Отан қорғаушыларына сәттілік тілейміз!

Қызылорда облысының мерзімді әскер қатарына шақырылушы 50 азамат Талдықорған қаласының солтүстік-шығысында орналасқан «Үшарал» елді-мекеніндегі Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне қарасты №40398 әскери бөлімінде Отан алдындағы борыштарын өтейтін болады.
Бұл топтың ерекшелігі 10 азамат Тараз қаласының әскери-техникалық мектебінде маусым - қыркүйек айларында арнайы әскери көлік жүргізу мамандығын даярлайтын курсынан өтіп, әскери өмірге бір саты машықтанғандар.
«Шығыс өңірлігі» әскери бөлімнің Тәрбие және идеологиялық жөніндегі бөлімінің аға офицері психолог майор Д. Сейдалиевтің айтуынша: Қызылорда қаласына алғаш келіп отырмын. Осы тұста психолог маман ретінде болашақ еліміздің қорғаушыларына зерттеу- зердеулеу бағытында жұмыстар жүргіздім. Нәтижесінде жігіттердің өз борыштарын өтеуге жігерлілік тана білгендері қуанта алды.
Осы күнге дейін Шығыс өңірлігінде орналасқан әскери бөлімдерге келген Қызылордалық сарбаздар өздерін кез-келген бағытта жақсы деңгейде көрсете білді. Тапсырылған бұйрықты тиянақты жауапкершілікпен орындай алуы, тәртібі, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыру бағытында да өнерлі. Сыр елінің аптап ыстығы мен қызыл құмына аунап өскен сарбаздарымыз, шығыстың шыңырауынан өтетін қара суық желге төзімді келеді.
Естеріңізге сала кетейік, Елбасы Н.Назарбаевтың «Әскери қызметтің белгіленген мерзімін өткерген мерзімді әскери қызметтегі әскери қызметшілерді запасқа шығару және Қазақстан Республикасының азаматтарын 2017 жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – жел-тоқсанында мерзімді әскери қызметке кезекті шақыру туралы» № 449 Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлыққа сәйкес 18 жастан 27 жасқа дейінгі ер азаматтар қолдарына шақырту қағазын алған күннен бастап, ағымдағы жылдың наурыз – маусымында және қыркүйек – желтоқсанында жергілікті мекенжай бойынша орналасқан жергілікті әскери басқару органдарына (военкомат) баруға міндетті.
2017 жылғы күзгі әскери қызметке шақыру жұмыстарын сапалы өткізу мақсатында ағымдағы жылдың 10 шілдесі мен кыркүйектің 28-не дейін Қызылорда облысына қарасты аудандар және Қызылорда қаласындағы, кенттер мен ауылдық округтерінде бекітілген жоспарға сәйкес әскер қатарына шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен алдын-ала зерделеу жұмыстары атқарылды. Нәтижесінде, Қызылорда облысы бойынша 4566 азаматқа зерделеу жұмысы жүргізілді. Іріктелгені 1278 .
Жастарды әскерге шығарып салу іс-шарасы қыркүйек айының 5-нен желтоқсан айының 27-дейін жалғасады. Алғашқы әскери қызметке жолдама алған топ толықтай ережеге сәйкес заңдық тұрғыдан жасақталды. Нәтижесінде 190 азамат Қазақстан Республикасы Ұлттық Қауіпсіздік комитеті Шекара қызметіне жіберілді.
Қазан айында Қазақстан Республикасы Мемлекеттік күзет қызметіне 15 азамат, және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне қарасты Шығыс өңірлік Аягөз қаласындағы 10181 әскери бөліміне 50 сарбаз жіберілді.
Биылғы күзгі науқанда Қызылорда облысынан Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне қарасты және өзге де әскери құралымдарына қызметін өтеуге 800-ден аса азамат аттанатын болады.

Ақерке Шағырбаева.
ҚОҒАМ 27 қазан 2017 г. 818 0