КЕҢЕСТІҢ КЕЗЕКТІ ОТЫРЫСЫ

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаменті жанындағы арнайы мониторингтік тобы және мемлекеттік қызметтердің сапасын бақылау жөніндегі ведомствоаралық кеңестің бірлескен кезекті отырысы өткізілді.
Отырыс барысында әкімшілік және жергілікті полиция, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы мемлекеттік қызмет сапасы қаралды.
Күн тәртібі бойынша жергілікті полиция қызметінің бастығы Б.Ибраев, әкімшілік полиция басқармасының бастығы А.Ахметов, ХҚКО басшысы А.Тобаева хабарлама жасады.
Күн тәртібіне сәйкес «10 қадам» жобасы аясында жүргізілген қоғамдық аудит қорытындысымен анықталған заң бұзушылықтар, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының аудандық филиалдарында көрсетіліп жатқан қызметтердің сапасына жүргізілген зерттеу жұмыстарының нәтижесінде анықталған кемшіліктер талқыланды.
Жергілікті полиция басшысы балалар тасымалымен айналысатын балабақша көліктері қайта жабдықталғанын айтты. «Сонда да балалар тасымалдайтын жүргізушілер тарапынан заң бұзушылықтар орын алуда. Осы уақытқа дейін 70-тен астам жол-көлік заның бұзғандарға хаттама толтырылды», – деді полиция полковнигі Б.Ибраев.
Енді жергілікті полиция мемлекеттік қызметтегі көліктерді де бақылауға алатын болады. Өйткені, демалыс күндері жеке жұмыстарымен жүрген қызметтік көліктер облыс орталығында көбейіп кеткен екен.
Кеңес мүшелері әкімшілік полиция басшысына, әкімшілік айыппұлдардың методикасына өзгерістер енгізуді және қадағалау жұмыстары жайында пікір қозғады. Кеңес  төрағасы Абзал Мұхимов алдағы уақытта әкімшілік айыппұлдарды өтеу жайын, жетілдіру жолдарын талқылауды ұсынды.
Кеңесте облыстағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмыстары да қаралды. Мәселен, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған аудандық халыққа қызмет көрсету орталықтарында санитарлық тазалық жағдайлары төмендеп кеткен. Мүгедектер үшін орталықтарда қолайлы жағдайлардың жасалмағандығы, ғимараттарда орналасқан ақпараттық стендтердегі мәліметтердің ескілігі, халыққа кезектілік талондарының берілмеуі, орындар аздығы және сапасыз қызмет көрсетілетіні анықталған болатын. Осыған орай, облыстық халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы А.Тобаева орын алған кемшіліктер бойынша түсініктеме берді.
Қоғамдық талқылауда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына баратын тұтынушыларға қоғамдық көлікті ұйымдастыру жайы сөз болды. Сондай-ақ, «Жүргізуші куәлігін беру» қызметі бойынша В1, С1, Д1, ВЕ, С1Е, Д1Е санаттары бойынша автоматтандырылған алаңда практикалық емтихан тапсыру үшін автокөліктер жоқ болып шықты.  
Отырыс қорытындысымен орын алған кемшіліктерді қалпына келтіру, халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы қызмет сапасының төмендігі бойынша тиісті шараларды қабылдап, кемшіліктерге жол берген тұлғалардың тәртіптік жауапкершілігін қарау ұсынылды.

Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.
ҚОҒАМ 29 қыркүйек 2017 г. 581 0