МЕМЛЕКЕТ ҚАМҚОРЛЫҒЫНАН ТЫСҚАРЫ ҚАЛМАЙДЫ

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар әрдайым мемлекет қамқорлығынан тысқары қалмауға тиіс. Елбасының біздің әрқайсысымыз үшін міндет ретінде алдымызға қойған осы қағидасы бұлжымайтын заңға айналды. Кешегі Жолдауда Мемлекет басшысы бұл мәселені тағы да көтерді. Yкіметтен бастап барлық жергілікті әкімдерге  тиісті тапсырмалар берілді.
Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Психикалық-жүйке ауруларының интернаты» коммуналдық мекемесі өз өкілеттігінің шегінде арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді. Интернат қызметінің мақсаты – қызмет алушыларға үй жағдайына жақындатылған, жасы мен денсаулық жағдайына барынша жақын тыныс-тіршілік жағдайын жасау және қызмет алушылардың жеке дамуына барынша жағдай жасау болып табылады.
Интернатта 226 қызмет алушы бар. Оларға қолайлы жағдай жасауға 200-ден астам қызметкер жұмыс жасайды. Онда жоғары санатты  бірнеше дәрігер, мейірбикелер қызмет көрсетеді. Сонымен қатар интернатта алынған ақпараттар мен туындаған әлеуметтік-психологиялық проблемаларды онымен талқылау негізінде психологиялық кеңес беру жұмысы жүргізіледі. Сонымен қатар психологиялық диагностика және жеке тұлғаны тексеру, тексеру нәтижесінде сәйкес қызмет алушылардың психологиялық ерекшеліктеріне сәйкес коррекциялық жұмыстар атқарылады. Қызмет алушыларға дереу психологиялық консультация беру, дағдарыс жағдайынан шығу үшін олардың физикалық, рухани, тұлғалық, зияткерлік ресурстарын жұмылдыру, туындаған проблемаларды өздігінен шешу және қиындықтарды жеңуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі. Психологиялық диагностика нәтижесі бойынша алынған ақпарат негізінде туындаған проблемаларына сәйкес топтар құрылып, белсенді психологиялық ықпал ретінде психологиялық түзету және топтық тренингтер ұйымдастырылады.
Қызмет алушылардың еңбек дағдыларын зерттеп тексеру жөніндегі іс-шаралар нәтижесі ескеріліп, олардың жеке ерекшеліктерін, мүмкіндіктерін шектелу дәрежесін, қызмет алушылардың физикалық және психикалық жай-күйін ескеріп, қолжетімді кәсіптік дағдыларды оқыту, тұлғалық және әлеуметтік мәртебесін қалпына келтіру жөніндегі іс-шаралар арнайы жабдықталған кабинеттерде жүргізіледі. Қызмет алушыларды еңбекке баулып, іс тігуге, гобелен және тоқыма тоқуға, кестелеуге, құрастыруға, мүсіндеуге, бисермен және түрлі табиғи материалдармен жұмыс жасауға, т.б. үйретеді. Қолөнер бұйымдары көрмелерінде бас жүлделерді иеленіп келеді. Ағаш шеберханасында әртүрлі тұрмысқа қажетті бұйымдар жасауға үйретіледі. 2013 жылы тігін-тоқымаға – 28, сурет салуға – 9, еңбек шеберханасына – 20, бөлме гүлдерін отырғызуға – 7, аулада санитарлық ағарту жұмыстарына 30 қызмет алушы қатыстырылды. Сонымен қатар, қызмет алушылардың қолөнер бұйымдары қыркүйек айында өткізілген «Біз біргеміз, бәріміз бірдейміз» фестиваліне шығарылды.
Мерекелер мен тынығу іс-шаралары ұйымдастырылады. Клуб және үйірме жұмыстары жүргізіледі. Қызмет алушыларды тынығу іс-шараларына, мәдени іс-шараларға (экскурсия ұйымдастыру, театрға, көрмелерге, концерттер мен басқа да іс-шараларға бару) қатыстырылады. Ай сайын туылған күндері аталып өтіледі. Мереке күндері қызмет алушылардың қатысуымен концерттер өткізіледі.Интернат тұрғындарының қатысуымен «Денсаулық – зор байлық», 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне «Бар ізгілік бір өзіңнен тарайды» және Наурыз мерекесіне орай «Наурыз-думан», «Достығымыз жарасқан», «Ұмытылмас ұлы ерлік» атты концерттік бардарламалар өткізілді.
Елбасының «Әрбір қазақстандық азамат арманға қол жеткізе алады» деген қағидасын қатаң ұстанған интернат қызметкерлері қызмет алушыларының мемлекеттің қамқорлығына бөленіп, өздерін қоғамның белсенді бір мүшесі ретінде сезінуі жолында аянбай еңбек етуде.
Алмат ЖҰМАБАЕВ,
облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының «Психикалық-жүйке аурулары интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің директоры.

ҚОҒАМ 04 ақпан 2014 г. 926 0