Мемлекет басшысының 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауына сәйкес, экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы – бірінші басымдық болып табылады. Жолдауда айтылғандай, біз цифрлық технологияны қолдану арқылы құрылатын жаңа индустрияларды өркендетуге тиіспіз. Бұл – маңызды кешенді міндет.
Елде 3D-принтинг, онлайн-сауда, мобильді банкинг, цифрлық қызмет көрсету секілді денсаулық сақтау, білім беру ісінде қолданылатын және басқа да перспективалы салаларды дамыту керек. Бұл индустриялар қазірдің өзінде дамыған елдердің экономикаларының құрылымын өзгертіп, дәстүрлі салаларға жаңа сапа дарытты. Осыған орай, Үкіметке «Цифрлық Қазақстан» жеке бағдарламасын әзірлеу және қабылдау тапсырылды. Біздің заңнамамызды жаңа жағдайға бейімдеу керек. Коммуникацияның дамуы мен оптикалық-талшықты инфрақұрылымға жаппай қолжетімділікті де қамтамасыз ету керек. Цифрлық индустрияны дамыту басқа барлық салаларға серпін береді. Сондықтан Үкімет ІТ саласын дамыту мәселесін ерекше бақылауда ұстауға тиіс.
Соңғы уақытта көптеген азаматтар интернетке көп көңіл бөледі. Заманауи ақпараттық ғасырда «электрондық үкіметтің» веб-порталын (www.egov.kz) пайдалану арқылы мемлекеттік қызметтерді алуға болады. Электрондық өтінішті тәулік уақытына, мереке және демалыс күндеріне қарамастан, кез келген уақытта, кез келген компьютер, планшет немесе интернетке кіру мүмкіндігі бар ұялы телефон арқылы жіберуге болады. Қызметті алу үшін үйден шығудың қажеті болмайды. Электронды өтінішті «Электрондық үкіметтің» веб-порталы арқылы (www.egov.kz) ғана жіберу жеткілікті. Әрі қарай Сіз өзіңіздің өтінішіңізді қараудың барысын бақылап отырасыз.
Порталдың мүмкіндіктерін жеке және заңды тұлғалар, кәсіпкерлер және шетел азаматтары пайдалана алады. Оның көмегімен: қызметті электронды түрде алуға, мемлекеттік қызмет туралы, оның алған орны, мемлекеттік баждың сомасы, көрсетілу уақыты мен құжаттардың үлгілері туралы ақпаратты алуға болады. Электронды мемлекеттік қызметтер уақытты үнемдейді: олардың кейбіреулерін толығымен үйде отырып аласыз, ал басқаларын белгіленген уақытта кезексіз аласыз.
ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 18 қыркүйектегі №983 қаулысымен бекітілген мемлекеттік көрсетілетін қызметтердің реестріне сәйкес, Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасымен 6 мемлекеттік қызмет көрсетіледі. Олар:
1. Іздестіру қызметіне лицензия беру;
2. Үлескерлердің ақшасын тарту есебінен тұрғын үй ғимараттарын салуды ұйымдастыру жөніндегі қызметке лицензия беру;
3. Жобалау қызметіне лицензия беру;
4. Құрылыс-монтаждау жұмыстарына лицензия беру;
5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі салаларында сарапшылық жұмыстарды және инжинирингтiк көрсетілетін қызметтерді жүзеге асыратын сарапшыларды аттестаттау;
6. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу.
Аталған 6 мемлекеттік қызметтің 5-еуі автоматтандырылған және «электрондық үкіметтің» (www.egov.kz) веб-порталы, электронды лицензиялау (www.elicense.kz) арқылы көрсетіледі. Тек бір ғана «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы жобаларды басқару жөніндегі ұйымдарды аккредиттеу» мемлекеттік қызмет қызметті берушінің кеңсесі арқылы көрсетіледі.
Мемлекеттік қызметті электрондық нысанда алу үшін, қызметті алушыға электронды цифрлық қолтаңба алу, сондай-ақ «электрондық үкіметтің» (www.egov.kz) веб-порталында тіркелуі қажет. Қызметті алушының мемлекеттік қызметті алу тәртібі мен мәртебесі туралы ақпаратты алуға және «электрондық үкіметтің» веб-порталынан «жеке кабинеті» арқылы қашықтықтан қол жеткізу режимінде мемлекеттік қызметті көрсетудің мәртебесін көруге, сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету мәселелері бойынша ақпаратты бірыңғай байланыс орталығы арқылы білуге мүмкіндігі бар.
Мемлекеттік қызметті көрсетудің нәтижесі бойынша ақпарат, қызметті беруші уәкілетті тұлғаның электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған электрондық құжат нысанында қызметті алушының «жеке кабинетіне» веб-портал арқылы жолданады. «Электрондық үкіметтің» (www.egov.kz) веб-порталы арқылы өтініш беру үшін қажетті құжаттар тізбесін және толықтай мағұлматты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 276 бұйрығымен бекітілген «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартынан» көруге болады.
Р.ЕСПЕНБЕТОВ,
Қызылорда облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының бөлім басшысы.