Бұл кез егіншілер қауымының еселі еңбектерімен ерекшеленетін шағы. Өйткені, дәл осы сәтте дала жұмыстары қызып, егін жинау науқаны аяқталар тұсқа жақындап қалды. Егістік алқаптарындағы жайқалған күріш сабақтары орылып, жал-жал дестеге айналған. Ал «дала кемесі» атанған комбайндар масақты дәнге айналдырып, тасымал көліктерін тоқтатпауда. Тасымал көліктері болса қырманды қызылға толтырып жатыр. Мұндай қызу еңбек «Қызылдихан» мен «БАҚ» шаруашылығында қарқынды жүргізілуде. Жақында қос шаруашылықтағы маусымдық жұмыстар барысымен танысып, мерейлі сәттерге куә болып қайтқанбыз.
ІСКЕР БАСШЫ – ТАҢДАУЛЫ АГРОНОМ
– Ә, тілші бала, келдің бе?! Көлікке міне бер, қазір шығамыз, - деген қос шаруашылық басшысы Алданберген Құлбаев кеңсеге кіріп, шықты да көлік тізгініне отырды. Кент орталығындағы гараждан шығып, қызу еңбек жүріп жатқан БАҚ шаруашылығының егістігіне бет алдық. Жол бойы биылғы егін жайын, маусымдық жұмыстар барысын сөз етіп келеміз. Бір байқағаным, Алданберген аға нағыз істің адамы және халықтың, еңбеккерлердің жанашыры екен. Байыппен айтқан әңгімеден шаруашылық еңбеккерлерінің жанкешті еңбегіне лайықты баға беріп, өз ісінің білгірі, жанашыр басшы екенін байқадым. Шаруашылық еңбеккерлері белсенді өндіріс басшысы жөнінде «Іскер азамат, тәжірибелі маман. Күрішті егіп, күтіп-баптаудың қыр-сырын жетік меңгерген. Дақылды ауруға ұшыратпай, әр атызға қанша көлемде тыңайтқыш себуді де нақты айтып отырады» дейді. Шындығында, жоғары білімді ғалым-агроном – істе шыңдалып, саналы ғұмырында егін егудің жай-жапсарына қаныққан жан. Ол аудан бойынша аталмыш саладағы тәжірибесі мол мамандардың бірегейі десек артық айтқандық болмас.
Іскер басшыға мол тәжірибе маңдай тер еңбектің арқасында келді. 1949 жылдың 5 қазан күні дүниеге келген Алданберген Бодыбайұлы «ғалым-агроном» мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтының агрономдық факультетін бітіреді. Жоғары білім алған соң жас маман еңбек жолын Шаған ауылындағы «Тереңөзек күріш» совхозында звено жетекшісі болып бастап, бөлімше агрономы қызметін де атқарады. Ал 1977-1985 жылдар аралығында 18 партсьезд совхозының бас агрономы болса, 1985-1990 жылдарда ХХІ партсъезд совхозының директоры, одан кейін 2 жыл аудандық ауылшаруашылық басқармасының бастығы қызметіне тағайындалған. Ұйымдастырушылық қабілеті жоғары іскер азамат Шіркейлі совхозының директоры, облыстық орман шаруашылығының бас директоры, Қалжан ахун шаруашылығының төрағасы, «Шапағат-Лимитед» ЖШС директорының орынбасары және директоры қызметтерін де абыроймен атқарды. Аталған қызметтерде ізгілікті із қалдырып, өнеге көрсеткен білікті басшы 2008 жылдың қараша айынан «Қызылдихан» ШҚ басқарып келеді. Оған қоса, 2013 жылдың сәуір айынан Қалжан Ахун ауылындағы «БАҚ» ШҚ құрып, жұмыс жүргізуде.
Ауыл шаруашылығы саласында 45 жылдан аса еңбек өтілі бар А.Құлбаев ілкімді ісі, тындырымды тірлігі үшін «Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет» орденімен, «Еңбектегі ерлігі үшін», «Астана» медалімен марапатталған. Ауыл шаруашылығы саласының майталманы Қызылорда облысының таңдаулы агрономы және Сырдария ауданының «Құрметті» азаматы.
Өмірі өнегеге толы жан бүгінде қос шаруашылықтың жұмысын үйлестіріп отыр. Бір емес, екі шаруашылықты басқарып, ауыл адамдарын жұмыспен қамтамасыз етуде. Кезінде шаруашылық жұмысы шатқаяқтағанда ауыл халқы сырттан жұмыс іздеп, жан-жаққа кетіп еді. Ал қазіргі таңда тұрақты жұмыс көзі, уақытылы еңбекақы болған соң көпшілік ауылға қайта оралып, еңбек етуде. Оның үстіне, қазір шаруашылықта жұмыс жасап жүрген жастар көп. Облыстың таңдаулы агрономы тәжірибелі мамандардың қасына жастарды қосып, үлгілі істерді үйретуге әркез мән беріп келеді. Осындай ұйымдастырушылықтың арқасында қос шаруашылықтың жұмысында ерекше жүйе, алға қарай ілгерілеу бар.
ДИҚАНДАР МЕРЕЙІ ТАСУДА
Аудандағы ірі шаруашылықтардың қатарындағы қос шаруашылықта биылғы жылы 1550 гектарға Сыр салысы егілген. Оның ішінде, «Қызылдихан» ШҚ-на 850 гектар тиесілі. Қазіргі таңда оның 600 гектары жиналған. Бұл шаруашылықта 4 бригада жұмыс жасайды. Бүгінде Аманжол Бәйімбетов бригадасы 160 гектарға егілген күрішті жинап бітірген. Орташа өнім 72,6 центнерді құрап отыр. Мұнда 40 гектар жерден 75 центнерден өнім алған Ерболат Асанов пен 53 центнерден өнім жинаған Нұраддин Шілдебаевтың мерейі үстем. Ал Нұрлан Бисембаев бригадасында аудан бойынша озаттардың алды көріне бастаған секілді. Мәселен, бригадада 4 диқанның күріштігі орылып болған. Озаттар көшін былтырғы жылы аудан бойынша алғашқы болып омырауына «Ы.Жақаев» төсбелгісін таққан Жанкелді Смайлов бастап тұр. Тәжірибелі күрішші 32 гектардан 104 центнерден өнім алған. Одан кейін гектарына 98 центнерден астық жинаған Садық Маханов, 96,7 центнерден өнім түсірген Икрам Айтбаев, 94 центнерден астық алған Ғабит Үсенбаевтар озаттар қатарында. Негізі, бригаданың еншісінде 280 гектар күріштік алқап бар.
Нұрсұлтан Мусаев бригадасына да 280 гектар жер тиесілі. Мұнда әзірге Сәбит Өскінбаевтың 36 гектар жері бастырылған. Ол өзіне берілген күріштіктен 87,6 центнерден қамбаға астық құйған. Шаруашылықтың төртінші бригадасының бригадирі - Сәрсенбай Қожанов. Қазіргі таңда бригаданың 130 гектар жерінде күріш бастыру жұмысы қызып тұр.
Осы күні «БАҚ» ШҚ-ның 700 гектарының 500 гектары орылып, бастырылған. Мұнда да ырыс-несібесін егіс алқаптарынан теруді мақсат еткен дала майталмандарының мерейі тасуда. Олардың ішінде, Бақыт Күшікбаев бригадасының диқаны Батырбек Сарыбаев көш бастап тұр. Ол 36 гектар күріштіктің әр гектарынан 95,5 центнерден өнім алып отыр. Ал Сұлтанбек Жұмаділов бригадасында күрішшілер Қуаныш Махатов, Сәрсенғали Байтохаев, Темірхан Сағымбаев және Айбек Әбдуахитов мол өнімге қол жеткізген. Негізі, осы бригада қарамағындағы 300 гектар жер нашарлау екен. Алайда, шаруашылықта 1976 жылдан бері қажымай еңбек етіп келе жатқан С.Жұмаділов бригадир болғалы бері жақсы өнім жиналуда. Тәжірибелі маманның біліктілігі мен ұйымдастырушылығының арқасында жұмыс жүйелі жүргізілуде. Қалжан ахунның тумасы үстіміздегі жылы көп жылғы бейнеттен кейін құрметті зейнет демалысына шықпақшы.
Жалпы, осы күні әзірге «Қызылдихан» ШҚ-ның орта өнімі 88 центнерді, «БАҚ» ШҚ-ның орта өнімі 67 центнерді құрап отыр. Әлі қамбаға құйылатын астық барын ескерсек, бұл көрсеткіш өсетіні анық.
ЖАТКИСТЕР ЖҮР ЖАРЫСЫП...
Дала қосына жеткенімізде іскер басшы А.Құлбаев биылғы жылы да межеден асатынын сөз етті. Әсіресе, тәжірибелі маман жал-жал дестелер арасында жатқан күріш дәнін уыстап алып тұрып өнімнің мол болатынын сеніммен айтты.
– Күріш бабында. Пакостың қалыңдығын көрмейсің ба? Қолға ұстасаң өзі білініп-ақ тұр. Салмақты. Сондықтан мол өнімге қол жеткізуге ниеттіміз, - деді Алданберген Бодыбайұлы.
Расында, биылғы күріштің бабында екенін дәнге толы масақтардан білуге болады. Қатар-қатар жатқан күріш дестелері жалпақ және қалың. Оның түзулігі де көз тартады. Атыздықта жайқалған Сыр салысын осындай дестеге айналдырып жүрген небәрі 3 комбайн. Күрішті сабағынан қырқып, жүйткіп жүрген «Магдон» жаткаларының тізгінінде озат жаткистер отыр. Атап айтар болсақ, қос шаруашылықтың барлық күрішін оратын Хасен Нұрманов, Әбсадық Маханов, Әлібек Мықбаев – белгілі механизаторлар. Маусымдық жұмыс кезінде олардың қарқыны көз ілестірер емес. Үшеуі қатар жүріп, аз уақыттың ішінде бір атыздан екіншісіне көшіп кете барады. Аталған жаткистердің соңғы екеуі өткен жылы нәтижелі еңбегі үшін автокөлік мінген болатын.
ӘР МИНУТ ҚЫМБАТ...
Жаткистерден кейін күріш бастырып жатқан дала еңбеккерлеріне жеткенімізде оларды әрең дегенде тоқтатып алдық. Себебі, осы сәттің олар үшін әр минуты қымбат.
Қос шаруашылық бойынша күріш бастыруға 3 Палессе, 1 Торум және 1 Нью холланд комбайндары бар. Дала кемелерін Әбілдә Жаманқыз, Жасұлан Нұрымбетов, Уәлихан Қарсақбаев, Сәбит Ахметов және Арғынбай Майбасар басқарып жүр. Бұлар да күріш атыздығына бір мезетте түсіп, жарыса жұмыс жасауда. Егін жинау науқанында олардың тоқтамастан еңбек етуінің де жөні бар. Өйткені, науқанда қызу еңбекке араласса, нәтижесі де жаман болмасы анық.
– Күріш бастырушылардың жұмысы қарбалас. Өзің көргендей, оларды әрең дегенде тоқтатып аламыз. Егін жинау науқанында оларға әр центнерге 60 теңге төленеді. Оның 20 теңгесі қасындағы көмекшісінің еңбек ақысы. Енді науқан кезінде дала еңбеккерлері 10 мың центнерден күріш бастырса, нәтижесін есептей беріңіз. Ал біздің майталмандар әр жыл сайын 25-30 мың центнерден астық бастыруды қамтамасыз етеді, - деді таңдаулы агроном.
ТЫНЫМСЫЗ ТІРЛІК ТАСЫМАЛДА
Егінді төкпей-шашпай жинап алуда тасымалдың маңызы зор. Қырманға барар көше бойында 5-10 минут сайын тасымал көлігін көресің. Бір немесе қос тіркемемен олар да жарысып жүр. Ал егістік алқапта тасымалшылар қатар-қатар тізіліп, кезегін тағатсыздана күтеді. Дала кемелері тіркемені астыққа толтырса болды, қырманға бет алып, жүйткиді дерсің...
Қазіргі таңда шаруашылықта 11 тасымал көлігі жұмыс жасауда. Серікбол Бекішов, Ержан Маханбетов, Оралбай Балабаев, Әскербек Төлегенов, Қайрат Қалиев, Дүйсен Көрпелдесов, Мейірбек Ыдырысов, Жасұлан Мұстафаев және Мұрат Махановтар белсенді тасымалшылар. Олардың ішінде Серікбол Бекішовтың еңбегін ерекше атап өтуге болады. Егін егу жұмысынан бастап тракторымен шапқылап жүретін озат механизатор қос шаруашылықтың тыңайтқышын бір өзі сеуіп шығады. Маусымдық жұмыс кезінде де ол күндіз-түні трактор тізгінінде.
ШӨПШІЛЕР ДЕ ШИРАҒАН
Білікті басшы аудан халқына жыл сайын мал азығы – шөп дайындап беріп отыр. Жоңышқа және шөп пресс бастырып, халыққа қолайлы бағада сатуда және еңбеккерлеріне де үлестіріп беруде. Іскер азамат шөпті сырттан келіп сұраушылар көп дейді. Алайда, алдымен ауыл тұрғындарының сұранысын қамтамасыз етіп бермек. Сол үшін 46 жылдық еңбек өтілінде А.Құлбаев науқан кезінде алғашқы рет механик пен дәнекерлеушіні шөп бригадасына қосып қойған.
Бүгінде шөп бригадасында да қызу еңбек. Асылбек Қожахметов пен Қайрат Байтөреев қос жаткамен престеуге жоңышқа немесе шөпті орып қояды. Ал Қанат Байкенжеев пен Мұхтар Ахметов жаңадан алынған Ростселмаштың «Тукан 1600» пресстегішпен мал азығын дайындауда. Оны тұрғындарға қос тіркемелі 3 трактор жеткізіп береді. Яғни, күніне алты тіркемемен шөп халықтың қорасына түсіп жатыр. Қазіргі таңда егінді жинап бітірген бригадалар осы шөп бригадасында көмекте жүр. Мұны «Күрішті ерте жинап бітіріп, үйінде тынықса да болады. Бірақ алдағы айда да еңбекақы алса, бала-шағасының несібесі ғой» дейді Алданберген аға.
ДАЛАДА ӘН, ҚЫРМАНДА ДӘН
200 адам жұмыс жасайтын екі ірі шаруашылықтың астығы О.Мәлібаев елді-мекеніндегі қырманға түседі. Бұл қырман жұмысын ауылдарға келген инвестор «Жан-Арай» ЖШС төрағасы Б.Махашев аудан әкімдігімен келісе отырып бастады. Заманауи талаптарға сай күріш тазартуға арналған қырман шаруашылық жұмысына серпін беруде. Мұнда сыйымдылығы 2000 тоннаны құрайтын қойма және техникаларға арналған гараж бар. Сондай-ақ, мұнда элеватор мен автокөлікке арналған таразы орнатылған. Және де 60 адамға арналған асхана құрылысы жүргізілуде. Биылғы жыл асхананың төбесі жабылып қойылған. Оған қоса, осы жылы күріш тазалағанда шаң соратын аппарат орнатылған. Жобалық құны 600 млн. теңгені құрайтын қырман алдағы жылы толық іске қосылатын болады.
Қырманда күріш тазалау жұмыстарында 14 адам жұмыс жасайды. Олар екі ауысым бойынша еңбек етеді. Қырман меңгерушісі Сейфулла Анасов науқанда қызу тірлік жүріп жатқанын айтады.
– Қырман қызылға толып жатыр. Оларды тазарту жұмыстарын міндетке алғанбыз. Қара күрішті шөп-шалаңнан тазарту үшін элеваторда 5 аппарат жұмыс жасап тұр. Оның біреуі 1 сағаттың ішінде 25 тонна күрішті тазартуға қауқарлы. Тазартылған күріш 4 камазбен күнделікті қалаға жіберіліп отыр, - дейді қырман меңгерушісі. Тазарту жұмыстарында мамандар Батыржан Дүкенбаев, Қоныс Жақсылықов, тракторист Қалтай Әкбаровтардың еңбегі ерен. Осы тұста, еңбеккерлерге күнделікті тамағын әзірлеп беріп отырған аспазшы Кенже Шаденованы да атап өткен жөн.
– Кеңес үкіметі кезінде қырманға күніне 1000 центнер күріш түссе, 100 сом беретін. Қазір күніне 3500 центнер астық келеді. Осы күні қос шаруашылық бойынша 52 мың центнердей астық жиналды. Міне, нағыз еңбек. Заманауи техника, еңбек майталмандарының жанкештілігінің арқасында жыл сайын межеленген жоспар үдесінен шығып келеміз. Олар құт қамбаға алтын дәннің еселеп артуына себепші болып отыр. Сондықтан биылғы жылы да жақсы нәтижеге қол жеткіземіз, - деген қос шаруашылық басшысы күн райы қарасып тұрса, алдағы айдың басында науқанды тәмамдайтынын нық сеніммен айтты.
Түйін
Міне, қос шаруашылықта несібесін жерден іздегендер тынымсыз тер төгіп, еңбектің жемісін көруде. Олар қамбаны қызылға толтырып, мол өніммен мерей биігінен көрінбек. Ол үшін тәжірибелі, ұйымдастырушылық қабілеті мол басшы ерекше еңбек етуде. Сонымен қатар, дала еңбеккерлерінің де жанкешті жұмысының орны бөлек. Сондықтан нағыз еңбек адамдарының мәртебесі жоғарылайтынына, жұмсаған күштің, төккен тердің, еселі еңбектің зор нәтижесі болатынына сенімдіміз. Ендеше, еңбеккерлер мейір үстем болып, қырман тасысын!
Ердос СӘРСЕНБЕКҰЛЫ.
Сырдария ауданы.