Қызылорда облысында есірткі сатумен айналысқан ағайындылар 10 жылға сотталды

Қызылорда облысында есірткі сатумен айналысқан ағайынды екі жігіт 10 жылға сотталды, деп хабарлады облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі.
Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты 38 және 39 жастағы ағайындыларға қатысты қылмыстық істі қарап, айыптау үкімін жариялады.
«Ағайынды сотталушылар аса ірі мөлшердегі есірткі затын өткізумен айналысқан. Оны сақтап, тасымалдап, адамдардың денсаулығына қарсы аса ауыр қылмыс жасаған. 2017 жылдың 27 маусымында Арал ауданында орналасқан «Арал-Шеп» бекетінде тексеру кезінде сотталушылардың біреуінің қол сөмкесінен 1,13 гр. есірткі заты «гашиш» және автокөліктің артқы орындығының үстінен жалпы салмағы 2047,06 гр. есірткі зат «кептірілген марихуана» табылған», - деп жазылған хабарламада.
Сот үкімімен сотталушы ағайындылар ҚР ҚК 297-бабының 3-бөлігінің 1,3-тармақтарымен (аса ірі мөлшердегі есірткі заттарды иемденіп, сақтап, тасымалдау) кінәлі деп танылып, әрқайсысының мүлкі тәркіленіп, 10 жылға бас бостандықтарынан айырылды. 

Шынар АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ.
ҚОҒАМ 17 наурыз 2018 г. 586 0