Тамшылатып суару технологиясы тиімді әрі пайдалы
Өндіріске қажетті энергияның 99% дәстүрлі қуат көздерінен өндірілсе, табиғи қуат көздерінен алынатын энергияның үлесі 1%-дан аспайды. Ал дамыған елдерде әр бесінші киловатт-сағат энергия жасыл экономиканың еншісінде.
«Табиғи қуат көздерінен энергия алу шет елдерде ХХ ғасырдың 80-90 жылдары қарқын алды. Ол бизнес қауымдастықта ғана емес, үкіметтік деңгейде үлкен қолдауға ие болып, тез жанданды. 2009 жылы дүниежүзілік экономикалық форум «Жасыл экономика» жаһандық дамудың бірден-бір жолы деп таныды», – дейді Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы ҒЗИ-дың егіншілік бөлімінің меңгерушісі Жұмағали Оспанбаев.
Табиғи қуат көздерінен алынған энергияны өндіріс пен тұрмыстық қажеттілікке қолдануда мақтанып айтар жетістігіміз жоқ. Соның салдарынан ұлан-байтақ жерімізді байлық көзіне айналдыра алмай келеміз. Оған еліміздегі су тапшылығы да тұсау болып тұр.
«Жаһандық климаттың жылынуына байланысты жылдан жылға үдеп келе жатқан су тапшылығын ойдағыдай шешу болашақта еліміздің азық түлік және экологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тікелей байланысты болады. Ол үшін шетелде жаппай қолданысқа енген тамшылатып суару технологиясын енгізу керек», – дейді профессор Жұмағали Оспанбаев.
Айтылған технологияны ауылшаруашылығына қолдану жоғары сапалы өнім өндіруге, суармалы жердің көлемін ұлғайтуға және жұмсалатын су мөлшерін азайтуға себеп болады.
«Америкалық ғалымдардың зерттеуіне сенсек, жаңбырлатып суаруға қарағанда, тамшылатып суарудың шығыны 60%-ға аз. Оның үстіне тамшылатып суару барысында жамылғы пленкаларын қолдану ылғалды сақтап қана қоймай, арамшөптермен күресуге көмектеседі», – дейді ауылшаруашылығы ғылымдарының кандидаты Созақбай Садықов.
Тамшылатып суару тек суды үнемдеу үшін қажет деп түсінбеу керек. Бүгінде осы технология арқылы жаз бойы шылқыған судың ішінде өсетін күріштен мол өнім жинап жатқандар да бар. «Көрші Қытай елінің ғалымдары күрішті тамшылатып суаруда жамылғы пленканы қолдану технологиясын ойлап тапты. Оны алыстағы Пәкістан, Мозамбик, Нигерия мемлекеттері үйреніп алып, күріш өсірумен қатар, жеміс, көкөніс, қант қызылшасы, мақта, жүгері, майбұршақ дақылдарын жайқалтып жатыр», – деді профессор Жұмағали Оспанбаев Іргедегі көршінің жетістігін біз әлі игере алмай келеміз.
Бұл «мүлде жоқ деп» аузымызды қу шөппен сүрткеніміз емес. Тамшылатып суару технологиясы арқылы күріш өсіру кейінгі жылдары елімізде де қолға алына бастады. Тамшылатып суару технологиясы арқылы күріш, қант қызылшасы, майбұршақ, жүгері, күздік бидай дақылдарын өсіру технологиясы 2012 жылдан бері Қарасай ауданындағы Қазақ егіншілік және өсімдік шаруашылығы институтының суармалы егіншілік бөлімінің тәжірибелік жерінде сынақтан өтіп жатыр. Бірнеше жылдық тәжірибеден кейін қазақ ғалымдарының жетістігін биыл бірінші рет облысымыздағы «Әлмес» ЖШС-ның егіс алқабында сынақтан өткізу жұмысы қолға алынды.
«Мұнда күріштің 12 сорты сынақтан өтуде. Оның ішінде республика көлемінде будандастырылған сорттар да бар. Бұлар 90-110 күн аралығында піседі», – дейді ауыл шаруашылығы ғылымының докторы, республикамызға белгілі «Ақмаржан» күрішінің авторы Құрманбек Бәкірұлы.
Қазіргі кезде дақылдардың шығымы орташа, қажетті жұмыс толығымен атқарылу үстінде. Өткенге ойыссақ, 1970 – 1980 жылдары қазақтың егіншілік-ғылыми зерттеу институтының ғалымдары алғаш рет күріштің ауыспалы егісін игерді. 1974 – 1980 жылдары цинк тыңайтқышын қолданып, топырақ құрамындағы бордың әсерін төмендетіп, күріштің өсуіне қолайлы жағдай жасаудың жолын тапты. Осыған орай «Іле» тәжірибе шаруашылығында күріштің жаңа сорттары егіліп, өсірілді.
«Елімізде қолға алынған тамшылатып суару технологиясы арқылы күріш өсіру ісінің берері мол болуы тиіс», – дейді «Әлмес» ЖШС директоры Ермек Өнербеков.