Мемлекеттік тілді реформалау саясаты – Тәуелсіз еліміздің тарихындағы ерекше қадам деп ойлаймын. Оның басты себебі, бүгінде әлем елдерінің 70 пайыздан астамы латын әліпбиін қолданады. Ғылым мен техниканың да болашағы осы тілмен байланысты екені сөзсіз. Сондықтан біз дер кезінде дұрыс шешім қабылдай білдік.
Сонау 1929-1940 жылдар аралығында елімізде латын әліпбиі қолданылғаны баршаңызға белгілі. Сол кездегі мұрағат деректері, мерзімді басылымдар осы әліпби негізінде сақталған. Мәселен, ғылыми ізденістер барысында сол құнды мәліметтерге жүгінген болатынбыз. Демек, бұл қадам рухани жаңғыруымыздың бастамасы деп қабылдауымыз керек. Қоғамның талқысынан өтіп, жаңа әліпбиіміз қолданысқа енді. Ал 2025 жылға дейін бұл бағыттағы әзірлік жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырыла бермек. Айта кетейік, қазіргі кезде мектеп оқушылары мен жалпы жастар үшін латын әліпбиін үйрену аса қиындық тудырмайды. Бастысы, латын әліпбиіне оралу – біз үшін саяси, экономикалық, мәдени тұрғыдан оң өзгерістерге жол ашып, еліміздің беделін арттыра түсетін болады.
Сәкен СЕРІКБАЕВ,
«Өрлеу» біліктілігін арттыру ұлттық орталығы АҚ филиалы
Қызылорда облысы бойынша педагогикалық
қызметшілердің біліктілігін арттыру институты
директорының орынбасары,
тарих ғылымдарының кандидаты.