«Қорқыт және Ұлы Дала сазы» фестивалі «Қорқыт ата» мемориалды кешенінде қорытындыланды. Қатысушы қонақтар мәдени кешен мен этноауылда болып, баба рухымен тыныстап, қазақ мәдениетімен танысты.
Кешен жанынан орын тепкен, көшпелілер өмірінен сыр шертетін ауылда ақшаңқан киіз үйлер қаз-қатар тізілген. Берекелі қазақ өмірін көрсететін ашық аспан астындағы көрмеде қазақ халқына тән мәдени құндылықтар қойылды. Түбі бір туыс халықтар қазақтың қолөнер бұйымдарын тамашалап, ұлттық ерекшеліктерге қанықты.
Шара аясында фестиваль қонақтарына қазақтың салт-дәстүрлері көрсетілді. Сыр өңірі ұлттық мәдениетіміздің қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан аймақтың бірі. Осы ерекшеліктерді елге таныстыруды мақсат еткен облыс өнерпаздары «Бесік салу», «Тұсаукесер», «Тілашар», «Айтыс», «Беташар» сынды салт-дәстүрімізді көрсетті. Туыс халықтардың ортақ мұрасына айналған кейбір құндылықтарымыздың ескірмей, ел есінде жаңғырғанына қонақтарда дән риза. Татарстаннан келген музыкант Айдар Валиев шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанына ерекше тоқталды. Сондай-ақ, әзербайжандық Бабек Гулиев даладағы қазақ ауылы керемет ойластырылған дүние екенін атап өтті.
Фестиваль қонақтарына «Қорқыт ата» кешенінің заманауи үлгіде жаңғырып, талапқа сай түрленгені ерекше әсер етті. Елбасы тапсырмасымен қайта жаңғыртылған ескерткіш алыстан «мен мұндалайды». Жан-жағы түрлі-түсті қиыршақ тастармен оюланған. Әрбір өрнектің өзінше мәні бар. Ең бастысы, көрген қонақтар ол жерден түркілік рухты, көшпелі өмірді сезінеді. Түркиялық Озкул Чобаноглы да осындай ерекше кейіптегі тарихи орынға деген таңданысын жасырмады. Ал өзбекстандық музыкатанушы ғалым Александр Жумаевтың қазақтардың қонақжайлылығына деген көңілі алабөтен.
– Фестиваль жоғары деңгейде өтуде. Бізді құшақ жая қарсы алды. Қорқыт баба басына әкелген қызылордалықтарға алғысым шексіз. Бұл жерден Оғыздар дәуірінің тынысын сезгендей болдық, – деді ол.
Үш күнге созылған фестиваль «Қорқытқа тағзым» атты гала-концертпен аяқталды. «Қорқыт ата» мемориалында өткен концертте түркі елдерінің мәдениет майталмандары өнер көрсетіп, туыс халықтардың әуенін асқақтатты. Шара аясында фестивальға қатысушылар марапатталды. Осылайша, Қорқытқа тағзым жасалып, түркі халықтарының сазы ұлықталды. Қобыздан шыққан сарын түркі даласында тербелді.
Азиз БАТЫРБЕКОВ.
Қармақшы ауданы