Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осы жылдың сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында латын әліпбиіне көшу мәселесі айтылғалы ол қоғамда қызу талқыланғаны белгілі. Жуырда тиісті комиссия жұмысын аяқтап, соңғы жоба Елбасы Жарлығымен бекіді. Бұл – тарихи шешім. Осы орайда ел Президентінің еңбегін ерекше атап өту қажет. Мемлекет басшысы латын әліпбиіне көшу идеясын өзі бастап «Қазақстан-2050» Стратегиясында айтқан болатын.
Біз Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың филолог-ғалымдары қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіруді қолдаймыз. Ал Елбасы қабылдаған шешімді тарихи шешім деп бағалаймыз. Латын жазуына көшеміз деп айта салу оңай, ал оны жүзеге асыру үшін үлкен шараларды қолға алуымыз керек. Келесі жылдан бастап тиянақты іске асыруға кірісеміз. Алда әлі толып жатқан міндеттер тұр. Кейбіреулер компьютердің көмегімен барлық дүниені латын әліпбиіне көшіре салуға болатынын айтады. Менің ойымша, бұлай жеңіл жол іздеген дұрыс емес. Мазмұнды оқулықтар мен әдебиеттің барлығын жүз пайыз сауатты жасап, аудару қажет. Сонымен қатар балабақшада, мектептерде, жалпы білім үдерісінде латын әріптерін жазуды үйрететін пән – каллиграфия (жазу өнері) деген сабақты енгізу керек. Мұны тез арада қолға алған жөн. Сондай-ақ латын қарпін сауатты жазатын, оқытатын мұғалімдер дайындау қажет. Осы бағыттағы жұмыстардың бәрін тез арада тиянақты атқара білсек, ұтарымыз мол болмақ.
Г.БАЯЛИЕВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дың қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының доценті,
филология ғылымдарының кандидаты.