Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Болашақ» халықаралық стипендиясының иегері, ҚР ақпарат саласының үздігі, медиа тренер Қанат Әуесбайдың қатысуымен «Латын әліпбиі жаһандану тұсындағы рухани жаңғыру факторы ретінде» атты кездесу өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен шараға Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушылары, ғалымдар, үкіметтік емес ұйым мүшелері, тіл мамандары мен студенттер қатысты.
Биылғы жылдың 27 қазан күні Президент Н.Назарбаев қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы Жарлыққа қол қойды. Онда 2025 жылға дейін латын графикасына негізделген қазақ тіліне көшу кезең-кезеңімен жүзеге асырылсын делінген. Сонымен бірге «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Біріншіден, қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық» деп атап өткен еді.
Кездесуде журналист Қанат Әуесбай латын әліпбиін қолданысқа енгізу қоғам үшін маңызды екенін айтты. Ал, Қорқыт ата атындағы ҚМУ оқытушылары өз ойларын ортаға салып, тақырыпты кеңінен талқылады.
Сондай-ақ, білікті журналист өткен жылдың соңында жарық көрген кітабын таныстырып, Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап кітапханасына тарту етті. Шара соңында жас тілшілер сұрақтарын қойып, журналистика саласының тәжірибесімен бөлісті.
Сара АДАЙБАЕВА.