Елімізде көлікті техникалық байқаудан өткізу уақыты өзгертілді. Үкіметтің қаулысына сәйкес, енді жол қозғалысы қауіпсіздігі жөніндегі орталық атқарушы органға тіркелген механикалық көлік құралдары мен олардың тіркемелері міндетті техникалық байқаудан төменде көрсетілген мерзім бойынша өткізіледі: әр 12 ай сайын – зауыттан шыққанына 7 жыл және одан көп болған көліктер, әр 24 ай сайын – шығарылған уақыты 3-7 жылға дейінгі, 36 ай сайын – шығарылғанына 3 жылға дейінгі жаңа көліктер.
Автобустар, шағын автобустар, таксилер мен жолаушылар тасуға лайықталып жабдықталған жүк көліктері техникалық байқаудан шығарылған уақытына қарамай әр алты ай сайын өткізілуі керек. Қауіпті жүктерді тасуға арналған көліктерге де сондай шарт қойылады.
Жүк көліктері мен олардың тіркемелері шығарылған мерзімі мен меншік түріне қарай әр 12 ай сайын тексеріледі. Бұған дейін шығарылған мерзімі төрт жылдан аспаған жаңа автокөліктерді міндетті техбайқаудан босату көзделген еді. Енді техникалық тексеруден өткізудің уақыты алғашқы техбайқаудан әрі қарай жаңа енгізілген мерзімділік бойынша есептеледі.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда бірыңғай ақпараттық жүйенің көмегімен 37 мың автокөліктің тексерілгені жария етілген болатын.
Н.САҒАТҰЛЫ.