Республика соттарында «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» Ұлт жоспары аясында қылмыстық процесті реформалау және құқық қорғау қызметін жетілдірудің өзге де аспектілері бойынша бірқатар жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Жалпы алғанда реформа қылмыстық процестегі адам құқығын қорғауды нығайту, тараптардың жарыспалылығын арттыру, соттық бақылауды кеңейту, сондай-ақ тергеу органдары, прокуратура мен соттың арасында құзыреттілікті нақты бөліп, оның қайталануын болдырмауға бағытталған. Қазіргі уақытта қылмыстық процесті жаңғырту және құқық қорғау қызметінің өзге де аспектілерін жетілдіру жөніндегі мәселелер бойынша Заң жобасы дайындалып, түзетулер жеті негізгі түйінді бағыттарды көздеп отыр.
Біріншісі – қылмыс жасағаны үшін ұсталған азаматты тергеу судьясына жеткізу мерзімдерін қысқарту. Қазақстанда азаматтарды сот санкциясынсыз ұстау мерзімін 72 сағаттан 48 сағатқа дейін қысқарту жоспарланып отыр. Ал кәмелетке толмағандарды 24 сағаттан артық ұстауға болмайды.
Алайда, жобада нақты келісілген айрықша алты жағдайларда соттың санкциясынсыз 72 сағатқа дейін ұстау рұқсат етіледі. Атап айтқанда, аса ауыр, террористік немесе экстремистік, жаппай тәртіпсіздік, қылмыстық топтың құрамында жасалған қылмыс, есірткі құралдар, психотроптық заттар, прекурсорлар мен олардың аналогтарының заңсыз айналымына байланысты, сондай-ақ, адам өліміне әкеп соққан қасақана қылмыспен байланысты ауыр қылмыстарды жасады деп айыпталған күдіктілерді ұстауға рұқсат етіледі. Сонымен бірге, алыс болуына немесе тиісті жол қатынасының болмауына байланысты, сондай-ақ, төтенше жағдайда адамды тергеу судьясына уақтылы жеткізуді қамтамасыз ету мүмкіндігі болмаған жағдайда тұтқындауға болады.
Екінші – электронды қылмыстық іске кіріспе. Қылмыстық процетік кодексіне қылмыстық сот ісін электронды форматта жүргізуге мүмкіндік беретін өзгертулерді енгізу көзделген. Электронды қылмыстық іс – бұл цифрлық ақпаратты – қылмыстық істің материалдарын сақтау үшін қарастырылған, қағаз нұсқасын толық ауыстыратын, жоғары қауіпсіздік деңгейдегі ақпараттық жүйе.
Үшінші – сот бақылауын одан әрі кеңейту. Бұл процессуалдық іс-қимылдарды жасырын тергеу әрекеттері қоса алғанда санкция түрінде жасалады. Жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу санкциясы, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізу мерзімін ұзарту, оған қатысты жасырын тергеу іс-әрекеттері жүргізілген туралы сол адамды хабардар ету прокуратурадан соттарға беріледі. Оның ішінде, прокуратурадан сотқа санкциялау бойынша кепілді қолдану функциялары, мәжбүрлеп куәландыру, үлгілерді алу ұсынылады. Заң шығарушымен түзетулер қабылдау кезінде қылмыстық тергеу жүргізуші орган сотқа эксгумация және жақындауға тыйым салу санкция туралы тікелей өтініш бере алады.
Осындай өтініштерді соттармен қарау мерзімі жобамен үш тәуліктен 24 сағат дейін қысқартылады.
Төртінші – азаматтардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыру. Бірінші кезекте кәсіпкерлік қызмет саласындағы қылмыстардың, олар бойынша қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылмайтын негіздерінің тізімі кеңейтілді.
Бесінші – құқық қорғау органдарымен тергелетін оқиғаның шегінен шығатын дәлелдемелерді жинау практикасы жоққа шығарылады. Дәлелдеу тек, олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары ҚІЖК-нің 23 Тарауында көзделген тәртіппен басталып қойған қылмыстық құқық бұзушылықтар бойынша ғана жүргізіле алады.
Алтыншы – процестің жарыспалылығын арттыру үшін адвокаттарға тергеу судьясына, жасырын тергеу әрекеттерін жүргізуді алмағанда, тергеу әрекеттерін жүргізу туралы өтінішпен тікелей жүгінуге өкілеттілік беріледі. Жоба қорғаушыға қорғауындағы азаматқа күзетпен ұстау түріндегі бұлтартпау шарасын санкциялау туралы мәселені қарау кезінде мемлекеттік органдар және қоғамдық бірлестіктермен анықтамаларды, мінездемелерді және өзге де құжаттарды ұсыну мерзімдерін екі тәулікке дейін қысқартуды көздейді. Сонымен бірге, күдікті және қорғаушы қылмыстық іс материалдарымен танысуы аяқталғаннан кейін міндетті түрде қылмыстық іске қоса тігілетін қосымша дәлелдемелер және өзге де ақпаратты ұсынуға құқылы.
Жетіншіден қылмыстық теріс қылықтар бойынша өндіріс, бұйрықтық өндіріс енгізу арқылы онша ауыр емес айқын және елеусіз қылмыстар бойынша өндіріс оңайлатылады.
Қолданыстағы Қылмыстық-процестік кодексте де қылмыстық үрдісті жеңілдететін өндірістер, яғни, айыпты мойындап, дәлелдемелер дауланбаған жағдайда, процестік келісімнің қолданылуы көзделген. Жетінші бағыт бойынша осы үрдіс жанданбақ. Мұндай өндіріс сот отырысын өткізуді, дәлелдемелерді тура сот мәжілісінде зерттеуді қажет етпейді. Судья жинақталған құжаттарға сүйеніп, үкімді тараптардың қатысуынсыз бұйрық түрінде шығарады.
Мұндай жаңашылдықтар қылмыстық процессті жеңілдетуге және сапасын арттыруға бағытталған.
Қылмыстық-процестік заңнаманы заман талабына сай жетілдіру уақыт талабы. Өйткені заң елдегі құқықтық түйткілдерді шешуге, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға пәрменді болуы керек.
Қамбар Нұрышев,
Қызылорда облыстық сотының төрағасы