ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІНІ ҚАЛАЙ ПАЙДАЛАНЫП ЖҮРСІЗ?

Қазір қоғамда әлеуметтік желіге байланысты жастардың ойы екіге бөлінген. Бірі тиімді пайдаланып қажетіне жаратса, бірі кері әсеріне тап болып, қиындыққа душар болуы мүмкін. Соңғы кездері осы желілер арқылы қауіпті селфилерге, суицидке жол беретін бейнесюжет кеңінен таралған. Сондықтан жастар әлеуметтік желіні дұрыс пайдалануы үшін елімізге танымал блогерлер бірлесіп жұмыс жасауда.
Осы ретте Қызылорда қаласындағы А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде «Жігер. Абырой. Сана» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Әлеуметтік желі психологиясы» деген тақырыпта интернет-форум өтті. Оған елімізге белгілі блогерлер, жастар ұйымдарының белсенділері мен студенттер қатысты.
Шараның мақсаты – жастарды әлеуметтік желі әдебімен таныстырып, сауаттарын арттыру және желі психологиясымен таныстыру. Сонымен бірге қосымша жазу, суретке, видеоға түсіру машығының алғышарттарын қалыптастыру болып табылды.
Форумда сөз алған блогер Есен Елеукен: – Қазіргі кезде әлеуметтік желіні пайдаланбайтын жас жоқтың қасы. Бос уақыт болса, желіге шырмалып, сол бір әлемге еніп кетеді. Бұған тосқауыл болу керек. Жастардың әлеуметтік желіні сауатты пайдалануы үшін біз еліміздің барлық өңірлерінде болып, түрлі семинар, тренингтер мен кездесулер өткізіп, дәрістер оқимыз. Жастар қоғамның қозғаушы күші болса, менің жұмысым олармен тікелей байланысты. Сонымен бірге әлеуметтік желіні дұрыс қолдану жолдарын түсіндіреміз. Тіпті «Жайдарман» ойындарының бір тақырыбында осы мәселені көтердік,-деді.
Мұнан әрі сөз алған Асхат Шотаев «ең бастысы ата-ана баласының интернетте қандай сайттарға кіріп, не көретінін қатаң бақылауға алу керек. Тіпті тіркелген әлеуметтік желілерін, ондағы достарын, қандай видеоларды көретінін назарда ұстап отыру шарт. Себебі теріс ақпараттарға тап болуы мүмкін» деген ойымен бөлісті. Сондай-ақ, форумға қатысқан Аршат Ораз,
Жанасыл Болатбек, Нұрлан Құлымбетов секілді блогерлер тақырып аясында дайындалған сюжеттерімен жастарға әлеуметтік желінің пайдасы мен зияны жайында кеңінен баяндады.
Сонымен қатар форумда тақырып аясында өткен апталық оқу курсына қатысқан жастарға қала әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов сертификат табыс етті.
Жалпы, форумның жастарға берері мол болды. Себебі интернетті қандай мақсатта пайдаланатынын жастардың көбі назарға ала бермейді. Мұндай форумдар алдағы уақытта жалғасын тауып, өз жемісін беретін болады.

***

Облыстық ішкі саясат басқармасы мен «Руханиятты қолдау» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен журналист, блогер Алмас Алтайдың БАҚ өкілдері, баспасөз хатшылары, студенттермен кездесуі өтті.
Басқарма басшысы Айдын Қайруллаевтың кіріспе сөзінен соң блогер әлеуметтік желіде қоғамдық пікір қалыптастыру, белсенді болу жолдары туралы білгенімен бөлісті. Әкімдер мен басшылардың танымалдығы өзінен бұрын баспасөз хатшыларының қарымына байланысты екенін жеткізді. Жаңа медианың мүмкіндіктері, азаматтық журналистиканың дамуына қатысты мәселелер де қозғалды.
А.Алтай журналистикада бірнеше жыл еңбек еткен. «Бірінші» арнада жүргізуші, «Қазконтент» АҚ-да бас маман, «Хабар» агенттігінде редактор, «Астана ТВ» арнасында тілші болды.

Сара АДАЙБАЕВА.
ҚОҒАМ 27 қазан 2017 г. 1 146 0