке ынтымақты жерде тұрақтайды» деген тәмсіл бар. Айткүл басқарып отырған кәсіпкерлік нысандарда жұмыс жасайтын ондаған адам бұл сөздің мән-мағынасын жақсы түсінеді. Депутаттың өзі де, оның отбасы да бірлік бар жерде ғана жарасымды тірлік болатынын естен шығарған емес.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.