БАСТЫ ҰСТАНЫМЫМЫЗ – ТАЗАЛЫҚ, АДАЛДЫҚ

Сыбайлас жемқорлық – қоғамның дамуына ең үлкен кедергі. Сыбайлас жемқорлық бар жерде даму болмайды. Білім де, ғылым да, жаңа технология да дамымайды. Шынында да, қоғам қандай да бір жетістікке жету үшін тазалық, әділдік қажет.
Жемқорлық мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму инвестициялар тарту процесін тежейді. Демократиялық мемлекеттің саяси және қоғамдық институттарына кері әсерін тигізеді, елдің болашақ дамуына елеулі қауіп төндіреді. Сол себепті де еліміздің мемлекеттік саясатының негізгі басымдықтарының бірі сыбайлас жемқорлықпен күрес болып табылады.
Елбасы айқындаған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 13-қадамын жүзеге асыруға бағытталған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды реттейтін заңнаманы жетілдіру арқылы қоғамда парақорлықты жою, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау, сонымен бірге мемлекеттік аппарат пен өзге де салаларда сыбайлас жемқорлықтан туындайтын қатерлерден Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету көзделген. Қоғам дерті – сыбайлас жемқорлықпен күресуде Елбасы айқындап берген мақсатты орындауға атсалысуға мүдделіміз.
Басқару органдарындағы сыбайлас жемқорлық, қоғамдағы өзекті мәселелер, осы әлеуметтік қауіпті құбылыспен күрес бірқатар мән-жайларға байланысты. Сыбайлас жемқорлық азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарының бұзылуына әкеп соғады. Осы жемқорлықты болдырмау, оның алдын алу мақсатында қызметін өз дәрежесінде сапалы және уақытылы атқару оның қазіргі заманауи талаптарға сәйкестендіру барысында қазынашылық жүйесінде көптеген өзгерістер енгізілді.
Атап айтқанда, 2014 жылдан бастап қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесінде мемлекеттік мекемелермен «Қазынашылық клиент» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат алмасу қызметі толығымен іске асырылып келеді. «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесі – мемлекеттік мекемелер, бюджеттік бағдарламалар әкімшілері, уәкілетті мемлекеттік органдар, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және қазынашылық органдарының электронды құжат айналымының жүйесі, клиенттің Қазынашылық органдарына ұсынатын құжаттарды қабылдау және өңдеу жөніндегі функцияларды автоматтандыруды қамтамасыз етеді және қазынашылықтың біріктірілген ақпараттық жүйесінің құрамдас бөлшегі болып табылады. «Қазынашылық-клиент» ақпараттық жүйесін жетілдіру мақсатында жұмыс жасайтын ескі операциялық жүйенің орнына жаңа Каz Token, e Token, ja Carta электронды цифрлық қолтаңба құрылғылары енгізіліп, бүгінгі таңда барлық мемлекеттік, квазимемлекеттік мекемелер толығымен осы жаңа жүйемен жұмыс атқаруда.
Бюджет қаражаттарын атқару барысында санкцияланбаған іс-әрекеттерді болдырмау мақсатында мемлекеттік мекеменің басшылары мен бас есепшілері тарапынан осы енгізілген жаңа ЭЦҚ құрылғыларына өз деңгейінде толық жауапкершілікпен қарау бойынша да біршама жұмыстар атқарылды. 2016 жылдың 20 желтоқсандағы №674 Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің 2017-2021 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес қаржылық құжаттарды өңдеу уақытын кезең-кезеңмен 8 сағаттан 4 сағатқа дейін төмендету көзделген.
Қазіргі таңда облыс бойынша Қазынашылық департаметінде ҚР-ның «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл» заңына сәйкес іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті техникалық сабақтар жүргізіліп,  жадынамалар таратылды. Мемлекеттік қызметшілердің адал, мінсіз мемлекеттік қызмет атқаруға және қандайда бір құқық бұзушылыққа жол бермеуге, «Нұр Отан» партиясы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасының қатысуымен «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырылды. Бұқаралық ақпарат құралдарына 9 мақала жарияланды. Сонымен қатар, қазынашылық департаментінде және оның құрылымдық бөлімшелерінде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылыққа жағдай туғызатын фактілер анықталған жағдайда, сенім телефоны үздіксіз жүйелі түрде жұмыс істейді.  Қызметкерлердің  халықпен жұмыс жасауда мәдениеттілігі мен ашықтығы, жұмыс барысында заңдылықтың сақталуы күнделікті назарда ұсталады. Расында да, болашағымыз жарқын болу үшін таза қоғам құруды әрбір азамат өзінен бастауы тиіс.
Елбасымыз баршамызға ұлтқа мінсіз қызмет етудің лайықты үлгісін көрсетіп отыр. Сондықтан да, сыбайлас жемқорлыққа қарсы  тұру әрбір азаматтың басты міндетіне айналуы тиіс. Қайсыбір ұлтқа болмасын елін, жерін қастерлейтін болашақ тәрбиелеу маңызды. Бұл ретте Елбасы елге еңбегі сіңген, адал еңбек, маңдай термен биік белесті бағындырған тәуелсіздік тұлғаларын насихаттауға шақырды.
Біздің қоғамның ұстанымы – тазалық, әділдік, ашықтық. Осы ұстанымнан айнымайық.

Әуезбек ДҮЙСЕНБАЕВ,
Қызылорда облысы бойынша қазынашылық департаментінің басшысы.
ҚОҒАМ 30 қыркүйек 2017 г. 788 0