Шиелі кенті орталығындағы көшеге сот жүйесінің ардагерінің есімі берілді

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың 2017 жылдың 12 сәуірінде жарияланған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы аясында белгіленген міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Қызылорда облысы Шиелі ауданының орталығы Шиелі кентіндегі жаңа көшеге Шиелі аудандық сотының төрағасы қызметін он жыл қатарынан атқарған сот жүйесінің ардагері Өтеген Жарықбайұлы Жарықбаевтың есімі берілді.
Өтеген Жарықбайұлы Жарықбаев Ұлы Отан соғысының ардагері қатысушы, еңбек жолын 1946-1949 жылдары аралығында Қызылорда облысы Шиелі аудандық сотында сот отырысының хатшысы, сот орындаушысы қызметтерін атқарудан бастаған.
1949-1951 жылдары Алматы заң мектебінің тыңдаушысы ретінде заң саласындағы білімін жетілдірген.
1951 жылы Атырау облысы (сол кездегі Гурьев) Қызыл қоға ауданының халық сотының төрағасы болып сайланып, одан кейін облыстық соттың мүшесі болған.
1957-1963 жылдары Ташкент университетін сырттай оқып тәмамдаған.
1957-1975 жылдары Ө.Жарықбаев Қызылорда облысының Тереңөзек, Сырдария, Қармақшы аудандарында сот төрағасы болып абыроймен қызмет атқарады. Одан кейін 1975 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін 10 жыл қатарынан Қызылорда облысының Шиелі аудандық сотының төрағасы қызметін атқарған.
Сот саласындағы ұзақ жылдар бойындағы мінсіз еңбегі үшін Ө.Жарықбаев 23 қыркүйек 1986 жылы «Еңбек ардагері» медалін иеленген.
Мұнан өзге білікті судья өзінің қызметтік міндеттерін адал атқарғаны және қоғамдық жұмыстарға белсене араласқаны үшін облыстық Әділет Басқармасы бастығының, облыстық кәсіподақ кеңесі төрағасының, Халық депутаттары облыстық кеңесінің құрмет грамоталарымен бірнеше дүркін марапатталған.
Шиелі аудандық сотының ұсынысы негізінде сот жүйесінің ардагерінің есімін Шиелі кентіндегі көшеге беру рәсіміне сәйкес өткізілген салтанатты жиынға Қазақстан Республикасы Судьялар Одағының Қызылорда облыстық филиалының мүшелері Қызылорда облыстық сотының судьясы М.Ахметов, Қызылорда қалалық сотының төрағасы М.Еркінбеков, Шиелі аудандық сотының төрағасы М.Күздеубаев, аудандық сот судьялары, сот саласының ардагерлері, аудан, кент әкімдері, аудандық ардагерлер кеңесінің мүшелері, прокуратура, адвокатура, ішкі істер органдарының өкілдері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Салтанатты шараны Шиелі ауданының әкімі Ә.Оразбекұлы құттықтау сөзбен ашты. Өз кезегінде Қызылорда облыстық сотының судьясы М.Ахметов, сот саласының ардагерлері Ж.Аяпбергенов, Т.Баймағамбет, З.Жаңбыршаева ардагер судья Өтеген Жарықбайұлы Жарықбаевтың өмірі мен қызметі жайлы естеліктермен бөлісті.
Шараға қатысушылар Ө.Жарықбаевтың сот жүйесінің дамуы мен өркендеуіне қосқан ерен еңбегін ерекше атап көрсетті.
Шара аясында салтанатты жиынға қатысушылар Шиелі аудандық сотының музейінде болып, онда ардагер судья Ө.Жарықбаевтың өмірі мен қызметінен сыр шертетін деректермен танысып, музейге қойылған судьяның пайдаланған заттарын тамашалады.

Шиелі аудандық сотының баспасөз қызметі.
ҚОҒАМ 03 қараша 2017 г. 804 0