Тәуелсіздік тұсында ерен еңбегімен елге үлгі болған жандардың бірі – жаңақорғандық Керімхан Егізбаев. Ол бүгінде «Orda Агротехнология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы. Бұл серіктестік ғылыми өндірістік «Агротехнология» шаруа қожалығы негізінде құрылған.
Еңбек адамы жұмыс жасаудан шаршаған ба, бұл кісіні қашан көрсеңіз де жайдары көңілмен жүреді. «Шаршадым, жасым да келді» деп айтқан емес. Қайта керісінше, айналасындағыларға үлгі болып, елдің игілігі үшін барын салуда. Тіпті, үй ауласын гүлдендіріп, жеміс ағаштарын еккенді жақсы көреді екен. Ол кісінің ауласындағы алма мен алмұртты көргенде еріксіз таңдай қағасың. Алманың ірілігі сонша, апорттан айыру қиын. Ғалым «Ренет Бурхардта», «Ренет Симиренко» деген сорттарды егіпті. Бұдан бөлек, бұл аулада жүзім, өрік, шие сынды жеміс ағаштары өсіп тұр. Егізбаевтар отбасы биыл алмадан екі тонна өнім алып, бір жарым тонна жүзім жинаған.
Керімхан ағамыз өткен жылдың аяғында «Байқоңыр» ӘӘК» ҰҚ АҚ-мен бірге жоғарыда атап өткен «Orda Агротехнология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрды. Қазір қарамағында 1980 гектар жер мен 344 бас мүйізді ірі қара малы бар. Оның 150 басы асылтұқымды «Санта-Гертруда» сиыры екенін айта кеткен жөн.
– Мүйізді ірі қараның бұл түрлері Сырдың ауа райына төзімді келеді. Терісі қалың болғаннан кейін маса, сона, алақанат, кене дегендерге шыдамды. Тіпті, аса көп күтімді де қажет етпейді. Оның үстіне бізде өсетін қамыс шөбін жақсы жейді, – деді К.Егізбаев.
Айтса айтқандай-ақ, төрт түліктің бұл түрі біздің табиғатымызға шыдамды екен. Бұл сөзді мал күтімімен айналысатын Әділбек Байырбековтей бақташы да растап отыр. «Санта-Гертруданың» сыртқы келбеті бірыңғай қызыл-қоңыр түсті болады. Оны басқа сиыр тұқымдастардан осы түсі мен қалың терісі арқылы ажыратады.
Бұл серіктестікте бұдан бөлек, егін бағытындағы жұмыстар атқарылады. Күріштің гектарлық түсімі көбейген. Олар жоңышқа, жүгері, күздік бидайдың жаңа сорттарын кәделеріне жаратып келеді. Өткен жылы күріштің «Ай-Керім» деп аталатын жаңа сорты шығарылып, өндіріске енгізілуде. Алғашқы жылы бұл сорттың 1 гектарлық түсімділігі 105 ц/га, жармалық шығымдылығы 71 пайызды құрады. Биыл бұл дақыл 5 гектардан аса жерге егіліп, одан 100 ц/га өнім алынатыны анықталған. Келер жылы осы сортты 250 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Бұл күріштің «Ай-Керім» аталуында да үлкен мән бар. Ол Керімхан аға мен оның өмірлік жары Айзада апайдың есімдерінен құралған. Жаңа күріш сортын шығару үшін Керімхан Егізбаев он бес жыл өмірін арнаған.
А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.