Қызылорда облыстық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әділхады Шығамбаевтың төрағалығымен «Нотариаттық іс-әрекеттердің заңға сай жүргізілуі – тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуының кепілі» тақырыбында «дөңгелек үстел» өтті.
Іс-шараға Қызылорда облыстық және қалалық сотының судьялары, Нотариалдық палата және Әділет департаментінің өкілдері қатысты.
Ә.Шығамбаев «дөңгелек үстелді» ашып, нотариаттық іс әрекеттердің заңға сай жүргізуінің маңыздылығына тоқталды. Республика нотариустары нотариаттық әрекеттерді жасауда жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз етіп, білікті заң көмегін көрсетуді бірінші кезекке қойып, оны өзінің қызметтік борышы ретінде санауы тиістігін айтты.
«Дөңгелек үстелде» Қызылорда қалалық сотының судьясы Телжан Жүсіпов нотариус куәландыратын мәмілелерді жарамсыз деп тану туралы дауларды қараудың сот тәжірибесі жайына тоқтала келе келе, кейбір нотариустер куәландырған шарт мазмұнында шарт жасалғаннан кейін болашақта ешқандай талап-тілек немесе шағым қоймайтындары жөнінде көрсетілетіндігін, ал бұл оның сотқа жүгіну құқығын шектейтінін айтты.
Әділет департаментінің құқықтық түсіндіру және халыққа заңгерлік көмек көрсету бөлімінің бас маманы Айгүл Қосбергенова нотариаттық іс-әрекеттер жасау, соның ішінде шарттарды куәландыру барысында нотариус тарапынан орын алатын кемшіліктердің алдын-алу мәселелерін сөз етті. А.Қосбергенова нотариустар тарапынан куәландырылған барлық шарттарда мәміленің мазмұны мен мағынасы, құқықтық салдары туралы тек заң нормаларының баптарына ғана сілтеме жасалатындығын, осының салдарынан тараптардың көбісі заңның баптарын түсінбеуі салдарынан даулардың жиі туындайтынын атап өтті.
«Дөңгелек үстел» барысында облыстық нотариаттық палатаның төрағасы Ләззат Сүйеубаева атқарушылық жазбаны жасау шарттары, осы институтты дамыту тетіктері туралы өз ойларымен бөлісті.
«Дөңгелек үстел» соңында қатысушылар көтерілген мәселелер төңірегінде халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет деген қорытындыға келіп, бұл санаттағы дауларды қарау барысында туындайтын кемшіліктерді болдырмау мақсатында бірлесе жұмыс жасауға және нотариаттық мәмілелерді куәландыру барысында тараптардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сақталуына барынша жағдай жасау жөнінде ұсынымдар қабылдады.
Қызылорда облыстық сотының баспасөз қызметі