Жуырда Жаңақорған ауданында журналистерге арнап баспасөз туры өткізілді. Шара аясында БАҚ өкілдері 7KZ «Сыр табиғаты» ЖШС мен «Orda Агротехнология» ЖШС мекемелерінің жұмыстарымен танысты.
Алдымен аймақ журналистері Келінтөбе ауылындағы «Orda Агротехнология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне табан тіреді. Бұл серіктестік ғылыми өндірістік «Агротехнология» шаруа қожалығы негізінде құрылған. Бізді серіктестік басшысы Керімхан Егізбаев күтіп алып, атқарған жұмыстарымен таныстырды.
Керімхан ағамыз өткен жылдың аяғында «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен бірге жоғарыда атап өткен «Orda Агротехнология» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін құрған. Қазір қарамағында 1980 гектар жер мен 344 бас мүйізді ірі малы бар. Оның 150 басы асыл тұқымды «Санта-Гертруда» сиыры екенін айта кеткен жөн.
– Мүйізді ірі қараның бұл түрлері Сырдың ауа райына төзімді келеді. Терісі қалың болғаннан кейін маса, сона, алақанат, кене дегендерге шыдамды. Тіпті, аса көп күтімді де қажет етпейді. Оның үстіне бізде өсетін қамыс шөбін жақсы жейді, – деді К.Егізбаев.
Айтса айтқандай-ақ, төрт түліктің бұл түрі біздің табиғатымызға шыдамды екен. Бұл сөзді мал күтімімен айналысатын Әділбек Байырбековтей бақташы да растап отыр. «Санта-Гертруданың» сыртқы келбеті бірыңғай қызыл-қоңыр түсті болады. Оны басқа сиыр тұқымдастардан осы түсі мен қалың терісі арқылы ажыратуға болады.
Бұл серіктестікте бұдан бөлек, егін бағытындағы жұмыстар атқарылады. Күріштің гектарлық түсімі көбейген. Олар жоңышқа, жүгері, күздік бидайдың жаңа сорттарын кәделеріне жаратып келеді. Өткен жылы күріштің «Ай-Керім» деп аталатын жаңа сорты шығарылып, өндіріске енгізілуде. Алғашқы жылы бұл сорттың 1 гектарлық түсімділігі 105 ц/га, жармалық шығымдылығы 71 пайызды құрады. Биыл бұл дақыл 5 гектардан аса жерге егіліп, одан 100 ц/га өнім алынатыны анықталған. Келер жылы осы сортты 250 гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр.
Бұл күріштің «Ай-Керім» аталуында да үлкен мән бар. Ол Керімхан аға мен оның өмірлік жары Айзада апайдың есімдерінен құралған. Жаңа күріш сортын шығару үшін Керімхан Егізбаев он бес жыл өмірін арнаған.
Осындай жұмыстарды негіз еткен серіктестік басшысы үй ауласын гүлдендіріп, жеміс ағаштарын еккенді жақсы көреді екен. Ол кісінің ауласындағы алма мен алмұртты көргенде еріксіз таңдай қағасың. Алманың ірілігі сонша, тіпті, апорт екен деп ойладық. Сөйтсек, «Ренет Бурхардта», «Ренет Симиренько» деген сорттар екен. Көздің жауын алатын қып-қызыл алманы көргенде қалай үзіп алғаныңды өзің де байқамайсың. Бұдан бөлек, бұл аулада жүзім, өрік, шие сынды жеміс ағаштары өсіп тұр. Егізбаевтар отбасы биыл алмадан екі тонна өнім алып, бір жарым тонна жүзім жинаған.
Мұнан соң аймақ журналистері 7KZ «Сыр табиғаты» ЖШС-да болды. Жаңақорған кентіндегі «Агроаймақ» маңында орналасқан серіктестікте де ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс жеткілікті екен. Аталған мекеменің іс басқарушысы Амантай Сарбасовтың айтуынша, мұнда жеміс ағаштарының көшеттерін дайындайтын тұқым шаруашылығын құруды мақсат еткен. Бүгінгі таңда біршама жұмыс атқарылған.
– Жеміс ағаштарының бірнеше түрін дәннен ектік. Қазір 300 мың түп алма, 150 мың түп өрік, осы көлемде шабдалы көшеттері шығып тұр. Құдай қаласа, 2018 жылдың күзі мен 2019 жылдың көктемінде бұл көшеттерді сатуға шығаруға болады. Бұл үлкен жұмыстың басы ғана, – деді А.Сарбасов.
Аталған бақта жеміс ағаштарынан бөлек декоративті талдар мен түрлі аула гүлдері өсірілетін болады. Сонымен бірге, 5 гектар алма бағы күтімге алынып, 1 гектар жерге жылыжай құрылысы салынуда.
Жаңақорған ауданына сапар барысында жұмысымен танысқан екі серіктестікте де қызу еңбек жүріп жатқанын көрдік. Мұндағы тіршілікке қарап, еңбек еткеннің еңсесі биік болатынына тағы бір мәрте көзіміз жетті.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.