Берекелі күзбен бірге диқандар үшін мерекелі күндер қатар келеді. Қамбамыз дәнге толатын, даламыз әнге бөленетін кез де осы шақ. Көктемде еккен егінін жаздай баласындай күтіп-баптайтын егіншілер қауымына сары алтындай несібесін жинайтын күз мезгілі ерекше қуаныш сыйлайды.
Биыл Сыр диқандары егін науқанын мол табыспен аяқтады. Ауыл шаруашылығы саласын өркендету мақсатында өнімдерді экспортқа шығару да жолға қойылған.
Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен өткен тоғыз айды қорытындылаған жиында облыс әкімінің орынбасары Серік Қожаниязов ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттың әлеуеті жайында кеңінен айтып өтті.
– Қазір ауыл шаруашылығы өнімдерін сату нарығын кеңейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Тарқатып айтар болсақ, Қытайға жылына 5 мың тонна, Түркияға жылына 1 мың тонна және Иранға жылына 8 мың тонна күріш жіберу бойынша келіссөздер жүргізілген. Көп жылдардан бері қордаланып келген бақшалық дақылдар экспорты да қолға алынды. Нәтижесінде, биылғы жылы оның көлемі 8 есеге дейін артты, – деді ол.
Үкіметтің қолдауымен облыстың буферлік аймақтан шығуы малды экспорттауға мүмкіндік берді. Бүгінде малдың алғашқы партиясы Иранға жөнелтілді. Жыл аяғына дейін аталған елге 10 мың бас қой экспортталатын болады. Ал, болашақта экспортқа ет және ет өнімдерін шығару көзделіп отыр.
Ауыл шаруашылығы министрлігі бекіткен облыстар бойынша индикативтік жоспарға сәйкес ағымдағы жылы Сыр елі 100 тонна сиыр және 25 тонна қой етін экспортқа шығаруды жоспарлаған болатын. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысы Бақыт Жаханов осы шаралардың қалай жүзеге асып жатқанын тілшімізге былайша әңгімелеп берген болатын.
– Экспортқа алдымен қой еті шығарылуына байланысты бүгінде Сырдария ауданында 10 мың бас аналық қой өсіріп, жылына 250 тонна ет өндіретін мал шаруашылығы кешенінің құрылысы аяқталды. Алдағы уақытта аналық мал басын көбейту және экспортқа шығару мәселесі де пысықталатын болады. Жылқы етін экспорттау мақсатында облыста арнайы сервистік дайындау орталығын құрып, ет экспорттау логистикасын зерттеп, келер жылы Шығыс Еуропа елдеріне жіберу жоспарлануда. Осыған байланысты «Танқаман» ЖШС Еуроодаққа жылқы етін экспорттайтын кәсіпорындар реестріне енгізіліп, еурокод алу жұмыстары басталып кетті. Алдағы уақытта осы кәсіпорын негізінде сервистік дайындау орталығын құру жұмыстары жүргізілетін болады, – деді басқарма басшысы Бақыт Жаханов.
Мемлекет басшысының агроөнекәсіптік кешен бойынша қойған тапсырмаларын Агрокартаға сәйкес іске асыру арқылы 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын 5 есеге дейін арттыру көзделген. Биылдан бастап облыстың экспорттық мүмкіндіктері қолға алынып, басқа мемлекеттерге шығаратын өнімдердің түрлері мен олардың көлемі ұлғайтылды. Осы ретте ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында аймақта ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспорты 48,3 пайызға өскенін айтып өту қажет.
Өткен жылмен салыстырғанда биыл күріш экспорты 53 пайызға немесе 19 мың тоннаға артты. Бұл да үлкен көрсеткіш. Сонымен бірге, Иран нарығын игеру мақсатында өткен жылы сол елде үлкен сұранысқа ие «Тором Хошеми» күріш сорты Сыр өңірінде тәжірибелік негізде өсірілді. Еткен еңбек текке кетпеді. Оның өнімділігі мен сапасы бойынша жақсы нәтижелерге қол жеткізілді.
Жуырда облыс делегациясы Иран Ислам Республикасының Мазандаран, Гүлістан провинцияларына іссапармен барып қайтты. Сапар барысында облыс басшылары сол елдің кәсіпкерлерімен ирандық сорттарды аймақта өндіруді қаржыландыру және өндірген өнімді түгел Иранға экспорттау жөнінде келісімге келді.
Биыл күріштің алғашқы 60 тоннасы Иранға экспортқа жіберілетін болса, алдағы жылдары ирандық күріш сорттарын 5 мың гектарға егу көзделуде. Нәтижесінде жылына кем дегенде 10 мың тонна күріш экспорттау жоспарланып отыр. Сонымен қатар, үстіміздегі жылы Ресейге 110 тонна көкөніс, 5933 тонна бақша өнімдері экспортталса, Иран Ислам Республикасы мен Біріккен Араб Әмірлігіне 1944 бас қой жіберілген.
Ауыл шаруашылығындағы экспорт әлеуетінің артуы бұл саланың дамуына үлес қосып қана қоймайды, сонымен қатар, еңбекші жұрттың несібесін де еселей түседі.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.