Жуырда Қазақ соқырлар қоғамының Қызылорда бөлімшесінің құрылғанына 80 жыл толуына орай «Жемісті жылдар, өрісті жырлар» атты салтанатты жиын өтті. Шараға Қазақ соқырлар қоғамында есепте тұратын ардагерлер шақырылып, мерекелік дастархан жайылды.
Шара барысында қоғамға еңбегі сіңген сала мамандары марапатталып, қоғам есебінде тұратын жастар концерттік бағдарлама ұйымдастырды. Қазақ соқырлар қоғамына қарасты кітапхана жанынан құрылған «Сырласу» клубының мүшелері ардагерлерге шапан жапса, ақ жаулықты апаларға қамзол жауып қуантты. Осындай шараны жоғары деңгейде өткізуге бар ынта-жігерін салып еңбектенген жастарды атап өтпесек, әрине, азаматтығымызға сын. Олар Ролан Бименов, Данияр Нұрымбетов, Бауыржан Еспембетов есімді азаматтар.
Қайырымы мол шараға демеушілік жасаған «Сыр медиа» ЖШС басшысы А.Оңғарбаевқа, «Керемет сауда» ЖШС орталығы басшысы М.Баймағанбетовке Қазақ соқырлар қоғамы атынан үлкен ризашылықтарын білдірген ұйымдастырушылар, олардың қызметтеріне табыс тіледі.
Бүгінгі таңда облыс бойынша 1226, қала аумағында 400-ге жуық бірінші және екінші топтағы көз жанарынан айрылған мүгедек есепте тұр. Осы азаматтардың әлеуметтік өмірге бейімделуіне жағдай жасау мақсатында облыс әкімдігі озық үлгідегі жаңа кітапхана ашып берген болатын. Бүгінде мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тифломагнитолла, компьютерлер, «Сара» оқу машинасы, брайлша дисплей, «Оникс» электронды үлкейткіш құралы бар кітапхана оқырмандарына қуаныш сыйлауда.
Н.САҒАТҰЛЫ.