САЯЖАЙ ИЕЛЕРІНІҢ ТІЛЕГІ ЕСКЕРІЛЕ МЕ?
«Айтпаса, сөздің атасы өледі» дегендей, көкейді тескен, көмекейді бүлкілдеткен ой болғандықтан, бұл мақаланы көп тілегі қолында билігі бар азаматтар құлағына жетер деген үмітпен жазып отырмын. Болашаққа ұмтылған жан кейінгі өмірін аңсамайды десек те, қолда бар дүниенің азып-тозғанын көргенде өткенді еске оралтпай тұра алмайды екенсің.
Біздің балалық балдәуреніміз бен азамат болып атқа мінген кезіміз кеңестік дәуірмен тұспайлас келді. Кеңес кезеңінің бір кереметтілігі әрбір адам тағдыры ел тағдырымен байланысты болатын. Өткен ғасырдың 70-80 жылдарында белгілі бір жұмыс орнында еңбек еткен жан өз кезегімен көпқабатты үйден баспана алып, тұрғын үй мәселесін оп-оңай-ақ шешіп тастайтын. Сонымен қатар, әрбір ірі мекеменің өз қызметкерлері мен жұмысшыларына арнаған саяжайлық жерлері болды. Сырдың ыстық аптабы мен аңызағынан қашқандар жаз бойы демалыс күндерін осы саяжайларда өткізетін. Дарияны жағалай салынған «Сабалақ», «Арай», «Домостроитель», «Энергетик», «Весна», «Электрик» сынды саяжайлар сол дәуірдің игі нәтижелері. Осы саяжайлардың игілігін халық көрді де. Кейін заман тоқырап, ел экономикасы құлдыраған 90-жылдары бұл саяжайлар қараусыз қалды. Кезінде құлпырып тұрған саяжайлар құлазып қалған тұста ондағы жарық беріп тұрған электр желілері, бағаналары ұрланып, саяжайларға су келетін темір тұрбалар қолды болып кетті. Бүгінгі күні ел еңсесі тіктеліп, халқымыздың әл-ауқаты көтерілгелі өз еншілеріндегі саяжайларына қайта оралып, ондағы тірліктерін дөңгелете бастағандар саны көбейе бастады. Сондай саяжайдың бірі – Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданының шекаралас тұсында дария мен Сауранбай каналының иінінен орын тепкен «Весна» саяжайы.
Қазіргі таңда саяжайда 70-тен аса отбасы тұрады. Сырдария ауданына қарасты жерде орналасқандықтан саяжай тұрғындарының талап-тілектері жазылған арызды осы жылдың 24-сәуірінде ауданның бұрынғы әкіміне табыстаған болатынмын. Онда саяжай республикалық маңызы бар аймақ Қараөзек өткелінің тұсында орналасқандықтан бұл жердің тазалығына аса көңіл бөлу керектігі, электр желісін тарту, саяжай тұсынан аялдама, әжетхана салғызу, жол белгілерін орнату және оған дариядан аяқ су келтіретін арық қаздыртып беру сұралған болатын. Бұл талап-тілегіміз жартылай орындалып, осы тұста аудан әкімі өзгерді де жұмыс аяқсыз қалғандай болды. Сондықтан да мен екінші рет осы мәселелерді көтеріп, 24-шілдеде ауданның жаңа әкімі Ғ.Қазантаев мырзаға арыздандым. Оған аудан әкімінің орынбасары С.Нұртазаевтан жауап келді. Онда «Қызылорда-Жалағаш» автомобиль жолы «Автомобиль жолдары комитеті Қызылорда облыстық автомобиль жолдары департаментінің» теңгерімінде болғандықтан осы жолдың бойында орналасқан «Весна» саяжайының тұсына аялдама, әжетхана салу, автотрасса бойының тазалығын қамтамасыз ету бойынша сол мекемеге ұсыныстар жіберілді делінген. Бізге түсініксіз болып отырғаны аудан территориясындағы саяжай тұсынан бір әжетхана мен бір аялдама салдыру үшін біз облыстық мекемеге жүгінуіміз керек пе? Жер салығын Сырдария ауданына төлеп отырған саяжай егелері осыны түсінбей әуре. Ал, аяқ су мәселесі тіпті де шешімін таппай, саяжайлықтардың еткен еңбек, төккен терлері босқа кетті. Айналып келгенде, биылғы қол жеткізген жетістігіміз саяжайға электр желісінің тартылуы болды. Ендігі үмітіміз қалған тілектеріміздің де іске асырылар күні. Біздің білуімізше, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы жыл сайын қоршаған ортаны қорғауға да біршама қаржы бөлетін секілді. Сол қаржының тамшыдайын ғана осы қала төңірегіндегі саяжайларды абаттандыруға жұмсауға болмас па екен? Елбасымыз үкіметке берген тапсырмасында жаңадан гөрі ескі нысандарды жөндеу, соларды қалпына келтіруді бірінші кезекке қойып отырған жоқ па? Саяжайларын көркейту үшін шырылдап жүрген тұрғындар тілегін кім орындар екен?
М.ҚОШҚАРБАЕВ,
«Весна» саяжайының төрағасы.
Қызылорда қаласы.
ҚОҒАМ
17 қазан 2013 г.
1 247
0