ҚАР ТАЗАЛАУДА ІРКІЛІС ЖОҚ

ҚАР ТАЗАЛАУДА ІРКІЛІС ЖОҚ«Кәрі құдаң – қыс келіп, әлек салды» дегендей, Жылан жылының қысы қызылордалықтарды айтудай-ақ әбігерге салуда. Аймаққа қар жылдағыға қарағанда кеш, яғни, желтоқсан айының соңына таман түсті десек те, кейде екі-үш күн қатарынан толассыз қар жауып тұрған кездер жиі қайталанды. Облыс орталығын осынау сіреу қардан тазарту жұмыстары «Қала тазалығы» ЖШС-ның үлесінде қалып отыр.
Газет тілшісі аталмыш құрылым директорының орынбасары Сейдалы Егембергеновпен тілдескен еді.
– Сейдалы Маханбетиярұлы, сіздердің серіктестік қала тазалығына жауапты болғандықтан, қардан тазалауға да жауапты боларсыздар?
– Әрине! Жасыратыны жоқ, биылғы қыс өте қиын болып тұр. Көп жылдардан бері болмаған жағдай туындап, қар артық мөлшерде жауып жатыр. Бірақ табиғаттың тосын мінезіне мойынсынбай мекеме қызметкерлері үздіксіз жұмыс жасап, қар басқан жерлерді уақытылы  аршып отырды. Әсіресе, соңғы аптада жауған қар біршама қиындықтар келтіруде.
– Жұмысты атқару үшін техника сай болуы керек қой...
ҚАР ТАЗАЛАУДА ІРКІЛІС ЖОҚ– Дұрыс айтасыз. Бұрынғы жылдары қар тазалау алты-жеті техниканың күшімен атқарылса, өткен жылы облыс әкімінің қолдауымен арнайы техникалар алынған болатын. Қазіргі таңда қосымша алынған 34 техника бекітілген кесте бойынша тиісті жұмыстарды атқаруда. Сонымен қатар қала тазалығымен айналысып, тұрмыстық қатты қалдықтарды таситын арнайы көліктер жұмыс уақыты аяқталған соң кешкі мезгілден түн ортасына дейін көше бойына үйілген қарларды қала сыртына тиеп шығаруда.
– Жаяу жүргіншілер мен аулаішілік жолдарды тазалау кімнің үлесінде?
– Негізінде көшені қардан тазалау қарқынды жүргізілгенімен, жаяу жүргіншілер мен аулаішілік жолдарды тазалау қиын болуда. Өйткені, бір қар, бір жаңбыр соңы аязға ұласып, олар көктайғаққа айналған. Оны арнайы техникалармен тазалау мүмкін болмағандықтан бұл жұмыстар қолмен атқарылуда. Сондай-ақ ол жолдарға құм, тұз себілуде.
– Қол жұмысын атқарушылар қосымша күш болар?
– Айта кетер жайт, қол жұмысын атқарушылар көше тазалығына жауапты жұмысшылар. Олардың басым бөлігі елуден асқан жандар десек, оның 70 пайызы әйел адамдар. Соған қарамастан, олар осындай қиыншылыққа түсіністікпен қарап, уақытпен санаспай жұмыс жасауда.
Осы мүмкіндікті пайдалана отырып айтарым, көшелер мен жаяу жүргіншілер жолдары және аулаларды қар мен мұздақтардан тазалау қала әкімдігінің назарында болып, арнайы техникалар мен жұмысшылар күші ортақ мақсат жолында жұмылдырылуда.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

ҚОҒАМ 04 ақпан 2014 г. 1 287 0