ЖҰМЫСШЫ МАМАНДЫҒЫНА ТАПСЫРЫС КӨЛЕМІ 2 ЕСЕГЕ АРТЫП ОТЫР

Елбасының тапсырмасымен осы жылдан бастап жастардың жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік беретін «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім беру» жобасы жүзеге асырылып жатқаны белгілі. Бұл бағытта Қызылорда облысында да нақты атқарылып жатқан шаруалар аз емес, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық білім беру басқармасының мәліметтеріне сүйенсек, бағдарлама бойынша үстіміздегі жылы негізгі мектеп пен орта мектепті бітірушілерді, сонымен бірге өткен жылы орта мектепті бітіріп, кәсіптік біліммен қамтылмай қалған 4603 жасты аймақ экономикасының сұранысына сәйкес мамандықтар бойынша техникалық және кәсіптік білім берумен қамту жүзеге асырылып жатыр. Оның ішінде республикалық бюджет есебінен 1515, жергілікті бюджет есебінен 3088 мектеп бітіруші кәсіптік біліммен қамтылды.
Сонымен бірге республикалық бюджеттен бөлінген 1515 орын мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмысшы мамандығында білім алушылар ыстық тамақпен қамтамасыз етілген.
Биылғы жылғы мемлекеттік тапсырыстың көлемі 38,2 %, оның ішінде жұмысшы мамандығы бойынша тапсырыс көлемі 2 есеге артып отыр. Демек, ағымдағы жылы әрбір мектеп бітірушінің тегін техникалық және кәсіптік білім алуына мүмкіндік туып отыр.
Өткен оқу жылы орта мектепті бітірген 6452 баланың 95,0% колледждер мен университеттерде кәсіптік білім алуға қол жеткізген болса, биылғы жылғы 6196 бітірушінің 97,0% білім алумен қамтылып отыр.
Ал, биылғы жылғы мектеп бітіруші 6196 түлектің 3829-ы жоғары оқу орындарына түссе, қалған 2367-сі (жергілікті бюджеттен 825 орын, «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021» бағдарламасы бойынша 365 орын, барлығы 1190 орын) мемлекеттік тапсырыс бойынша кәсіптік білім алу мүмкіндігіне ие болды.
Аталған бағдарламаға қысқа курстар бойынша қатысушылар негізінен «Аспазшы», «Электр газбен дәнекерлеуші», «Слесарь-жөндеуші», «Компьютерлік сауаттылыққа оқыту», «Даяшы», «Электрик», «Ауыл шаруашылық өндірісіндегі тракторшы-машинист», «Тігінші», «Шаштараз шебері», «Сылақшы», «Жеміс-көкөніс өсіруші», «Жиһаз жинақтаушы», «Наубайшы» т.б. мамандықтар бойынша жұмысшы кәсібін алуда.
Елбасы тапсырмасына сәйкес жастардың техникалық және кәсіптік білімді жұмысшы мамандығын тегін алуына мүмкіндік жасайтын жаңа бағдарламаның кәсіптік даярлау және қысқа мерзімді курстар арқылы даярлауды жүзеге асырудың іс-шаралар жоспарында белгіленген жұмыстарды атқару жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді.
Естеріңізге тағы бір сала кетейік, бұл көтерілген мәселелер Елбасының Ұлт жоспары - бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам еңбегінде нақты көрініс тапқан болатын. Ондағы 88-қадамда: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы идеясын алға жылжыту жөніндегі ұлттық жобаны әзірлеу және жүзеге асыру, ол «Нұрлы жол» инфрақұрылымдық даму, индустрияландырудың және «Қазақстан-2050» Стратегиясын жүзеге асырудың мемлекеттік саясаты талаптарына жауап бере алатын жұмысшы және кәсіптік-техникалық мамандықтардың артықшылықтары мен танымалдылығын насихаттауға бағытталады»,-деп нақты айтылған.

ҚОҒАМ 18 қазан 2017 г. 601 0