Алматыда ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиясы Алматы әкімдігімен және «Әкелер одағы» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып, ІІ Республикалық әкелер форумын өткізді.
Форумда отбасы институтын және отбасылық тәрбиедегі әкенің ролін нығайту, «Рухани Жаңғыру» қоғамдық сананы жаңғырту аясында балалардың патриоттық сезімін қалыптастыруға, білімге ұмтылысты өсіруге қоғамның назарын аудару мәселелері талқыланды. Форум жұмысына Парламент депутаттары, Ұлттық комиссия мүшелері, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылары, қоғамдық қайраткерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, сонымен қатар үлгілі әкелер – барлық өңірден келген делегаттар қатысты.
Қызылорда облысынан аталған форумға Жалағаш кентіндегі Т.Жүргенов атындағы №123 мектеп-лицейінің тәрбие ісінің орынбасары Б.Майбасаров, облыстық ішкі істер департаментінің жергілікті полиция қызметінің жол-патрульдік полиция ротасының командирі, полиция капитаны Е.Нұрмағанбетов қатысты.
Іс-шараның соңында үздік үлгілі әкелерге Ұлттық комиссияның атынан алғыс хаттар табыс етілді. Сонымен қатар, форум аясында «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, онда форумға қатысушылар балалар мен жастардың тәрбиесіне әкенің қатысу мәселелері, сондай-ақ Қазақстанда әкелер институтын дамыту жолдары талқыланды.
Шынар БЕКБАН.