РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ ЖӘНЕ ДІНИ САНА

Ел президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған маңызды міндеттерді жүзеге асыру мақсатында Сырдария ауданы әкімдігінің ұйымдастыруымен республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбында өрбіген алқалы бас­қо­суға аудан әкімі Ғанибек Қазантаев, «Қазақстанның Еңбек сіңір­ген қай­рат­кері», филология ғылым­дарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Парламент Сенатының ІV және V шықырылым депутаты Әділ Ахметов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы, Л.Н.Гумилев атындағы Еу­разия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Омар Жәлелұлы, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мем­лекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қазбай Құдайбергенов, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары Тұрар Әбуов, аудан әкімінің орынбасарлары, облыстық, қалалық, аудандық мәслихат депутаттары, зиялы қауым өкілдері, аудан ардагерлері, бөлім басшылары, ауыл әкімдері, ауылдық қоғамдық кеңес төрағалары, мектеп директорлары және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
Аудандық мәдениет үйінде өткен рес­публикалық ғылыми-тәжірибелік кон­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­­ференцияны Қорқыт ата атындағы Қы­зылорда мемлекеттік университетінің профессоры, экономика ғылымдарының кандидаты Қазбай Құдайбергенов ашып, жүргізіп отырды. Республикалық ғы­лыми-тәжірибелік конференцияда аудан әкімі Ғанибек Қазантаев сөз сөйлеп, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан туындаған мақсаттардың ауданда жүзеге асу барысын баяндады.
– Халқымыздың ұзақ мерзімді тұрақты дамуын қамтамасыз ету, оның бірлігін нығайту идеясы ел Тәуелсіздік алғаннан бері бір сәт те күн тәртібінен түскен емес. Осы тұрғыда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы бүгінгі ұрпақты кемел келешекте дәуір көшінен қалдырмайтын, әлемдік жаһандану үрдісінде Отанымыздың өзіндік бет-бейнесін айқындап берген тарихи құжат болды. Аталған мақала қоғамда қызу талқыланды және зиялы қауым өкілдері мен ел тұрғындары қолдап, қуаттады. Сыр өңірінде, оның ішінде Сырдария ауданында да бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі ұйымдастырылуда. Бүгінгі республикалық-ғылыми тәжірибелік конференция соның бір парасы іспетті. Ең алдымен, құрметті қонақтарға қош келдіңіздер демекпін,- деген аудан басшысы бағдарламалық мақаланың басым бағыттарына кеңінен тоқталды.
– Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын маңызды саяси-идеологиялық құжат деп айтуға болады. Себебі бұл мақалада ұлттық құндылықтарымыз, мемлекеттің ұлттық құрылымы, қазақ елінің тарихи мұралары туралы айтылған. Біздің бүгінгі ең басты мақсатымыз – елімізді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына енгізу. Сондықтан Елбасы мақаласында заманға сәйкес жаңғыру, оның ішінде рухани жаңғыру мәселесі жан-жақты талданып, таяу жылдарға ауқымды міндеттер қойылып отыр. Мақала – Мәңгілік еліміздің мақсат-мұратын жүзеге асырудың түп негіздерін, рухани жаңғыруымыздың негізгі бағыттарын айқындап берген ұлт жадының тұғырнамасы. Осы ретте, мақалада көтерілген әрбір мәселе әр қазақтың жүрегіне жол тапқан кемел ойдан туған кемеңгер шешім екені даусыз. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ел аумағында қаншама тарихи-мәдени ескерткіштер мен нысандар жаңғыртылған болса, соның ішінде Сырдария ауданында бұл жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, аудан көлемінде барлығы 48 тарихи және мәдени ескерткіштер мемлекеттік тізімге енгізілген. 4 ескерткіштің республикалық маңызы бар. 2012 жылы «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Қалжан ахун мешіт медресесіне» толықтай жөндеу жұмыстары жүргізілді. Шіркейлі ауылында орналасқан Қос Асар ІІ қалашығына Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы зерттеу жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде ежелгі қаланың орны «Шіркейлі Қос Асары» ескерткішінен үлкен және кіші екі бекіністің орны табылды. Сондай-ақ, осы жерден бірнеше бөлмеден тұратын үй-жайлар да анықталды. Қоғалыкөл ауы­лынан «Қыш төбе» қалашығы табылды. Алдағы уақытта ежелгі қаланың орнын туристік нысанға айналдыруға болады,- деген аудан әкімі Сырдария ауданының қасиетті де киелі өлке екенін атап өтті. Мұнан кейін дін мен дәстүр үндестігі аясында атқарылып жатқан аудандағы үлгілі үрдістер жөнінде баяндады.
– Ұлтына, тіліне, дініне қарамастан, әрбір қазақстандық мемлекетіміздің заңына мойынсұнатын – Қазақстанның байлығы. Оның айқын бір көрінісі, этносаралық шиеленістен ада өңір – біздің ауданымыз. 40 мыңға жуық халқы бар ауданымызда – 620 әртүрлі ұлт, 16 этнос өкілдері тұрады. Олар қоғамның әр саласында жемісті еңбек етіп, ауданның дамуына өз үлестерін қосып келеді. Кент орталығындағы бос тұрған ғимарат қайтадан жаңғыртылып, «Достық үйіне» бейімделіп ашылды. Ауданның қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын сақтау үшін 2013 жылы ауданымызға қарасты барлық елді мекендерде «Қоғамдық кеңесі» құрылып, жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі таңда руға жіктелу деген ақылға сыймайтын нәрсе. Қазір ру мен ру емес, әлемдік аренада ұлт пен ұлт тайталасып жатқан кез. Сондықтан, көптеген елді тұралатқан қантөгіс қақтығыстардан аман алып келе жатқан бірлігімізді сақтау – тұрақты дамуымыздың кепілі. Ауданымызда барлық салаларда жүйелі жұмыстар бар. Даму белестеріне қадам басқан Сырдария ауданында өркениеттің жаңа көші басталды. Ағымдағы жылы ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына тарту ретінде Тереңөзек кентіндегі орталық саябақта «Сырдария ауданының құрметті азаматтарына» арналған аллея және ескі мешіт ғимараты ағымдағы жөндеуден өткізілуде. Нәтижесінде, Кеңес Одағы мен Тәуелсіздік жылдары еңбек еткен озат аға буын аға-апаларға арналған аудандық музейдің «Еңбек Даңқы музейі» филиалы ашылып, ұрпақтар сабақтастығына орай ауданның рухани-мәдени өміріне қызмет ететін болады. Осының бәрі түптеп келгенде, елге деген перзенттік махаббатпен тығыз байланысты. Сондықтан, бар­­­лық сырдариялықтарды осы бағдарламаға қолдау көр­сетуге, оған атсалысуға шақырамын,- деді аудан әкімі Ғ.Қазантаев.
Мұнан кейін Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері», филология ғылымдарының докторы, профессор, «Құрмет» орденінің иегері Әділ Ахметов сөз сөйлеп, Елбасының бағдарламалық мақаласындағы латын әліпбиіне көшу бас­тамасы жөнінде өз ойын білдірді. Сонымен бірге, рухани жаңғыру, ұлттық код, бірлік, тұрақтылық, даму ұғымдарының мәні мен маңызы жөнінде нақты мысалдар келтірді. Филология ғылымдарының докторы замана талабынан туындап отырған тіл реформасының сапалы, нәтижелі, уақытылы іске асуы рухани тұрғыдан тиімді екенін айтты.
– Парламентте өткізілген тыңдауда латын әліпбиінің пилоттық нұсқасы талқылауға ұсынылды. Көпшілігі ағылшын тіліндегі «апострофты» диалек-тикалық белгі деп атайды. Бұл – мүлдем қате. «Ү» әрпі қос әріппен жазыл­уы керектігіне байланыс­ты көбі әртүрлі пікір айтуда. Негізі латын әліпбиін бұрын да пайдаланғанбыз, қазір тек соған оралып келе жатырмыз. Тұңғыш қазақ дипломаты Нәзір Төреқұлов латын әліппесінің нұсқасын ұсынған болатын. Сонда апос­трофты дауысты дыбыстарды жіңішкертудің бірегей таңбасы ретінде ұс-ын­ған. Екі әріпті жаздың не, апос­трофты қойдың не? Апос­троф диалектикалық белгі емес, ол – таңба. Мен мұны лингвист ретінде айтып отырмын. Тағы да айта кететін нәрсе, қазақ тіліндегі «у» әрпі буын құрайтын болса дауысты, буын құрай алмаса дауыссыз болады. Ағылшын тілінде де у-дың орнына ұсынылып отырған «w» әрпі кейде дауысты, кейде дауыссыз. Ағылшын тілінің, латын графикасының орфоэпиялық ресурстарын жете зерттеу керек. Содан кейін барып латын әліпбиінің стандартын ұсынуға болады. Латын әліпбиіне көшу дегенді қиынсынып жүргендерге айтарым, біз еш қиындыққа тап болмаймыз, бар болғаны қазақ әріптерін латын әріптерімен таңбалаймыз. Бұл таңбалау қазақ тілінің бірде-бір әрпіне, буынына, әуезді үніне кері ықпалын тигізбейді, керісінше қазіргі кезде бағы ашылмай жүрген кейбір сөздеріміздің бағы ашылып, дүйім дүниеге өз әуезімен жететін болады,- деді Әділ Ахметов.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры, филология ғылымдарының кандидаты, дінтанушы, ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы діни сана туралы өз ойын ортаға салды. Қазақ халқының арғы-бергі тарихындағы дін мен күнделікті тіршіліктің өзара үйлесім тауып, ұрпақтан-ұрпаққа аманатталғанын айтқан дінтанушы, ғалым Айнұр Әбдірәсілқызы халқымыздың ұлттық құндылықтарының барлығы Ислам дінімен үндес екенін жеткізді.
– Дін – рухани мәдениеттің қайнар көзі. Сондықтан рухани жаңғыру, ұлттық бірегейлік, дін және дәстүр сабақтастығы мәселелерінің дін саласы үшін маңызы қашанда жоғары. Осы өзекті тақырыптарды қозғаған Елбасы мақаласы құндылықтық бағдарларды қайта безбендеуге мол мүмкіндік берді. Адамзат қоғамының алғашқы кезеңінен бастау алып, ғасырлар бойы әртүрлі қоғамдарда түрліше көріністе жалғасып келе жатқан дәстүрлі құндылықтар жүйесі бар екені анық. Тарихымыздың тағылымына назар салсақ бір шындыққа көзіміз жетеді. Дін мен дәстүр үндескенде дін дамиды, дәстүр байиды, ал ұлт діннің рухын сезініп, құндылық ретінде қабылдайды. Ислам діні мен қазақ салт-дәстүрлері ғасырлар бойы өзара кірігіп, ажырамастай болып тамырласып кеткен. Біздің рухани құндылықтарымыз – ата дініміз бен ата дәстүріміздің терең тамырлы байланысының тағылымды туындысы. Ұлттың рухын жаңғыртудың сара жолы сол құндылықтарды ғұмырлы етуден басталмақ. Осы орайда, Сыр өңіріндегі ең үздік аудан – Сырдария ауданының «Рухани жаңғыру және діни сана» тақырыбында келелі басқосу ұйымдастыруы көңілге бек қонымды. Бұл өңір қасиетті де киелі мекен. Ауданда тарихи ескерткіштер, киелі орындар өте көп. Бірлігі бекем ауданның тындырымды тірліктері де өзгелерге үлгі. Бір сөзбен айтқанда, рухани жаңғыру жұмыстары бұл ауданда әлдеқашан-ақ бас­талып кеткен. Әрине, алдағы уақытта да бұл жұмыстар өз жалғасын таба береді деп сенемін,- деген Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми зерттеу және талдау орталығының директоры А.Әбдірәсілқызы республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға сыйлық ретінде бірнеше кітаптарды сыйға тартты.
Өз кезегінде Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты, абайтанушы, ғалым Омар Жәлелұлы елдік мүддені, халқымыздың тәлім-тәрбиесін, ұлтқа ұстын болған тұлғалардың ұлықты істерін өз баяндамасына арқау етті. Тарихы тереңде жатқан еліміздің мәңгілік мұраттары тек бірлікпен, ынтымақпен ғана орындалатынын айтып, жаратушы мен пенде арасындағы байланыс, иман, адалдық туралы әңгіме өрбітіп, тұшымды ойларымен бөлісті. Бүгінгі жас ұрпақты жан құмарына, яғни білмекке, көрмекке, үйренбекке баулып, халқымыздың ұлы данышпандары Абай, Шәкәрім, Мәшһүр-Жүсіп еңбектерінде айтылған ойлардың ұрпақ тәрбиесінде адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға орасан зор, өлшеусіз мүмкіндіктер беретінін жеткізді. Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияда ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Дін істері комитеті Дін мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу және талдау орталығы директорының ғылыми іс жөніндегі орынбасары, дінтанушы Тұрар Әбуов елдің бірлігі, діни тұтастық, жас­тарды жат ағымдардан сақтау жолдары жөнінде пайымды пікірлерін ортаға салды. Дәстүрдің негізі дінде жатқанын айтқан дінтанушы алмағайып заманда қазақ халқының берік ұстанымдарынан ажырап қалмау керектігіне назар аударды.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында қатысушылар баяндама жасаған тұлғаларға сұрақтарын жолдап, тұшымды жауаптар алды. Аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Хайролла Әбенұлы латын әліпбиіне көшу барысында төл әріптердің жұтылып кетпеу жолын ұсынды. Бұл пікірге филология ғылымдарының докторы, профессор Әділ Ахметов ой қосып, нақты мысалдар келтірді. Конференция соңында аудан әкімдігінің бастамасымен өткен республикалық басқосудың жоғары деңгейде өткеніне риза болған тұрғындар ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.
Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияның негізгі бөлімі аяқталғаннан кейін аудандық мешіт асханасында ас берілді. Бір қазанның асына бір дастарханның басында бас қосқан республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушыларға аудан әкімінің орынбасары Б.Өтегенова, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Х.Әбенұлы, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» Е.Уәйіс жылы лебіздерін білдірді. Ауданның бас имамы А.Асқарұлы Құран аяттарын оқып, ата-бабалар рухына бағыштады. Осылайша, дәстүр мен дін, рухани жаңғыру мен ұлттық әдет-ғұрыптарымен үйлесім тапқан республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция жоғары деңгейде қорытындыланды.

Ақтөре ИБРАГИМҰЛЫ.
ҚОҒАМ 04 қазан 2017 г. 1 277 0