Білім беру саласы жаһандану талаптарына сай дамып, жаңа мақсаттарға иек артқанда ғана қоғамның дамуы мен өркендеуі қарқын алады. Өйткені, кез келген салады еңбек ететін маманның жаңашылдығы, криативті ойлауы, тез әрі тиімді шешім қабылдауға дағдылануы орта мектепте, онан кейін оқу орындарында қалыптасады. Сол себепті, орта мектепте сабақ беретін әрбір педогог жаңа форматта еңбек етуі керек. Бұл – жаңа заман талабы.
Жаңа формат деген не? Ол мұғалімдерге қандай талаптар жүктейді? Жаңа форматта жұмыс жасаудың қандай тиімді тұстары бар? Міне, бұл сұрақтармен қазіргі таңда әрбір мұғалім күнделікті жұмыс барысында бетпе-бет келеді. Өйткені, жаңа технология сәт санап өркендеп бара жатыр. Оған мысал ретінде, күні кеше бізге таңсық көрінген, қыр-сырын жетік білмейтін цифрлы қолтаңбаларды бүгінде 3-4 жастағы баланың еркін меңгеріп алғанын айтсақ болады. Оның үстіне, қазіргі мектеп оқушыларының сана-сезімі, ойлау, ақпаратты қабылдау қабілеті жетілген. Соған сәйкес, жаңа форматта білім беру бізге ауадай қажет.
Меніңше, жаңа формат деген – ол мұғалімнің білім мен тәрбие беру бағындағы жұмыс жасау әдісінің жаңа технологиямен, оның ішінде цифрлы қолтаңбалармен тығыз байланысуы. Бұл біріншіден, оқушы қызығушылығын арттырса, екіншіден ақпараттың оқушы санасында ұзақ уақыт сақталуына жол ашады. Сондай-ақ, компьтерлік бағдарламаларды қолдану арқылы сабақ өту, түсіндіру, көрнекіліктерді тың, ерекше етіп әзірлеу педагогтың кәсіби шеберлігін айшықтайды. Мұндай жұмыстар өз кезегінде оқу үдерісінің жаңа сатыға көтерілуіне жол ашады. Сол себепті, мен күнделікті жұмыс барысында жаңа форматта еңбек етуді жөн санаймын.
Бастауыш сынып оқушыларына сабақ беретін болғандықтан мен үшін оқушының ізденуі мен зерттеу дағдыларын қалыптастыру басты міндет. Ол үшін аудандық білім бөлімі тарапынан жасалған қолдаулар негізінде №131 Т.Қозыбаев атындағы орта мектепте барлық жағдай жасалған деп айта аламын. Материалдық-техникалық базасы жыл санап нығайып келе жатқан іргелі білім ордасында компьютер сыныптары жұмыс жасайды. Аталған сыныптарда біз интерактивті тақтаны, түрлі жүйелерді, бағдарламаларды қолдана отырып, ашық сабақтар өтеміз. Мысалы, бір ғана сабақта оқушыларға жаңа тақырыпты түсініпдіруден бөлек, қысқаша зерттеу, зерделеу, пікір алмасу, дәлелді дәйектерді талдау жұмыстарын жүргізуге болады. Сонымен бірге, жаңа әдебиеттермен танысуға мол мүмкіндік бар. Осындай мүмкіндіктер бар уақытта жемісті еңбек етуіміз қажет.
Жалпы алғанда жаңа форматтың білім беру саласында еңбек ететін әрбір педагог үшін берері мол. Ендеше, оқу үдерісіндегі жұмыстарға жаңа заман талаптарын енгізуге басымдық беруіміз қажет. Бұл педагогтар қауымының кәсіби шеберлігін шыңдап, оқушылардың сапалы білім алуына зор септігін тигізеді.
Махаббат САЙЫМОВА,
№131 Т.Қозыбаев атындағы
орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі