Қазақ тілін латын графикасына көшіру

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мазмұны мен мағынасы терең, кез келген жанға ой тастайтын еңбек екені белгілі.Елбасы «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшуімізге кірісуіміз керек.
Бұл –ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы - қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деп, латын әліпбиіне көшудің, рухани жаңғырудың маңызын атап көрсетіп берді. Қазіргі көтеріліп жатқан бастама - келешек ұрпағымыз үшін жасалып жатқан игі іс. Біз осы бастаманы тереңнен түсініп, әліпбиді ауыстырудың астарында саяси-әлеуметтік те мән бар екенін ұғынуымыз керек.
Педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаевтың «Әліпби ауыстыруды белгілі бір елдің тіліне не жазуына қарсылық білдіру ретінде қабылдамай, қазақ тілінің жазуына реформа жасау тұрғысында бағалау жөн» деген пікірі өте дұрыс айтылған. Латын әліпбиіне көшу - қазақ тілінің тазалығын сақтап, дамып өркендеуіне жол ашатын жол.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «2025 жылға қарай ісқағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз. Ол кезең де таяп қалды, сондықтан біз уақыт ұттырмай осы бастан қолға алуымыз керек. Біз осынау ауқымды жұмысты бастауға қажетті дайындық жұмыстарына қазірден кірісеміз» - деп мәлімдеме жасады. Әрине, осындай игі бастаманы халық арасында түсінікті етіп таратып, осы жолда аянбай еңбек ететін ұстаздар қауымы екенін ұмытпауымыз керек. Әсіресе тіліміздің жанашырлары қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері екенін де жасырмаймыз.
Осы мәселе бойынша, рухани жаңғыру бағдарламасы аясында «Қазақ тілін латын графикасына көшіру» тақырыбында латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылау мақсатында Төлеби ауданындағы №4 Қ.Сәтбаев атындағы орта мектеп базасында облыстық семинар-кеңес өткізілді.
Семинар-кеңеске Оңтүстік Қазақстан облысының әдістемелік кабинеттің әдіскері Аблаева Ақмарал қатысып, «Латын әліпбиіне көшудің алғы шарттары» тақырыбында баяндама жасап, Елбасының көтеріп отырған мәселесінің маңызды тұстарын атап көрсетті.Аудандық білім бөлімінің әдіскері Лесбекова Нұргүл «Латын әліпбиіне көшу- заман талабы» тақырыбындағы баяндамасында латын әліпбиінің қазіргі кездегі орны мен атқаратын қызметіне, қажеттілігіне тоқталды. Сонымен қатар Қайнар орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Е.Сытышев «Латын әліпбиіне көшу- болашаққа бастар бағыт» тақырыбында өзінің іс-тәжірибесімен бөліссе, № 6 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ж.Байтемирова «Латын әліпбиіне көшу- қажеттіліктен туған қадам» тақырыбында баяндама жасап,латын әліпбиіне көшу арқылы төл сөздерімізде кездеспейтін басы артық әріптерден құтылып, өз төл дыбыстарымыздың сақталып қалатындығы туралы әдіс алмасты.
Семинарға қатысушылармен «Латын әліпбиіне көшу- тіліміз үшін жасалған игі қадам» тақырыбында дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Ұстаздар берілген сөздерді латын әліпбиінде жаза отырып,ешқандай қиындық туғызбағандығы туралы ой бөлісті. Семинарға қатысушылар латын әліпбиіне көшудің қажет екеніндігіне көз жеткізе отырып, Елбасының игі бастамасына қолдау көрсетті.

ҚОҒАМ 03 қараша 2017 г. 809 0