ҚҰТ ҚОНҒАН ҚОБДА

  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жалпы жамағатқа үлкен серпіліс бергендігі еліміздің әр өңірінде көрініс беруде. Ізгі ниетпен ұйымдастырылған шаралар халықтың рухын көтеріп, ауызбірлікке шақыратыны, «Мәңгілік ел» идеясын жүзеге асыру барысында батыл қадамдар жолында серпіліс бергендігі ақиқат.
Қазақ – құдайы қоңсысына қашанда құрметпен қарап, оның жақсысына сүйініп, жаманшылығына күйінетін халық. Әлемде тоғызыншы орын иеленетін ұланғайыр жерді еншілеп отырғанымыз сол ынтымақ пен көрші ақысына адал ниетпен қарағандығымыздың да арқасы шығар, бәлкім. Осы орайда алып территорияда көршілес жатқан Қызылорда мен Ақтөбе облыстары арасында ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында қолға алынған өңірлік әріптестік байланыстары жылдан жылға нығая түскендігі көпке үлгі болса керек. Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың екі облыс арасындағы кооперациялық келісімнің негізінде аймақ шаруаларының өз өнімдерін нарық талаптарына сай өндірумен қатар саудалауға да тың жол ашуы, расында, елдің әлеуетін көтерер мығым шаралардың бірі. Мәселен, көршілес екі облыс арасында 36 келісім жасалынып, соның нәтижесінде 3 млрд 300 мың теңгенің көкөніс, бақша өнімдері саудаға түсті. Бұл Елбасы атап көрсеткен, өнімді өз дәрежесінде өндіре білумен бірге, оны нарық заңдылығына сай тиімді саудалай білудің соқпағы болмақ. Сыр диқандарының осы орайда Ақтөбе облысынан құрылыс материалдарын арзан бағада саудалауға қол жеткізгендігі де екі жаққа да пайдалы болды. Яғни, бұл байланыс Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың іскерлік тұрғыдағы жаңашылдығы.  
Әрине, барыс-келістің пайдасы орасан. Сондай сабақтастықты жақында Ақтөбе облысы Қобда ауданының әкімі, жерлесіміз Мейрамбек Шермағамбет ұйымдастырды. Сол бойынша бір топ қызылордалықтар Қобдаға табан тіредік.
Қобда – Қарақыпшақ Қобыланды батыр жамбасы тиген жер, батыр қыз Әлияның туған ауылы.
«Жас келсе іске» деген бар, аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» шарасы шынайы үлгісін көрсетті. Оған өзіміз куә болдық. «Құт қонған Қобда» атты шара Қобданың кіреберісіндегі арканың салтанатты түрде ашылуынан басталады. Ал, «Қобыланды батыр» кесенесінің ашылғанына 10 жыл толуына арналған республикалық ғылыми-практикалық конференция өз жұмысын бастады. Орталық стадионда жасөспірімдер арасында футболдан жарыс өткізіліп, «Workout» спорттық құрылғысымен және балалар ойын алаңы таныстырылады.  
Іле ауданы күндері аясында салынған «Алтай батыр» сквері, «Исатай Тайманұлы» сквері мен ескерткіші, «Қобда» стелласы, «Мәңгілік ел» саябағы мен «Отан-Ана» демалыс саябағында Әлия Молдағұлованың ескерткіші ашылды. Мерекелік шарада спорттық бағдарламалар да ұйымдастырылды.  Сонымен қатар бұл күні білім саласы қызметкерлерінің сквері пайдалануға беріліп, ауданға келген қонақтар жаңадан ашылған 320 орындық мектеп-гимназиясы мен денешынықтыру-сауықтыру кешеніне тәнті болды. Мерекелік шара барысында аудан орталығында кәсіпкерлік нысандары да өз қызметін бастады. Мәселен, «Гелиос» жанар-жағармай бекеті, «Роза» тігін шеберханасы, «Әдемі-ай» сұлулық салоны, «Зайра» қонақүйі, «Бауыржан» мейрамханасы ашылды.
Жиренқопа  ауылында жалғасқан шарада қонақтар күрделі жөндеуден өткен Қобыланды батыр кесенесіне барып, зиярат  ету, демеушілердің көмегімен салынатын қонақүйдің іргетасын қалау рәсіміне қатысты. Осылай бір күнде 25 нысаннның тұсауы кесілді.
«Ұлы дала дарабоздары» этнофестивалі Қобда ауданы күндерінің ең маңызды шараларының бірі болды десек, аталған этнофестиваль аясында театрландырылған көріністер қойылып, ауданның белгілі азаматтары мен үздіктері марапатталды. Аудан өнерпаздарының қатысуымен мерекелік концерт ұйымдастырылып, ұлттық спорт түрлерінен жарыстар және «Құт-береке дарыған Қобда» атты ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі өткізілді. Мұнда өнімдер күнделікті бағадан арзанға саудаланып жатты. Өз өнімдерін саудалаушылар арасынан жерлестеріміз де күріш, картоп, сәбіз, асқабақ, қыстық қарбыздар секілді Сыр аймағының дәмін ұсынды.
Түстен кейін «Отан-Ана» саябағында «Ұлы Қобда – батырлар мекені» атты әндер байқауы мен эстрада әншілерінің гала-концертін тамашаланды. Қобда ауданының әкімі Мейрамбек Шермағанбеттің жамағатына арнаған лебізінен ел алдындағы парызы мен міндетін атқарудағы жауапкершілігіне риза болдық. Оның командасындағы азаматтар да нағыз сайыпқырандар екен, бір-бірін көзқарастарынан түсініп, жұмылған жұдырықша қызмет жасап жүрді.
«Туған жерге тағзым» акциясы аясында үстіміздегі жылы Қобда ауданында 426 млн теңгеге жұмыс жүргізілсе, 225 млн теңгеге ескерткіштер, скверлер, тротуарлар, қонақ үй салу жұмыстары атқарылыпты. «Құт дарыған Қобда» аталынған аудан күніне бізден де бөлек алыс-жақын шетелдерден келген қонақтар, көрші облыс меймандары мол болды. Бәлкім, осындай ізгілікті істің нәтижесі болар, ауданның негізгі әлеуметтік–экономикалық  даму көрсеткіштері  100 пайыздан артық орындалған екен.

Н.НАЗЫМХАН.
Қызылорда-Ақтөбе.
ҚОҒАМ 06 қараша 2017 г. 1 085 0