СЫР СҰЛУЫ «ӘЛЕМ АРУЫНДА»

«Қазақстан аруы - 2016» байқауының жеңімпазы – Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы-2017» байқауына қатысу үшін аспан асты елі Қытайда. Бүгінде «Теңдессіз сұлу» атанған жерлесіміз Қазақстан атынан сынға түсетін байқауға қызу дайындалып жатыр. Бұл туралы «Қазақстан аруы» байқауының Инстаграмдағы ресми аккаунтында мәлім етілді.
«Біздің сұлуымыз, «Қазақстан аруы-2016» Гүлбану Әзімханова «Әлем аруы» байқауына қатысу үшін Қытайға ұшып барды. Финал 18 қараша күні Санья қаласында өтеді. Қызу дайындық жұмыстары жүруде», - делінген жазбада. Гүлбанудың өзі де Қытайдың Гуанчжоу қаласына ұшып келгенін хабарлады. «Бүгін менің #missworld байқауындағы алғашқы күнім. Мұнда ауа райы жып-жылы, бұл маған сөзсіз ұнайды», - деп жазады Г.Әзімханова.
Биылғы «Әлем аруы» байқауы осымен 67-ші рет өткізілмекші. Ұйымдастырушылардың айтуынша, биылғы сұлулық дода әлеуметтік желілер мен интерактивтілікке басымдық беретін жаңа форматта өтпек. Ол Head-to-Head Challenge деп аталады және оған 40 үздік қатысушының 20-сы іріктелініп алынады. 18 жастағы Гүлбану Әзімханова өткен жылдың желтоқ-сан айында «Қазақстан аруы-2016» атанған еді. Тікелей эфирде көрермендер дауысының нәтижесінде жеңіске жеткен Гүлбану Қазақстанның ең һас сұлуы атанып, бес миллион теңге көлемінде ақшалай сыйлық алды. Сондай-ақ «Әлем аруы-2017» халықаралық байқауында Қазақстанды таныстыру мүмкіндігіне ие болды. Кейінірек «Қазақстан аруы-2016» жеңімпазының ресми фотосессиясы жарияланды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ҚОҒАМ 27 қазан 2017 г. 878 0