ЕҢБЕККЕ БАУЛИТЫН ЕРЕКШЕ ШАРА

Облыс орталығындағы «Абылай хан» колледжінде техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының арасында дәстүрге айналған «Кәсіптік білім және бизнес: Әріптестер сұхбаты» атты VIII облыстық еңбек форумы өтті. 2012 жылдан бастап аймақта тұрақты түрде өтіп келе жатқан форумға қала мен аудандардағы техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындары қатысты.
Форум 3 секция бойынша жұмыс жасады. Олар: «Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауы – Қазақстандық білім беруді жаңғыртудың стратегиялық факторы» тақырыбында директорлар кеңесінің кеңейтілген отырысы мен «Техникалық және кәсіптік білімнің мазмұнын жаңарту жолдары» тақырыбын саралады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында тәрбие жұмысы арқылы тұлғаның жалпыұлттық құндылықтарын қалыптастыру мәселелері қозғалды.
Бастысы, еңбек форумы өңірдегі жүзеге асырылып жатқан индустриялық-инновациялық жобаларға, шағын және орта бизнес өкілдеріне қажетті мамандар даярлаудағы өзекті мәселелер талқыланатын, алдағы жоспарлар айқындалатын мәнге ие болып келеді. Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында қоғамдық пайдалы қызметке жастар ісі жөніндегі комитеттерін дамыту жолдары» тақырыбында секциялар жұмыс жасады.
Айта кетерлігі, форумда білім алушылардың «Өнертапқыш-2017» техникалық шығармашылық жетістіктерінің, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарының әдістемелік жұмыстары мен «Техникалық және кәсіптік білім беретін үздік ұйым-2017» көрмесі ұйымдастырылды. Мәселен, көрмеде Қазалы ауданындағы агротехникалық колледж студенттері өздерінің зертханасында жасаған тәтті өнімдері мен өсірген көкөністерін сөреге қойыпты. Үнемі ізденіп жүретін жастардың еңбектері нағыз шебердің қолынан шыққандай. Форумның пленарлық отырысына жергілікті атқарушы органдар, «Атамекен»ҰКП өкілдері қатысып, білім алушыларды өндірістік мекемелерде тәжірибеден өткізу жайында колледждер мен әлеуметтік серіктестер арасында келісімшарттарға қол қойылды.
Форум соңында аталған білім саласының үздіктері мен байқау жеңімпаздары айқындалып, арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Сара АДАЙБАЕВА.
ҚОҒАМ 02 қараша 2017 г. 565 0