БИ ӨНЕРІ – БАҚЫТЫ

Жуырда облыстық филармонияда Сыр елінің өнер майталманы, балетмейстер, белгілі хореограф, Ы.Алтынсарин медалінің иегері Болат Қаржаубаевты еске алуға арналған «Томирис» би ансамблінің концерті болып өтті. Оған Болаттың баласы мен бауыры Мұрат Қаржаубаев қатысты.
Шара басталар тұста проекторлы экраннан Б.Қаржаубаев туралы бейнесюжет көрсетіліп, дарынды өнер иесі жайлы жан-жақты мағлұмат берілді. Оның білімге құштар болғаны айтылды.
Болат ағамыз училищеде 8 жыл бойы би өнерінің қыр-сырын меңгеріп шыққан. Оны бітірген соң Алматы қаласындағы түрлі ансамбльдерде, одан опера театрында жұмыс істеді. Одан соң кәсіби биші ретінде қалыптасып, өзінің туған жері Сыр өңіріне келіп, еңбек жолын колледжде жұмыс жасап жалғастырды. Бүгінде Болат Майлыбайұлының артынан ерген қаншама шәкірттері бар. Қазір олардың өзі ұстаз болып жүр. Сондықтан, талантты биші өзі өмірден ерте кетсе де, оның өнері ешуақытта өшпейді.
Еске алу концертіне Болат Қаржаубаев өзі қызмет еткен Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық колледжінің «Сыр сұлуы» халықтық би ансамблінің жетекшісі Төребек Бақтыбаев, қалалық мәдениет үйінің «Арайлы» би ансамблінің жетекшісі Ақмарал Қойшығұлова, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Дидар» халықтық би ансамблінің жетекшісі Гүлбану Мырзабаева қатысып, аталған би ұжымдары шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Шарада «Қазыналы қазағым», «Ақ кербез», «Сыр сұлулары», «Ерке бала», «Дала қызы», «Бұрымды қыз Құралай», «Шаңырақ шаттығы», «Шолпы», «Дала сазы» сынды қазақ және «Алтай биі» орындалды. Сонымен қатар, А.Жұбанов, Л.Хамиди «Абай» операсынан «Қарлығаш» биі мен Ш.Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әніне қойылған композиция сахналанды.

А.ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.
ҚОҒАМ 31 қазан 2017 г. 997 0