ҒАНИДЫҢ ТУЫСЫ ШИЕЛІДЕ ТҰРАДЫ

Өткен ғасырдың бас кезінде небәрі 23 жыл ғана жасап, аққан жұлдыздай жарқырап өте шыққан Ғани Мұратбаевты тәуелсіз еліміздің жастары өнеге тұтуы тиіс. Өйткені, бүгінгі күнді ғана емес, келешек үшін басын тігер Ғанидай жігерлі жас қазақ үшін қашанда керек. Еске салайықшы, жарқылдап тұрған жалынды жас шығыс жастарының көшбасшысы болды. Түркістан комсомолының ІІІ съезінде орталық комитеттің мүшелігіне сайланса (1920 жыл), сонымен қатар қазақ-қырғыз бюросын да басқарды. Ал 1921 жылы әуелі Самарқан өлкелік комсомол комитетінің, кейіннен Түркістан Республикасы комсомол ұйымы ОК-нің бірінші хатшылығына сайланды. Осы уақыт аралығында Тәшкен қаласында «Жас алаш» газетін ұйымдастырып, оның тұңғыш редакторлығын да атқарды.
Ғани 1925 жылы Мәскеуде орталық комитетте қызмет атқарып жүрген шағында өкпе ауруынан қайтыс болады. Мәскеу тұрғындары мәңгілікке кете барған Ғаниды үш күн аза тұтты. Балтық теңізінің 200 жауынгері құрметті қарауылда тұрды. Қысқа ғұмырында өшпес із қалдырған Ғани Мәскеудегі Ваганьков зиратына жерленді.
Аққан жұлдыздай жарқ етіп көрініп, соңында сөнбес сәуле қалдырған Ғани Мұратбаев қазақтың мақтанышы! Жастардың қайсар да жігерлі жол көрсетушісі. Шығыс жұлдызы атанған Ғанидың есімі көптеген білім ордаларына, көшелерге беріліп, өнеге нұрын сеуіп тұр. Деректі құжаттардан белгілі Ғани Мұратбаевтың туып-өскен мекені – Сыр бойы. Атадан бірге тумақ болса да, бірге жүрмектің жоқ екендігіне қай-қайсымыз да қарсы дау айта алмаспыз. Расында, солайына солай. Жүрегінде оты, бойында жігері бар Ғани ат жалын тартып мінер шағынан оқу іздеп Қазалыдан Ақмешітке аттанды. Одан әрі қарай Тәшкенге жол тартты, Мәскеуге сапар шекті. Білім іздеумен қатар, әділдіктің жақтаушысы болудан бір жаңылыспады. Қаншама қазақ жастарының қамқоршысы болды десеңізші?! Елім, жерім деп жүріп бойына дерт байласа да, адалдықтың сертінен таймады-ау! Ақыры арқырап жүріп, Мәскеуде көз жұмды. Оның істеген өнегелі ісі, міне, бүгінге дейін мақтанышпен еске алынады.
Ғанидың тегі туралы хабардар етерде, қазақы шежірені тарата айтсақ, Әлімнің Қарасақалы. Қарасақалдан Шіңгір, одан Наймантай болып бері тарайды. Арғы аталары Орысбайдан Мұратбай мен Салықбай. Мұратбайдан Ғанидың жалғыз өзі, ал Салықбайдан – Ағыбай. Ал Ағыбайұлы Сәдуақастың отбасы ұзақ жылдар Шиелі кентінде тұрды, жарықтық кенттің түстік беткейіндегі М.Мәмбетова көшесінің тұрғыны, ауылдас ағамыз еді. Сәкеңді 2000 жылдары ауыл-аймағымыздың сөз бастар шешені, жол бастар көсеміне айналған Мажай ағамыз таныстырған еді. Сондағы әңгіме былай өрбіген-ді:
– Әкеміздің бір қарындасы Бағдагүл Шымкент жақта үйлі-баранды болса, жездеміздің аты-жөні – Жалмағанбет Таласов деген кісі еді. Ал екінші қарындасы Базаркүл осы Шиеліге тұрмыс құрған екен. Оның күйеуі Аппаз Құлмағанбетов ауылдық кеңесте қызмет атқарыпты. Ет-сүт және түрлі салықтарды жинаушы қызметін істейтін-ді. Біз осында Қазалыдан Шиеліге көшіп келген 1953 жылдың наурыз айында мен төртінші сыныпта оқитын едім. Соғыстан кейінгі жүдеу тірліктің ауыртпалығын жеңілдету мақсатында болар, бақуатты тірлік кешіп жатқан апамыз бен жездемізді пана тұтып, осында келдік-ау деймін. Әкем Ағыбай келе колхоз жұмысына араласты. Шешем Жаңылтай болса, үй шаруасынан ұзай алмады. Мені кент орталығындағы №45 қазақ орта мектебіне берді. Өзімнен кейінгі қарындасым Бақыт менен жеті жас кіші болатын.
– Әкеңіз Ғани туралы әңгіме айтатын ба еді, айтса, есіңізде қалғаны бар ма?
– Әрдайым жүрегі қарс айырылып айтып отыратын еді. Ғани Тәшкенде, кейде Мәскеуде оқып, қызмет істеген кездерінде ара-арасында ауылға соғатын көрінеді. Қолындағы шамаданы толы кітап болады екен. Ауылдағы үлкендерге сәлем бере жүріп, кітаптарды дауыстап оқып беретінін жыр ғып айтатын-ды. Шамасы, білімнің жанып тұрған шырақ екендігін насихаттайтын болар. Әкем Ғани қайтыс болар 1925 жылдың сәуір айының басында Мәскеуге барып, ауруханада жатқан оның жанында болыпты. Сонда бақұлдасып қайтқан болар, ол кісі содан кейін көп ұзамай қайтыс болыпты ғой. Ғани ағаның жанында жүрген небір айтулы азаматтарды да әкем сол кезде көрген көрінеді. Соның бірі қоғам қайраткері, сырлас ағасы Нәзір Төреқұлов жөнінде де әңгімелейтін. Сонда, Сәдуақас аға әңгіме арқауын өре отырып, өзі туралы да мәлімет айтты. Сәкең 1959 жылы орта мектепті бітірген соң, түрлі шаруашылықтарда механизатор болып еңбек етеді. Үш жыл бойы әскер қатарында азаматтық борышын өтеген соң, жол мекемесіне электрмен дәнекерлеуші, кейіннен депода аккумуляторшы мамандықтарын абыроймен атқарады. Осы жұмыстарын зейнетке шыққан 1996 жылға дейін жалғастырған көрінеді. Өмірлік қосағы Таскүл екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиеледі. Жандарбегі мен Әлібегі күнкөрістік кәсібі бар жігіттер. Үйленген. Ата-анасына немере сүйгізді.
Қыздардан тараған жиендері де өсіп келеді. Өткінші өмір емес пе, Ғани Мұратбаевтың ең ет жақын туысы Сәдуақас ағамыз да өмірден өткелі бір жыл айналыпты. «Адам – көшкен бір дүние» деген осы.
Иә, біле жүргеннің артықтығы болмас, есімі елге белгілі шығыс жұлдызының ең жақын туыстары алпыс жыл бұрын шырайлы Шиеліге осылай тұрақтаған-ды.

Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі кенті.
ҚОҒАМ 31 қазан 2017 г. 549 0