Қай заманның ойшылы болмасын, ойландыратын бір ғана мәселе бар, ол халықты бақытты ету жолдарын іздеу. Елбасы Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауының түпкі негізі дәл осы халық пен мемлекеттің кемел келешегі, өркениетті өмір сүру мақсаты екені айқын. Мұндай мақсатты істі межелеуге «Нұр Отан» партиясының ықпалын қосудың тиімділігі өз нәтижесін беріп келеді.
Қазір «Нұр Отан» қазақстандық көшбасшы партия ғана емес, әлемдік деңгейде де бағыт-бағдары айқын және даму барысы дараланған биіктігімен бағалы болып отыр. Мемлекет басшысы дәстүрлі Жолдауында «Нұр Отан» партиясына басымдық беріп, қоғам тынысындағы қайбір мәселеге де партияның араласуына жол ашып келеді. Сондықтан «Нұр Отан» партиясының «Қазақстан. 2017 мақсаттары. Ұлттық іс-қимыл жоспары» сайлауалды тұғырнамасын, Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласын, «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір ел» стратегиясы жауапкершілік пен міндеттер тұрғысында маңызы жоғары, мәні биік болып тұр.
Ғылыми терминде «герменевтика» деген сөз бар. ХХ ғасыр философиясында герменевтика мәдениеттің ғылыми жетілуі және адами руханият дегенді білдіреді. Яғни, уақытпен үндесудің және жауапкершілікті қалыптастырудың мүмкіндігін мәдениеттің ғылыми жетілуімен сабақтастырсақ болады. Бұл партия талабында тұрған мәселенің бірі. Өркениетті алдымен өзімізден бастасақ, сана мәдениетін дамытып, қоғамға, адамға жанашырлық сезімін төгіп, қоршаған ортаның салауатты қалыптасуына азаматтық ықпал жасау әрбір партия мүшесінің ортақ мүддесі болғаны дұрыс. Қоғам жекелеген адамдардың жиынтығы, мұнда ортақ мүдде позициясына мән беру керек. Сондықтан партия мақсаттарын орындауда бастауыш партия ұйымдарының алар орны ерекше. Өйткені олар қоғамның барлық тобына еркін кіру мүмкіндігіне ие. Біз барынша бастауыш ұйымдардың белсенділігін арттыруға күш салуымыздың себебі осында. Партия Төрағасының пайым-парасатында дамыған 30 елдің қатарына қосылу, «Мәңгілік ел» позициясының бағдары әрбір қазақстандықтың атсалысуын қамтамасыз етуді мұрат тұтады.
Ұлт даналығында «Бір адам самал, екі адам амал, үш адам жамал, төрт адам қамал» деген тамаша сөз бар, мұның астары төртеу түгел болып, жұдырықтай жұмылса, ештеңе бөгет болмайтынын ұқтырады.
Партияның XІV съезінде «Халықтық ұйымға айналған «Нұр Отан» менің бастамаларыма қолдау көрсетіп, іргелі істердің ұйытқысы болуда» деген еді Елбасы. Соған сай бағдары айқын, болашағы жарқын партияның біздің аймақтағы қадамы да тың серпіліспен, жаңа тыныспен алға бастап келеді.
Партияның халыққа бітеқайнасу тетігінің бірі қоғамдық қабылдау қызметін айтқан абзал. Жетекші ұйымның соңғы жаңалығы көп болды. Партия Төрағасының тапсырмасына орай оның Бірінші орынбасары Бауыржан Қыдырғалиұлы Байбек жаңашыл форматты идеяларды енгізуді қолға алды. Қазіргі қоғамдық қабылдаулардың жаңа жұмыс форматы Қазақстандағы Халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмысының үлгісі бойынша халықпен жұмыс жасаудың сервистік бағдардағы тәсілдері және Оңтүстік Корея, Сингапур, Дания сияқты елдердегі озық тәжірибелер енгізілу бойынша жүзеге асуда.
Мұның тиімділігі орасан. Жаңа формат өңірлердегі ахуал туралы баламалы, мемлекеттік органдарға тәуелсіз ақпараттар алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, «он-лайн» режимінде байланыс жасауға мүмкіндік беретін «Электронды партия» жобасы іске қосылды. Партияның ресми сайтына өтініш жолдап, заңгерлік кеңес алуға болады. Міне, партияның қызметтік жүйесі осындай озық технологияға көшу арқылы сервистік бағдары арта түсті.
Бүгінде облыстық филиалдарда орталықтандырылған бейнежазу нүктелері бар. Мұның маңызы сол, қоғамдық қабылдау құрылымын барынша ыждағаттылықпен жүргізудің соны үлгісін қалыптастырады. Өйткені партия айнасы саналатын қоғамдық қабылдау қызметі халық сенімінің артуына көп қатысты. Қазіргі облыстық партия филиалында қоғамдық қабылдаудың тұрақты кестесі жасалған, филиал төрағасы Қырымбек Елеуұлы Көшербаев, оның орынбасарлары, мемлекеттік мекеме басшылары, барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары тұрғындар талабына үнемі назар аударып отырады.
Елбасының дәстүрлі Жолдауы жүктегендей, бүгінде мүгедектердің әлеуметтік ахуалына терең мән беру жолға қойылды. Осыған орай біз жалпы мүгедектер туралы мәлімет жинақтап, олармен жұмыс жүргізудің бағыттарын айқындадық.
Қазір облысымызда 27155 мүгедек жан бар. Мүгедектерді оңалтуға, оларға әлеуметтік қолдау көрсетуге облыстық бюджет есебінен оларды кресло-арбамен, таяқпен, балдақпен, тифло және сурдоқұралмен, протезді-ортопедиялық көмек түрлерімен және санаторий-курорттық емделумен қамтамасыз ету мақсатында 208,3 млн. теңге бөлінді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында 915 мүгедек шипажайларға емделу жолдамасын алды. Өткен жылы үйде арнаулы әлеуметтік қызмет көрсетілетін жалғызбасты 883 қарт пен мүгедек, 1156 мүмкіндігі шектеулі мүгедек бала тіркеуге алынды. Енді осы аталған ақпарат негізінде тиісті тапсырма берілді, олардың арыз-шағымына орынды шешім қабылдау күн тәртібінен түспейді.
Қарапайым халық «Нұр Отан» партиясы арқылы өтініш-шағымын шынайы жеткізіп келеді. Оған ешкімнің күмәні жоқ. Жай ғана мысал, үстіміздегі жылдың қаңтар айында облыс бойынша халықтан 259 жазбаша арыз-шағым қабылданды. Мұнан бөлек, қаншама құқықтық кеңес тегін берілді. Телефон арқылы, ауызша жасалған шағымдар бар. Соған сай әрбір арыздың астарынан адам тағдырын, ауыртпалық ізін аңғарсақ, олардың тілеуін партияның ықпалымен жалғасақ, қоғамда қаншама қайшылықтар ретке келтірілгенін байқар едік.
Шынында, партияның халықтық маңызына сай халық сөзі қашанда үстем, біз халық қызметшілеріміз. Сондықтан уақыт үдесінде қандай қиындық болмасын, халықтың қиналмауына жол табу керек. Бүгінде біздер тұрғындардың әлеуметтік жағдайын ескеріп, ахуалы ауыр аудандарда көшпелі қабылдаулар жасап келеміз, өзекті мәселелерді дер кезінде шешу үшін атқарушы билікті қатыстырамыз. Мұның елеулі игілігі болды және бола береді.
Партияның 15 жылдық мерекесіне орай «Түркістан-Сексеуіл» темір жол бағытында арнайы пойыз шығарылып, барлық разъезд тұрғындарын қоғамдық қабылдау жасау көзделуде. Мұның бір артықшылығы, Елбасы Жолдауын талқылауға, тұрғындарға заң-медициналық көмек көрсету де қарастырылады. Бір сөзбен айтқанда, жан-жақты жабдықталған вагон құрамасы елге тиісті жәрдем жасай алады.
«Нұр Отан» партиясының іс-қимыл әрекеттері елдік асыл мұраттарды дамытудың идеологиялық негіздемесі секілді. Өйткені біз идеологиялық мақсаттарға қаруланған үлкен күшке айналдық. Республикада миллионға тарта партия мүшесі болса, қазіргі таңда аймақтағы 724 мың халықтың ішінде 37652 партия мүшесі бар, олар 267 бастауыш ұйымға біріктірілген. Партияға деген елдің сенімін осы есептен-ақ сезуге болады. Және де ҚР Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депуттаттарын сайлау нәтижесінде партияға 80 пайыздан астам дауыс беріліп, нәтижесінде 29 облыстық, 19 қалалық, 97 аудандық мәслихат депутаттары «Нұр Отан» партиясының мүшесі екенін айғақтады.
Партияның беделі оның әр мүшесінің беделімен нығаяды. Сондықтан да әрбір нұротандық өздерін әрдайым жақсы жағынан көрсетуі тиіс. Мемлекеттік бағдарламалардың адал да тиімді орындалуына барынша атсалысуы қажет. «Билікке қалай жетуге болады?» деген сұраққа Конфуций: «Халықтың сүйіспеншілігіне қол жеткіз», деп жауап берген екен. Демек, партияның беделді болуын халық сүйіспеншілігімен салыстырсақ, жеткілікті дер едім. Халықтың сенімінен артық ештеңе жоқ.
Өлмесхан БОЛАТБЕКОВ,
«Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары.