Білім негізі – бастауыштан. Ендеше балабақша қызметкерлерінің білім саласындағы алар орны ерекше. Балабақша табалдырығын аттаған, тілі жаңа шыққан сәбиді ортаға бейімдеу оңай еместігі баршаға мәлім. Ел ішінде тәрбиешілерді «бала жанының бағбандары» деп атауы да сондықтан шығар. Біздің «Шұғыла» балабақшасы аудандағы қасиетті қара шаңырақтың бірі. Іргелі ұжымда тәжірибелі, көпшілікке танымал қызметкерлермен қатар, жас мамандар да еңбек етеді. Бұл ұрпақтар сабақтастығының шынайы дәлелі.
Жаңа оқу жылы басталғаннан бері санаулы уақыт өтті. Алайда, балабақшада бірқатар мәдени-танымдық шаралар ұйымдастырылды. Конституция, білім күні жоғары деңгейде аталып өтілді. «Гүлдер» мерекесінде дәнді дақылдардан жасалған көрмеміз көпшіліктің қошеметіне бөленді. Нәтижесінде арнайы номинацияны иелендік. «Ана тілім – тұғырым» атты тәрбиелік кешке қазақ тілі қоғамының әдіскері Нұрбибі Әшімова, «Балдырған» балабақшасының қазақ тілі қоғамының төрайымы Нәйла Садуақасова құрметті қонақ болып қатысты. Салтанатты кешті өткізген Айнұр Жолмырзаева аудандық қазақ тілі қоғамының мақтау қағазымен марапатталып, балабақша меңгерушісі Сәуле Мырзабайқызына ризашылық білдірілді. Қарттар күнінде ардагер аналарға, зейнеткерлерге сый-сияпат жасалынды. «Жан жылуын таратқан – мейрімді ана» тақырыбымен ұжымда 30 жылдан аса қызмет жасаған Жақсыгүл Сағынаеваны зейнеткерлікке құрметпен шығарып салдық. Сондай-ақ, байырғы тәрбиешілер Айғанша Кәдірбаева, Баян Арықбаева, Аманкүл Ұзақбаева апайлар мақтау қағаз, бағалы сыйлықпен марапатталды.
Газет – бұқараның көзі, құлағы һәм тілі. Облыс басылымдарының қара шаңырағы «Сыр бойы» біздің сүйікті газетіміз. Ұжым мүшелері газеттің көп уақыттан бергі тұрақты оқырманы. Онда жарияланған әрбір мақаланы қызыға оқимыз. Жазар көбейсін, қаламгер қауым.
Сәуле МҰХАШОВА,
№4 «Шұғыла» балабақшасының меңгерушісі.
Қазалы ауданы.